Тербесе әулиелік бесігінде
Құдайдың күмән бар ма шешімінде,
Алаштың пірі болған бабамыздың
Кие бар Марал деген есімінде.
Баянғали Әлімжанов
Жақында Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «…Әйгілі Марал ишанның Кенесары ханға сыйлаған Құраны табылды. Бұл – еліміздің рухани өміріндегі елеулі оқиға. Марал ишан барша қазаққа танымал адам болған. Ол – төл тарихымызда ерекше орны бар Кенесары ханның үзеңгілес серігі. Бұл Құран екі ғасыр бойы қолдан қолға өтіп, ақыры шетелге шығарылған екен. Оны жанашыр азаматтардың, меценаттардың көмегімен Қазақстанға қайтарып алдық. Құранда Марал ишанның және Кенесары ханның мөрі бар. Жәдігерге жан-жақты сараптама жасалды. Отандық және шетелдік ғалымдар Құранды мұқият зерттеді. Құранның, расында, Марал ишанға тиесілі болғаны және Кенесары ханға берілгені анықталды» – деп жаңалығымен бөліскен болатын.
«Иә қаншама уақыт өткен соң қасиетті кітап Отанымызға қайта оралды. Құтты болсын! Хан Кененің заманындай елдің имандылығын нәсіп етсін. Қазақтың бейбіт өмірі қияметке дейін мәңгі болсын. Кенесары хан бабамыз Аллаға сенген намазын тастамаған. Елін жерін қорғаған халқын соңынан ерте білген тұлға. Сондықтан бұл қуанышты хабарды жақсылықтың нышаны деп білеміз. Осы қасиетті кітаппен бірге елімізге құт береке дарысын» – дейді Егемен Қазақстан газетіне шыққан материалында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы.
Халқымыз әулие-абыздар мен ишан атағына ие болған тұлғалы жандарды қатты қадірлеген. Олардың есімдері алты алашқа жайылып, бүгінгі күнімізге дейін ұмытылмай келеді. Солардың бірі 1780 жылы дүниеге келген, өз заманында «үш жүздің пірі» атанған, әулиелігімен танымал болған, өмірі рухани мұраға толы, Ислам дінінің рухани шамшырағы, діни тұлға Марал ишан Құрбанұлы (1780-1841 жж.).
Қызылжарда туып, Жам тауында оқып, Сырда өмір сүріп, ел-халқына өлшеусіз еңбек сіңірген ғұлама діндар бабамыздың туғанына биыл 243 жыл. Арада қанша уақыт өткенімен Марал ишанға деген құрметіміз артпаса, кеміген емес. Өйткені әулиенің ескіріп көнермейтін құнды дүниелері, тағлым-тәрбиеге толы ғұмыры, халқымыз үшін атқарған өлшеусіз еңбегі біздерді имандылыққа, білімділікке, отансүйгіштікке, сондай-ақ ұлтжандылық секілді имани ұлы мінездерге қарай жетелейді. Марал ишан жайында бүгінгі күнімізге дейін көптеген мағыналы мақалалар, маңызды кітаптар жазылып келеді. Мақсат – сыр мен Арқаның рухани шамшырағы болған діндар тұлғаны ұрпаққа таныту.
Ишан деген кім?
Дінтанушы ғалым Мұхан Исахан: «Ишан – дін жолындағы кім-көрінге берілетін атау емес. Ишан болу үшін арнайы діни мектепте оқып, діни ұстаздан теориялық білім алып, оны тәжірибесімен сабақтастырып, рухани ілімді жан-жақты игеру шарт. Рухани ілімді толық игерген кемел адам ғана ұстазынан иджаза (диплом) алып, ишан атанып, бұл ілімді паш етуге рұқсат алған кісі» дейді.
«Қазақ даласында әр ғасырда қалың елге аты мәшһүр – Мүсірәлі ишан, Қосым ишан, Марал ишан, Айқожа ишан, Аппақ ишан, Ахмет ишан, Әбілақым ишан, Керей ишан, Қожаназар ишан, Тілеулес, Әзілхан ишан, Сүлеймен ишан, Оспан ишан, Өтеп ишан, Ақмырза ишан, Шабар ишан, Досжан ишан және т.б. да көптеген ишандар өмір сүрген. Олардың әрқайсысы сөз жоқ өткен тарихымызда Алаш жұртына рухани қызмет еткен діни тұлғалар болатын. Өкінішке қарай, ХХ ғасырдың басында Кеңес үкіметінің орнауымен дін адамдары қуғындалып, ишандық мектеп ауыр соққыға ұшырады» – деп жазады М.Исахан.
Марал ишан Кенесары ханмен бөле
«Қызылжардың Обаған өзенінің алқабында, «Қайран көл» деген жерде Марал ишан 1780 жылы дүниеге келген. Марал әкесінен тоғыз жасында жетім қалады. Әкесі Құрман Кенжебайұлы Абылай ханның емшісі әрі батыр болған кісі. 1740 жылдары Жоңғар қонтайшысы Қалдан-Церен, тұтқынға түскен Абылай сұлтанмен келісім жасасып, оған екі қызын береді. Елге келген соң Абылай кіші қызды емшісі Құрманға қосқан екен. Сол қыздан Құлжа, Арал, Марал деген үш бала туылады. Марал ишан Кенесары ханмен бөле» деп жазады тарихшылар.
Бала Маралдың Ақмешітке сапары
Марал әкесінен тоғыз жасында жетім қалады. Он үш жасында анасымен бірге Ақмешітке (Сыр бойына) келеді. Негізгі мақсаты – білім іздеу болады, бірақ қаржысы жоқ, жоқшылықтың зардабын шегеді. Кейін Сыр бойындағы Құланбай ишанның үйін паналайды. Ишан да көзі қарақты кісі болса керек. Марал сол үйдің жалшылығында болып, малын бағып жүре береді. Бір күні Құланбай түнектегі қойды көре кетейінші деп бұрылса, қараңғы түнде қой ортасындағы алаңдағы жарықты көреді. «Бұл не қылған шам» деп таңырқап келіп қараса: ұйықтап жатқан қойшы бала Маралды және оның үстіне аспаннан түсіп тұрған сәулені көрген екен. Баланың қасиетіне көзі жеткен Ишан оған өзінің қызын атастырады. Болашақ күйеу баласын Жалаңаяқ ишанның тұрған жеріне аттандырған екен.
Марал ишан оқыған медресе
Сөйтіп, Марал ишан Жам тауындағы мешіт-медресенің ғұламасы, атақты әулие Жалаңаяқ ишаннан оқыған екен. Тарихшы Сәден Нұртайұлы «Ислам және Марал баба» атты өзінің тарихи еңбегінде Жам тауын қазіргі Тәжікстан Республикасының Қаттақорған қаласынан батысқа қарай 70, ал Бұқар қаласының шығысынан 50 шақырым жерде орналасқан деп мәлімет келтірген. Жалаңаяқ ишан зерек Марал бабамызды жақсы көріп, құрметтеп, шәкіртін қадірлеген деседі. Марал ишан оқуға өте зерек, шәкірттер арасынан айрықша дараланып, әдептілігімен көзге түскен, өте тақуа, ұстазының көптеген сынағынан сүрінбей өткен алғашқы шәкіртерінен.
Тарихи деректерге сүйенсек ұстазы жеті жыл бойы дәріс берген жүз бір шәкіртінің жүзін жетінші жылында қайтарып, жалғыз Марал ишанды тағы да үш жыл алып оқытқан екен.
Саяси сауатты ишан
Оқудан келгеннен кейін Қызылжарда мешіт салдырған. Кейбір деректерде Сыр өңіріне қайта келген кезінде жеті мешіт салдырғаны, Кенесары бастаған ұлт азаттық қозғалысында діни басшы болғаны айтылады.
1821 жылы ол өзін императорға жолықтыруын сұрап, Орынбор әскери генерал губернаторы П.Г.Эссенге және Сібір әскери бөлімінің бастығы генерал П.М.Капцевичке хат жолдаған.
«Бабамыздың қыр мен Сырға кең жайылған ата-даңқы, отаршыл орыс үкіметінің үрейін алды. Оның іс-әрекеті орыс ұлықтарын қатты абыржытып, әрбігерге салды. Қазақ-орыс арасындағы саяси мәселелерді Марал бабамыз келіссөз арқылы шешуді көздеді. Осы мақсатпен ол Омбыға Керей болысының ақсақалы Байсал арқылы екі хат жібереді. Біреуі Орынбор әскери губернаторы Эссенге, екіншісі, Сібір жеке корпусының командашысы Капцевичке жолданды. Татар мәнерінде жазылған екі хаттың да мағынасы бірдей» дейді профессор Аманжол Күзембайұлы.
Хатында қазақтарды зорлап шоқындыруға, құнарлы жерлерді тартып алуға қарсылық білдірген. Біз бұдан ишанның саяси да сауатты екенін аңғарамыз.
Ишанның тағы да бір елге жасаған қызметі қазіргі тілмен айтсақ дәрігерлік еңбегі. Ишанның медреседе діни іліммен қатар дәрігерлікті қоса меңгергені. Қазіргідей аурухана, дәрігер, дәрі-дәрмектің жоқ кезінде талай науқасты дәрілік шөптермен қатар, дем салу арқылы елдегі талай ауруларды емдеп жазған.
Кенесары хандығының рухани көсемі
Ғұлама ғалым, әулие-ұстаз Марал ишан бабамыздың біз білмейтін қыры Ғазауат (ұлт азаттығы үшін күрес) соғысын жүргізуі.
«Бұл соғыс 1822 жылы патша үкіметі «Сібір қырғыздарының (қазақтарының) Уставы» атты Заң қабылдап, қазақтың ұлттық, діни дербестігінің көрінісі болып табылатын хандықты жоюға кірісті. Мұны ол орта жүзден бастайды. Оны 8 округке бөліп, үкімет тағайындаған аға сұлтан басқаратын етті. Осылайша Қазақ елін ойрандап, зорлық-зомбылық жасады, дініне ауыз салды. Бұған шыдамаған қазақ халқы ұлт-азаттық күреске шықты. Кенесары хан көтерілісті бастап, орыстарға қарсы шайқасып жатқан кезде, Марал ишан Құсмұрын атырабында «Ғазауат» деп аталатын дін соғысын жүргізді. Бұған ең алғаш себеп болған нәрсе – осы Қосмұрын өңірінде орыстардың қазақтарды еріксіз шоқындыруы еді. Сартай, Шақшақ батырларымен тізе қосқан бұл шайқаста бірнеше бекіністерді талқандап, халық ризашылығына бөленеді» – дейді С.Нұртайұлы өзінің тарихи зерттеу еңбегінде.
Кенесары хандығының рухани көсемі ретінде Марал ишан шақырылған екен. Кенесары әскерінің жеңіске жетуіне, халық алдында беделінің артуына әулиенің де үлесі болған екен.
«Марал бабамыз қолбасшыларға әр уақыт дұға етіп, ақ батасын беріп отырады. Көтеріліске қатысушыларға діни басшылық жасау үшін Марал хан сарайының Кеңес құрамына кіреді. Кенесары көтеріліс бастап, бодандыққа қарсы шайқасып жатқан кезде Марал ишан Батыс-Сібір мұсылмандарының діни басшысы болады. Бұдан былай даулы мәселелер шариғат үкімі бойынша шешіліп отырды. Қазақ қосынына рухани демеу көрсетіп, кей жағдайда өз бойындағы керемет қасиеттерімен де көмектеседі. Кенесары әскерінің бірсыпыра жеңістерге жетуіне, халық алдында беделінің артуына әулиенің көп үлесі тиеді». (Нұртайұлы С. Ислам және Марал Баба. – 1996. – 92 б.; 31-б.).
Марал ишан қозғалысы діни сипатта болғанымен отаршылдыққа қарсы ұлт-азаттық соғыс екендігін мойындауымыз қажет, дейді зерттеуші тарихшыларымыз.
«Өкінішке орай, діни қозғалыс деген желеумен ғылыми зерттеуден тыс қалған бұл проблеманың біздің білгенімізден білмегеніміз көп екендігі белгілі. Бұл тақырып терең зерттеуді, тың деректерді ашуды, шетелдік мұрағаттардағы құжаттарды елге әкелуді, сөйтіп, діни қозғалыстарды ұлт-азаттық күрестің бір тармағы екендігін дәлелдейтін уақыт жетті» деп есептейді тарих ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Күзембайұлы.
Марал ишан қайда жерленген?
Құрбанұлы Марал ишан 1841 жылдың жаз айында 61 бір жасында Арқада бақилық сапарға аттанған. Ишанның анасы Қызылорда облысы Қармақшы маңындағы Қараөзек бойындағы «Қамыр» деген қорымға қойылған. Анасы тірісінде баласына өсиет етіп «Алла қаласа сен де осында келесің деген екен» дейді.
Анасының өсиетін орындау үшін Арқада ақыретттік сапарға аттанған Марал ишанды жермен Сыр бойына алып келіп анасының қасына арулап жерлеген. Марал ишан мен оның анасының үстінен екі бөлмелі етіп, өте қарапайым түрде үй там салынған. Өйткені бұл кісінің өмірі қарапайымдылықпен өтіп, өмір бойы қолынан, көңілінен түсірмеген Құранның нұрынан нәр алған кісі екені даусыз. Қазіргі таңда бұл қорымды «Марал ишан қорымы» – деп атап кеткен.
Атам қазақ «Артына екі қараған еш нәрсесін жоғалтпайды» – деген. Тарихи жәдігерлерімізді қалпына келтіріп, өткен ғасырларымызда өмір сүрген тұлғаларымызды еске түсіріп ұрпаққа таныту мақсатында көптеген игі шаралар атқарылуда. Рухани өресі биік азаматтарды тәрбиелеу үшін рухани ұлы тұлғаларымызды кеңірек насихаттағанымыз жөн.
Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ