Бірнеше мәрте ұйымдастырылған «Жусан» операциясы барысында 607 адам елге оралды. Оның 413-і – бала. Бесіктен белі шықпай жатып басынан соғыс, зорлық-зомбылық пен аштықты көрген жеткіншектермен мамандар әлі де жұмыс істеп жатыр. Жуырда Батыс Қазақстан облысындағы «Самал» туристік лагерінде «Бақытты бала» атты жазғы лагерь ашылды. Онда «Жусан» операциясы барысында елге оралған 7-13 жас аралығындағы ұл-қыздар жолдама алды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
БАЛАЛАР ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ӨМІРГЕ БЕЙІМДЕЛЕ АЛДЫ МА?
Лагерьдегі балалардың елге оралғанына орта есеппен 2-3 жыл болған. Қазір жүздерінен бір кездері еріксіз арқалаған соғыстың ауырпашылығының ізі байқалмайды. Жазғы сауықтыру алаңының жұмысы негізінен ұлттық құндылықтарды дәріптеп, қазақи тәрбие беруге бағытталған.
«Лагерьді ұйымдастырудағы мақсат – соғыс аймағынан келген бүлдіршіндердің бойына қазақи құндылықтарды сіңіріп, өзіміздің дәстүрге бейімдеу. Ұлттық спорт түрлеріне үйрету. Демалыс барысында ұлдар тоғыз құмалақ, асық ату, арқан тарту сынды тағы басқа ойындар ойнайды. Бұл шараға білім басқармасы мен Орал қалалық спорт бөлімі де барынша атсалысып жатыр. Қыз балаларға қазақ халқының ұлттық тағамдарын әзірлеу тәсілдері көрсетілді. Олар құрт, жент сынды тағы басқа тамақ түрлерін жасап көрді. Қыздардың қатарында мұндай тағамдарды әзірлеу тәсілін бірінші рет көргендер де бар.
Барлық адамның көзқарасын 100 пайыз өзгерту мүмкін емес. Балаларға үйдегі ата-аналары көп әсер етеді. Мәселен олар Сириядан оралған бетте қара киім кисе, қазір түрлі-түстіге ауыстырған. Жалпы алғанда балалар оңалып қалған. Зайырлы өмір салтына бейімделіп келе жатыр. Олар сурет салады, музыка тыңдайды. Кейбірінің бойында психологиялық жарақат әлі де бар, сезіліп тұрады. Бірақ оны түзету уақыттың еншісінде деп ойлаймын. Бастапқыда лагерьге келгенде балалар үйлеріне кеткісі келді. Бірер күннен кейін бәрі өзгерді. Оларға жазғы сауықтыру алаңы ұнайды. Барлығы мектеп жасындағы балалар. Мінездері ашық, өзгелермен қарым-қатынас жасауға келгенде қиналмайды», — дейді Батыс Қазақстан облысы дін істері басқарамасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» басшысының м.а Мейрамбек Қабдоллин.
Ұйымдастырушылар балаларды киіз үймен де таныстырған. Оқушылар көшпенділердің баспанасы қалай құрылатынын көрді. Ересектерге көмектесіп, уақытты қызықты әрі пайдалы өткізді. Күн сайын халқымыздың шежіресінен сыр шертер тарихи кинолар көрсетіледі. Сонымен қатар жергілікті тарихи-өлкетану мұражайына көрме ұйымдастырылмақ.
САУЫҚТЫРУ ШАРАЛАРЫ ЖАЛҒАСАДЫ
3 жылдан бері үздіксіз өткізіліп келе жатқан сауықтыру жұмыстары әлі де жалғасады. Лагерьде балалармен күн сайын Қазақстандағы ең мықты психолог және теолог мамандары жұмыс істейді.
«Біздің басты мақсатымыз балалармен психодиогностика және оның нәтижесіне қарай психокоррекция өткізу. Елге оралған жеткіншектердің арасында дарынды ұл-қыздар да бар. Әрқайсысын жеке адам ретінде қарастырсақ өте қызықты тұлғалар кездеседі. Біз бұл балаларды ең алғаш рет 2019 жылы «Жусан» арнайы операциясы барысында көрген едік. Кейбірінің жүзіне үңіліп, шошығанымыз рас. Өйткені олар кішкентай кезінен өте ауыр трагедияны, соғысты бастан кешірді. Адамды мұндай психологиялық жағдайдан алып шығу өте қиын. Ал қазір бәрі өзгерді. Бәрі балалық кейіптеріне оралғандай әсер қалдырады. Ойнайды, күледі, өмірге құштар. Мұның барлығы мамандардың еңбегінің жұмысы. Бастапқыда «зұлымдықты көрген балалардың бойынан агрессия ғана байқалады» деген пікірлерді жиі естідік. Мен бұл оймен келіспеймін. Себебі қазір балалардың мінез-құлқында агрессия байқалып тұрған жоқ», — дейді психолог-сарапшы, ҰҚК отставкадағы подполковнигі Лола Шакимова.
БАЛАЛАР ҚАЗАҚ ТІЛІН ӘЛІ ДЕ ЖЕТІК БІЛМЕЙДІ
Жазғы сауықтыру алаңында Батыс Қазақстан облысында тұрып жатқан 16 бала демалуда. Ұйымдастырушылар лагерь жұмысы келер жылы да жалғасын табатынын айтты.
«Балалар қазақ тілінде сөйлеуге тырысады. Әнұранды жаттап алған. Қазақ тіліндегі әндерді айтады. Арасында орысша, ағылшынша, түрікше, арабша сөйлейтіндері де кездеседі. Суретті жақсы салатындар да бар. Таңдаған бояулары керемет. Бастапқылармен салыстыруға келмейді. Сириядан оралған уақытта олар қара түстерге ғана басымдық беретін. Суреттерінен қорқыныш, күйзеліс көрініп тұрды. Ал қазір оң динамика байқалады. Себебі бірінші кезекте олардың өмірі жақсы жағына өзгерді. Біз бұл балалармен үнемі онлайн, офлайн жұмыс істеп келеміз. Пандемия уақытында да бұл жұмыс тоқтаған жоқ», — дейді практик-психолог Ақмарал Абдукеева.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, Сирияда әлі де Қазақстан азаматтары бар. Содырларға еріп, жат жерде опат болғандар жайында есеп жоқ. Қазақстанға қайтарылған 413 балғынның 34-і – тұл жетім. Әкесі немесе анасынан айырылғандар да баршылық.