2003 жылдан бері 10 қыркүйекте әлемнің барлық елдерінде өз-өзіне қол жұмсаудың алдын алу мен оны болдырмауға бағытталған шаралар өтеді. ДДСҰ есебіне сәйкес, суицидке көбіне жастар барады.
Бұл мәселе біздің елімізде де өзекті. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметі бойынша, жыл басынан бері 1 828 отандасымыз өз өмірін қиған болса, олардың 342-сі 15 пен 29 жас аралығында. Әсіресе ерлер әйелдерге қарағанда 4-5 есе көбірек өмірлерімен ерте қоштасқан. Не себепті жастар суицид жасауға әуес, оларды мұндай қадамнан қалай құтқаруға болатынын белгілі демограф Аяулым Сағынбаева Biz.kz сайтының тілшісіне айтып берді.
Еске салсақ, былтыр Алматыда үш баласын бірдей терезеден лақтырып, артынша өзі де секіріп кеткен келіншектің әрекеті көрген жанның жүрегін ауыртып, жанын түршіктірді. Мұндай қатыгездікке жоқшылықтың кесірі тигендігі кейін мәлім болды.
Демограф жастардың соңғы кездері бейкүнә сәбилерді өзімен бірге алып, қасақана жоғарғы қабатты пәтерлерден секіріп түсу үрдісі трендке айналып бара жатыр дейді. Мамандардың зерттеулеріне сүйенсек, аталған факторлар көбінесе қаражаттың жетіспеуінен туындайды екен.
– Жолдасынан зәру көрген, бір басындағы бірнеше несиенің кесірінен қарызға белшесінен батқан шарасыз әйел өзін және туған балаларын өлтіру арқылы бар проблема шешіледі деп ойлайды.
Жалпы жастардың өз-өзіне қол жұмсауының бірнеше себептері бар. Атап айтсам, әлеуметтік-экономикалық тұрақсыздық, отбасылық жағдай, өзіне деген сенімсіздік не болмаса махаббаттың құрбаны болу сынды жеке басының мәселелері өмірімен ерте қош айтысуға итермелейді.
Осындай жағдайларды алдын алу үшін психологтардың жұмысын нығайту керек. Алғашқы көмек көрсететін «call орталықтардың» тәулік бойы жұмыс істеуін қадағалау және олардың санын көбейту қажет. Халықтың әл-ауқатын жақсарту арқылы аталған мәселені шешуге болады,- дейді Аяулым Сағынбаева.
Демогроф жалпы өз-өзіне қол жұмсау өлім-жітім себептеріне жатпайды дейді. Сондықтан суицид факторы айтарлықтай еліміздің демографиялық жағдайына әсер етпейді екен.
– 2022 жылы қаңтар-маусым аралығын алып қарайтын болсақ, өзін-өзі өлтіру жазатайым жағдайдан улану немесе жарақаттан деген өлім себептеріне жататын фактор болып табылады. Жылдың басынан бастап алғанда өз-өзіне қол жұмсау 17,9% болса, жалпы өлім-жітімнің 1,4 %-ын құрап отыр.
Соңғы кездері интернет желілерінде кәмелеттік жасқа толмаған қыз балалар зорлық көргендіктен, өз-өздеріне қол жұмсап, өмірден ерте қол үзіп кетіп жатқандарын көп көретін болдық. Сондықтан жоғары сынып оқушыларына, колледж, университет студенттеріне психологиялық тренинг өткізетін арнайы кабинеттердің ашылуы, ата-ана мен баланың арасын жақындату мақсатында түрлі шаралар өткізу керек. Естеріңізде болса, 2013-2014 жылдары «синиий кит», «emo, «got» сынды ойындар шыққан болатын. Әлеуметтік желілер арқылы жастардың бойына шетелдік субмәдениеттің қалыптасуы қатты әсер беруі мүмкін.
Жасөспірімге дейінгі жастағы балалар, жасөспірімдер отыратын интернет аккаунттарға мониторинг жасап отыру керек.
Расымен, жастардың болашағына қатты алаңдаймын. жастардың арасындағы өз-өзіне қол жұмсауды азайту үшін
Ал балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидті білім беру саласына ғана жүктеп қоюға болмайды. Бұған ел болып ат салысуымыз керек. Елімізде демографиялық саясаттың болмауы, демография саласындағы уәкілетті органның болмауының салдарынан аталған мәселелерді оңай шеше алмаймыз. Айналып келгенде демографиялық мәселелерді мемлекеттік органдарға жеке-жеке бөліп тастамай, бір уәкілетті ұйымға осы процестерге мониторинг жасайтын белгілі бір мемлекеттік органның осы саланы топтастыратын нормативтік құжат болу керек. Бұл жайында түбегейлі зерттеулер көбею керек. Дегенмен қазіргі таңда бұл жалпы қоғамның жазылмас дертіне айналып отыр.
Бұқаралық ақпарат құралдардың, әлеуметтік желілер инстаграм, ютуб, тик-ток т.б. беретін әсерін тек жастарға ғана емес, бүкіл халыққа тигізер әсерін зерттеу керек. Зерттеулердің қорытындылары бойынша мемлекеттік бағдарламалардың жоспарына түрлі өзгерістер еңгізу қажет. Кибербуллингтің әсерінен өз-өзіне қол жұмсайтындардың саны күн санап өсіп жатыр.
Кез келген мәселе отбасыдан басталады. Сондықтан бала мен ата-ананың арасындағы қарым-қатынастың дұрыс түзілмеуі суицидке итермелейді. Қарапайым мысал келтірсем, ажырасу процесінен ең бірінші бала зардап шегеді. Ажырасқан отбасыны немесе бір ата-анасын қайғылы жағдайда жоғалтқан отбасыларға қоғамда ерекше көзқарас қалыптасу керек.
Тек суицид салдарынан қайтыс болғандардың санын ғана емес сондай-ақ өзіне қол жұмсауға әрекеттенгендердің де санын біліп, ерекше зерттеуді қажет етеді.
Меніңше, суицид бүкіл демографиялық процестердің арасында ерекше орын алмайды. Себебі суицид бүкіл әлемнің басты дерті. Қай елде жастардың саны орташа есептен көбірек болса, сәйкесінше сол аймақта суицид факторы да жоғары болады. Себебі жастар депрессияға бейім. Қазіргі таңда жастардың саны өсуде. Сондықтан жастардың әлеуметтік ахуалын көтеру керек. Атап айтсам, жұмыспен қамту, білім беру сынды әлеуметтік мәселелерін көтеру, яғни өмірде өз орнын табуға мүмкіндік жасау.
Қазақстандағы суицидтің себептері қандай?
Психолог мамандардың айтуынша, суицидтің себептері әртүрлі. Дегемнен, елімізде көбінесе суицидке итермелейтін негізгі себеп – жалғыздық болып табылады. Бұл – депрессия ауруының белгісі.
«Адамның өз-өзіне қол жұмсаған орнына қарап, оның қандай себептен өмірімен қоштасқанын аңғаруға болады. Мысалы, бала үйінде суицид жасаса, отбасында кикілжің болуы мүмкін. Ал, өлім орны мектеп болса, демек сыныптастарымен келіспеушілік болған немесе оқу үлгерімінде қиындықтарға ұшыраған болуы мүмкін», – деді «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ президенті Маргарита Өскембаева.
Мамандардың айтуынша, Қазақстандағы суицид статистикасына сенуге болмайды. Себебі, біздің қоғамда өз-өзіне қол салғандарды немесе соған әрекеттенгендерді айыптап, сыртынан ғайбаттау көп. Осыны ескергендіктен марқұмның жақындары өлім себебін суицидпен байланыстырмауға тырысады. Демек, кей деректер арнайы статистикаға ілінбей қалады.
Әбдіраш Балжан