Бүгін Абай Хәкімнің «Сегіз аяқ» атты өлеңін оқып, терең ойда қалдым. Әсіресе, бақсы-балгерлер туралы бір ойланып, сараптау жасап алуыма түрткі болған бақсылық туралы жолдар тіпті өзгеше.
Болашақты болжау, балгерлікпен айналысу – дінімізде құпталмайтын амал екені баршаға мәлім. Шаңырағын шариғатпен өріп, тал бесігін тәрбиемен тербеген біздің бабаларымыз да көріпкелдікті жат санайтын. Сол себепті Абай атамыз: «Моласындай бақсының, жалғыз қалдым тап шыным», – деген.
Абай осылай «жалғыз қалдым» деп туысқандары мен жақындарынан айырылып, жалғыз қалғанынан айтып отырған жоқ. Себебі өзі «Атадан алтау, анадан төртеу, Жалғыздық көрер жерім жоқ» дейді. Абай «Ағайын бек көп. Айтамын ептеп. Сөзімді ұғар кісі жоқ» болғаны үшін жалғыз қалып отыр. Сондықтан да жалғыздықтан жаны жабырқап, құлазыған кезін Абай «бақсының моласымен» салыстыра отырып суреттейді.
Ал, бірі білсе, бірі білмес, балгерлікпен айналысатын адамдардың мәйітін мұсылмандардың моласынан аулаққа көметін болған екен. Абай осыны меңзеп отыр. Ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор, академик, абайтанушы Ғарифолла Есім бақсылық туралы: «Қазақ үшін бақсы ұнамсыз адам. Бұл туралы Абай: «Моласындай бақсының. Жалғыз қалдым, тап шыным», – дейді. Қазақ екі адамды өлгенде ортақ зиратқа жерлемейді. Бірі – бақсы, бірі – өзіне-өзі қол жұмсаған адам», – дейді. [Қараңыз: Ғарифолла Есім. «Тұлғалар – қаламгерлер».247-бет. Астана. «Фоллиант». 2013 жыл]
Абайдың шәкірті, ақын Шәкәрім Құдайбердіұлы өзінің «Мұсылмандық шарты» атты төл еңбегінде: «Бақсы, балгер туралы пайғамбардың хадисі мынау: «… және біреу бір бақсыға бал ашқызып соның айтқанына нанса, анық кәпір болды. Құранға нанбағаны үшін», – дейді. [Қараңыз: Шәкәрім Құдайбердіұлы. «Мұсылмандық шарты». 22-бет. Алматы. 1993 жыл]
Кейін, Шәкәрім атамыз бақсыларға бару харам екенін айта келе, дұрыс емшілікпен айналысатын адамдарға барып емделуді насихаттап: «Оқып білген дәрігерге емдетпек сауап, обал емес», – дейді. [Қараңыз: Шәмшат Әділбаева, «Хадис – ғұрпымыз, сүннет – салтымыз». 220 бет.Алматы 2011 ж]
Бақсылық, балгерлік тақырыбы жазушылардың шығармаларында да көрініс берді. Қоғамымызда кең тараған үдеріс болған соң, бұл тақырып қараша халыққа ақ-қараны ажырату мақсатында жазушыларымыз үшін өзекті тақырыптардың бірі болды. Мысалы, Төлен Әбдік ағамыздың «Өліара» романында: «Надан бақсы-балгерлердің емінен талай аурулар құрбан болуда. Мәселен, Жарбөгеттегі Оспан қожа ішірткі жазып, үшкіріп, дем салып адам емдеген, соған ақша алған. Жазылған бір адам жоқ, өлсе құдайдың бұйрығы деп қазекең кешіре салады», – деп, надан молдаларды ажуалайды. Ал Сұлтанмахмұт Торайғыров «Кім жазықты» атты өлеңмен жазылған романында:
«Қалада бақсы-балгер, хазіретке,
Әжібай «дуа қыл» деп күнде барар.
Үшкіртті тұз, мейіздің талайларын,
«Ақтыққа» хазірет алды талай малын.
Ешбірі ем болмады, ерегісті,
Ауыз бен қылса дағы оңай бәрін», – деп сауатсыз бақсыларды келеке етеді.
Ал Абай дәстүрін әрі қарай жалғастыра отырып, қазақ поэзиясына өзінше соны соқпақ, ерекше түрен сала білген Мұқағали ақын өзінің «Бал аштырған» деген өлеңінде былай дейді:
«Мен алғаш ауылымнан аттанарда,
Апарып көршідегі қарт бабаға.
Маған деп байғұс әжем бал аштырып,
Болашақ тағдырымды тартқан алға.
Байғұсым бар ырымды қарастырған,
Бабадан бата сұрап, бал аштырған.
Байыптап құмалағын Байбаба шал,
Әйтеуір жақсылыққа жанастырған.
- Балаңыздың бақыты ашылып тұр,
Гүл бітеді жолына, шашылып нұр.
Бәле-жала басына жоламайды,
Ақ періште жар болып, жасырып тұр.
Кедергісіз өтеді асулардан,
Жүрегінде күдік бар жасыра алман…
…Ата сөзін жадыма түйіп алып,
Аттанып ем ауылдан басымда арман.
Кедергісіз асқам жоқ асулардан,
Бар бақытым әзірге басымда арман.
Алты адым ауылдан шықпай жатып,
Аударылып арбамыз, басым жарғам.
Жуа бітті жолыма, гүл бітпеді,
Ақ періште мен үшін дүрлікпеді.
Атам айтқан күдіктен арылмастан,
Аяқтармын сапарды тірліктегі.
…Алжып кеткен атамның құмалағы,
Алдап мені ой-қырға қуалады.
Ақ батасы, әйтсе де, адал еді,
Соны ойласам жүрегім қуанады».
26.X.1972.
[Қараңыз: Мұқағали МАҚАТАЕВ. Көп томдық толық жинағы. 2 том 199 бет. Алматы. Жалын. 2013 ж]
Яғни, ақын сауатсыз бақсылардың әрекетін келемеждеп, оларға сенбеуге шақырады. Шариғатты өміріне басшы етеді. Себебі,
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім көріпкелге барып, одан бір нәрсе сұраса және айтқанын растаса, оның қырық күн намазы қабыл болмайды», – десе, тағы бір сөзінде: «…кімде-кім тәуіпке барып, айтқан сөзін растаса, Мұхаммедке түскен (Құранға) қарсы шыққан болады», – деген.
Шариғатымызда, мұндай іспен айналысқан адамды дінбезер деп, шайтани әрекетінен тиылуға шақырады. Осы тірлігінен тыйылмай көз жұматын болса, мұсылмандар бейтіне қойылмайды. Ол дегеніңіз, мұсылман емес екенін аңғартады.
Нұрлыбек САБЫРҒАЛИЕВ,
Халықаралық Журналистер одағының мүшесі