Қазақстанда бірнеше санат бойынша азаматтарға мемлекет тарапынан тегін баспана беріледі. Сол баспаналар оны алған адам қайтыс болғанда мемлекетке қайтарыла ма деген сұрақ жиі қойылып жатады. Осы орайда ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Tengrinews.kz редакциясының мемлекет есебінен берілетін тегін баспана туралы сұрақтарына жауап берді.
Қазақстанда мемлекет есебінен кімдерге тегін үй беріледі?
Мына азаматтар ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 13-бабы 8-тармақшасына сәйкес мемлекеттік тұрғын үй қорынан өздері тұратын тұрғын үйлерді меншігіне тегін алуға құқылы:
- ҰОС ардагерлері, егер ардагер қайтыс болса, оны тегін алу құқығы оның отбасы мүшелеріне өтеді;
- 1 және 2-топтағы мүгедектер;
- Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, басқа да радиациялық апаттар мен азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегі авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтар мен оқу-жаттығуларға тікелей қатысқан адамдар;
- Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен ҚР азаматтары;
- КСРО-ны қорғау кезінде, әскери қызметтің өзге де міндеттерін басқа кезеңдерде орындау кезінде немесе майданда болуға байланысты ауруға шалдығу салдарынан, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттерде әскери қызметін өткеру кезiнде жаралану, контузия алу, мертiгу салдарынан мүгедек болған әскери қызметшілер;
- Арал маңындағы экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен ҚР азаматтары;
- Теріс себептер бойынша қызметтен шығарылған әскери қызметшілерді және қызметкерлерді қоспағанда, күнтiзбемен есептегенде жиырма және одан да көп жыл еңбек сiңiрген әскери қызметшiлер, сондай-ақ арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері;
- «Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы» ҚР Заңында көзделген жағдайды қоспағанда, арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткеру кезінде қаза тапқан арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің немесе əскери қызметшісінің отбасы мүшелері, еңбек сіңірген жылдарына қарамастан, əскери қызмет өткеру кезінде қаза тапқан əскери қызметшінің отбасы мүшелері, сондай-ақ қаза тапқан адамның еңбек сіңірген жылдарына қарамастан, ішкі істер органдарында қызмет өткеру кезінде қаза тапқан ішкі істер органдары қызметкерінің отбасы мүшелері;
- Ғарышкерлікке кандидаттар және ғарышкерлер. Тұрғын үй берілген ғарышкерлікке кандидат, ғарышкер қаза тапқан жағдайда, оны өтеусіз алу құқығы қаза тапқан адамның мұрагерлеріне ауысады;
- Саяси қуғын-сүргiн құрбандары, сондай-ақ «Жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау туралы» ҚР Заңына сәйкес ақталған, мүгедектігі бар немесе зейнеткерлер болып табылатын саяси қуғын-сүргiндерден зардап шеккен адамдар;
- Ішкі істер органдарының күнтiзбелiк есеппен жиырма және одан да көп еңбек сiңiрген жылдары бар қызметкерлері және теріс себептер бойынша қызметтен шығарылғандарды қоспағанда, қызметтен шығарылған және күнтiзбелiк есеппен жиырма және одан да көп еңбек сiңiрген жылдары бар қызметкерлер, сондай-ақ күнтiзбелiк есеппен он және одан да көп еңбек сiңiрген жылдары бар және мүгедек балаларды асырап-бағып отырған қызметкерлер құқылы. Ішкі істер органдарының берілген қызметтік тұрғын үйді жекешелендіруге құқығы бар зейнеткері қайтыс болған жағдайда, жекешелендіру құқығы қайтыс болған адамның отбасы мүшелеріне өтеді.
Кезекпен тегін берілген баспана оны алған адам қайтыс болса мемлекетке қайтарыла ма?
ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңында белгіленген жағдайларда коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйлер жалға алушылардың меншігіне өтеусіз беріледі.
Азаматтар өтеусіз негізде жекешелендірген тұрғын үй жалдаушының және онымен тұрақты бірге тұратын барлық отбасы мүшелерінің ортақ бірлескен меншігіне өтеді. Осыған орай, негізгі меншік иесі қайтыс болған жағдайда жекешелендірілген тұрғын үй отбасының қалған мүшелерінде сақтала отырып, мемлекетке қайтарылмайды.
Баспана отбасы мүшелеріне қалу үшін не істеу қажет?
Өтеусіз негізде жекешелендірген тұрғын үй жалдаушының және онымен тұрақты бірге тұратын барлық отбасы мүшелерінің ортақ бірлескен меншігіне өтуіне байланысты негізгі меншік иесі қайтыс болған жағдайда, тұрғын үй отбасының мүшелерінде қалады.
Сонымен қатар, тұрғын үйдің негізгі меншік иесі мен отбасы мүшелері өзара келіскен жағдайда, оны сату шарттарын айқындай отырып, еркін сатуға, сыйға тартуға, айырбастауға, басқа адамдарға мұраға қалдыруға, кепілге беруге, ҚР заңнамалық актілерінде тыйым салынбаған өзге де түрде билік етуге құқылы.