– Руслан Айдарұлы, өзіңіз басқарып отырған орталықтың жұмысына тоқталып өтсеңіз?
– Қарағанды облыстық конфессияаралық қатынастарының проблемаларын зерттеу және талдау орталығы деструктивті діни ағымдардың әрекеттеріне қарсы тұру жұмысын дамытуды көздейді.
Бұл кезекте біз көпшіліктің санасында радикализм идеяларына қарсы берік иммунитетті қалыптастыру, сонымен қатар өңір тұрғындарының қоғамдағы толеранттылық пен конфессияаралық келісімді нығайту және дін саласындағы мемлекеттік саясатты тұрғындарға жүйелі түрде жүргізілуін қамтамасыз етеміз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Бізге қазақ халқының мемлекет құрушы ұлт ретіндегі рөлін ескере отырып, ұлтаралық келісім мен дінаралық түсіністікті нығайтуды жалғастыру қажет» деп атап көрсеткен болатын.
Сондықтан дін саласындағы жұмыстарымыздың мақсаты – мемлекеттің зайырлы негіздерін нығайтуға, Қазақстан халқының дәстүрлі құндылықтарын дамытуға, конфессияаралық қатынастардағы өзара түсіністік пен ынтымақтастыққа және де діни экстремизм мен радикализм идеяларына қарсы тұруға бағытталды.
Көпшіліктің санасында радикализм идеяларына қарсы берік иммунитетті қалыптастыру, сонымен қатар өңір тұрғындарының қоғамдағы толеранттылық пен конфессияаралық келісімді нығайту жөніндегі дін саласындағы мемлекеттік саясатты түсініп, қолдауы үшін біз тұрғындармен жүйелі жұмыстың жүргізілуін ұдайы назарда ұстаймыз.
– Өңірдегі ақпараттық-түсіндіру тобының жұмысы туралы айта кетсеңіз.
– Біз ақпараттық-түсіндіру топ құрамының сапасына ерекше назар аударамыз. Қазіргі таңда облыста барлығы 173 адамнан тұратын 19 ақпараттық-түсіндіру тобы бар.
Олардың құрамында дінтанушылар, діни қызметшілер, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың қызметкерлері бар.
Өткен жылы олар 128 593 адамды қамтыған 2 208 ақпараттық-түсіндіру іс-шараларын өткізді, облыс тұрғындарымен өткізілген ақпараттық-түсіндіру іс-шараларына республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мамандары, сонымен қатар республикалық дәрежедегі теологтар, дінтанушылар, психологтар, сарапшылар қатысты.
Біз теологтардың, имамдардың, мемлекеттік қызметшілердің, ақпараттық-түсіндіру топтары мүшелерінің біліктілігін арттыру бағытындағы жұмысты да жүзеге асырамыз. Ол үшін республикалық деңгейде белгілі сарапшылардың қатысуымен жыл бойы оқыту семинарлары ұйымдастырылады. Біздің ойымызша, мұндай семинарлар жалпы діни білім деңгейін көтерумен қатар, тұрғындардың әр түрлі санаттары, әсіресе діни деструктивті ілімдерді жақтайтындардың әсеріне түсу қаупі жоғары адамдар арасындағы алдын алу жұмыстарын жетілдіруге ықпал етеді.
– Жастар арасында экстремимзмнің алдын алуда қандай жобалар жүзеге асырылуда?
– Жастар арасындағы жұмысқа да ерекше назар аударылуда. Мәселен, студент жастар арасында жыл сайынғы «No extremism! No terrorism!» кең ауқымды акция, «Зайырлылық – қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылықтың іргетасы» дебаттық турнир өткізілді. Діни сенімдегі студенттер үшін «Жусан» операциясының аясында қайтып оралған әйелдермен кездесулер ұйымдастырылды, олар жастарға Сирия аумағындағы белсенді ұрыс аймағына жалған жолмен қалай тап болғандарын түсіндіріп, өздерінің ДАИШ (Қазақстанда тиым салынған) ұйымындағы бақытты өмір туралы үміттерінің ақталмай, негізсіз болып шыққанын әңгімелеп берді. Бұл кездесуге қатысқандарға эмоционалдық түрде қатты әсер етті.
– Қазіргі уақытта теріс діни ағымды жақтаушылар әлеуметтік желілерде белсенді секілді.
– Дұрыс айтасыз, олар интернетті, әлеуметтік желілерді, «WhatsApp» мобильді мессенджерін белсенді қолданады. Ондағы материалдар көбінесе жастарға бағытталған. Осыны ескере отырып, біз әлеуметтік желілерге тұрақты түрде мониторинг жүргізіп, талдау жасаймыз.
Алдын алу мақсатында 2019 жылдан бастап «Kazdream technologies» қоғамдық бірлестігімен бірлесе отырып діни экстремизм мен терроризмге қарсы материалдарды «Facebook», «ВКонтакте», «Instagram» әлеуметтік желілерінде жүйелі орналастырып отыруды жүзеге асырдық.
Сонымен қатар «Онлайн» режимінде тұрғындармен кері байланыс орнату үшін арнайы «WhatsApp арнасының» жұмысы жолға қойылған.
Өткен жылы дін және дінаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру тақырыбында барлығы 1855 материал БАҚ және интернет-ресурстарда жарияланды.
Бұқаралық ақпарат құралдарындағы дін мәселелері жөніндегі материалдардың мақсатты бағыттағы сипатта болуы үшін оған үстірт қарамай, біздің тарапымыздан құрылған журналистер пулымен тығыз жұмыс жүргізуді жалғастырып келеміз.
– Конфессия өкілдерінің қайырымдылық акциялар өткізудегі белсенділігі қандай дәрежеде?
– Конфессия өкілдерімен өзара тығыз қарым-қатынас жасау жолға қойылған, сондықтан олар қайырымдылық акцияларына, бірлескен қоғамдық іс-шараларға жиі қатысады. Осыған орай, «Мектепке жол» республикалық акциясын өткізу барысында облыс мешіттері әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларынан 1000 баланы кеңсе тауарларымен қамтамасыз етті; православие шіркеуі көп балалы 10 отбасына 1 миллион теңге көлемінде материалдық көмек көрсетті; рим-католиктік епархиясы 200-ден астам баланы оқу жылына дайындап, оларды мектепке қажетті құралдармен қамтамасыз етті.
Біздің дін саласындағы мемлекеттік саясаттың міндеттерін іске асырудағы жұмыста үкіметтік емес сектормен ынтымақтастыққа тірек артпай, алдымызға қойған мақсаттарға жету мүмкін еместігі өткен жылда тағы да дәлелденді.
Олармен ынтымақтасу жұмысқа білікті мамандарды тартуға, діни экстремизмге қарсы іс-қимыл және оның алдын алу жұмыстарын жетілдіруге және кеңейтуге мүмкіндік берді. Болашақта да діни бірлестік өкілдерімен жан-жақты қарым-қатынастарды дамыту біздің жұмысымыздың басты басымдықтарының бірі болып қалады.
Бұл орайда өткен жылы қабылданған Қазақстан мұсылмандарының имандылыққа, адамгершілік принциптеріне негізделген «Жеті рухани қазық» рухани тұғырнамасы да өз септігін тигізбек деген ойдамыз.
Мұның барлығы қоғамның нығаюына және халықтың, оның ішінде діни негізде де жікке бөлуге тырысатын күштерге қарсы тұруға ықпал етпек.
– Соңғы сауал, Қарағандының бүгінгі діни ахуалы туралы не айтасыз?
– Қазіргі уақытта Қарағанды облысында негізгі дәстүрлі діндерден де, дәстүрлі емес діндерден де тұратын 317 діни ұйымдар мен бірлестіктер қызмет жасайды.
Облыс тұрғындарының 99,0%-ы өңірдегі ахуалды қолайлы деп санайтындығы да нәтижелі жұмыс жасаудың нәтижесі болып отыр. Тұрғындардың әртүрлі санаттарының арасында дін саласындағы заңнамамызды, деструктивті діни ағымдар идеяларының таралуының алдын алу және олардың ықпал етуінің тәсілдерін, ең бастысы, оларға қалай қарсы тұруды түсіндіру жөніндегі ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жетілдіруге көп көңіл бөлінуде.
Біз алдымызға қойған мақсаттарға жету үшін барлық конфессиялармен және азаматтық қоғамдық институттармен, тұрғындармен, әртүрлі мемлекеттік және мемлекеттік емес құрылымдармен тікелей жұмыс жүргізіп келеміз
– Сұхбатыңызға рахмет.