Сұрақ: Тақлиди иман дегеніміз не?
Жауап: Араб тілінде «тақлид» сөзінің мағынасы «алқа тағыну» және «қылыш асыну» дегенді білдіреді.
Шариғи мағынасына келер болсақ, «тақлид» деп өзгелердің пікірі мен іс-әрекеттерін ақыл таразысына салмастан қош көріп, құптап, соған еруді, еліктеушілікті айтамыз. Ал, дербес ізденбестен белгілі бір ғалымның көзқарасы мен әрекетін дұрыс деп білушіні – «муқалид» деп атайды.
Нағында, Ұлы Жаратушы әрбір адам баласына Хаққа қалай сенуді, діндегі харам мен халалды анықтауды өздеріне тапсырмаған. Хақ Тағала Құран-кәрімде: «Білмесеңдер білім иелерінен сұраңдар» (Нахл, 43) деп, ақидада – мутакәлимге, фиқһта – фақиһке, ихсанда – шайхыға (ихан ілімінің иесі) жүгінуге шақырған.
Егер, иман шарттарын және харам мен халалды әркім өзі анықтауы тиіс болса, онда мұқым мұсылман баласына ғылыммен шұғылдануы керек болатын еді. Ал, ол мүмкін емес нәрсе. Өйткені, Жаббар-Хақ адам баласының бәрін дін ғалымы етіп жаратпаған. Осы себептен де, Алла-тағала қалың бұқараны «Білмесеңдер білім иелерінен сұраңдар» деп діни мәселелердің жауабын дін мамандарынан алуға үндеген. Яғни, шариғатымыз бойынша жалпы көпшілік мәзһаб ғұламаларына (мужтаһидтерге) еруші – «муқалид» болып саналады.
Ал, кәлам ғылымындағы «тақлиди иман» деген мәселеге келер болсақ, ақылға жүгінбей һәм діни дереккөздерге сүйенбестен, әке-шешесі мен өскен ортасына еліктеп Аллаға иман келтіруді айтамыз. Яғни, жұрттың «Алла – Хақ, Мұхаммед (с.ғ.с) Оның Елшісі» деп айтқанын құлақпен естіп, көзбен көріп, соларға еріп, еліктеп иман келтіру – тақлиди иман болып саналады.
Тақлиди иманның қалыптасуына «дұрыс сезімдер» (хис-салим: есту, көру, иіс сезу, дәм сезу, түйсіну) ғана әсер етеді. Бірақ, тақлиди иманда діни дереккөздерге қанығу (хабари-тауатир) және ақылмен (ой-пікір, қисын, тұжырым) дербес ізденушілік болмайды. Егер, адам хис-салим, хабари-ахад және ақылмен иман келтірсе, оның дәрежесі йақини (айқын) иман болар еді. Сол себепті, тақлиди иманды ғұламалардың көпшілігі әлсіз иман деп таныған.
Жалпы, тақлиди иманға қатысты ғұламалар арасында әртүрлі көзақарастар бар. Имам Ағзам Әбу Ханифа, Имам Мәлік, Имам Әузағи, Суфиян Сәури, Матуриди, Нәсафи секілді ғұаламалар тақлиди иманды шынайы иман ретінде қабылдаған. Бірақ, олар тақлиди дәрежесіндегі иман келтірушіні Алланың бар екеніне діни дереккөздерге сүйеніп, ақылмен дәлел келтірмегені үшін жауапты (күнәқар) деп білген. Тек, муғтазали ғұламалары тақлиди иманды мойындамаған. Олардың пайымынша ақылмен расталмаған иман шынайы иман болып саналамайды.
Қазақтың ұлы ағартушылары Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев, Ш.Құдайбердіұлы және т.б. ғұламалар тақлиди иманды «әлсіз иман» деп бағалаған. Олар өз шығармаларында тақлиди иманды жалпы көпшіліктің иманы деп көрсетіп, мұсылман үмбетін йақини (айқын) иман дәрежесіне көтерілуге үндеген.
Десе де, жұртқа еліктеп иман келтірушілерді мұсылмандықтан шығармаған. Яғни, біздің де көпшіліктің иманына күмәнмен қарап, сынды қатты (мүшрік, мулхид, тәкфир) айтуымызға болмайды.
Мұхан Исахан