«Пақыр» сөзі тіршілік етуі үшін дүние-мүлкі де, өнер-кәсібі де жоқ адамды білдіреді. Ғалымдардың бір бөлімі, аятта зікір етілген пақырдың хәлі мискіннен жақсы десе, енді бір бөлім ғалымдар керісінше айтады. Екеуінің синоним сөздер екендігі де айтылып, ал Құранда екі сөздің қатар келеуі болса, пақыр-мискіндерге қарайласудың маңызды іс болғандығын ұқтырып тұр делінген [1].
Алла Тағала адам баласының жақсы өмір сүруі үшін жер жүзінің асты-үстін байлыққа толтырып, оны қалай игерудің жолын да қасиетті Кітабында ашық баяндаған. Соған қарамастан, бүгінде әлем халықтарының көбі, әсіресе, Африка және Орта Азия халықтары арасында кедейлік өте кең таралған. Бұған басты себеп ретінде ғылым-білімнің дұрыс берілмеуін, надандық жалқаулыққа, берекесіздікке айналып, кедейліктің қамытын кидіріп отыр деуге болады.
Кедейлік адамды өзгеге тәуелді болып өмір сүруге мәжбүрлейді. Өзгеге тәуелділік болған жерде наным-сенімге тұсау салынатыны да анық. Алла елшісінің (с.ғ.с.) бізді кедейліктен, жалқаулықтан және күпірліктен сақтай гөр деп көп дұға жасауының сыры да осы болса керек.
Кембағалдықтан құтылудың жолы қандай? Құранда бұл туралы айтылған ба? дейтін болсақ, Құранда адам баласы қажеттіліктерінің ең басында аш адамды тойғызу ісі келеді. Мақалаға арқау болып отырған зекет мәселесі де соның бір дәлелі. Сондай-ақ, зекет берілетін топтардың ішіндегі «пақырға» кімдер жатады? деген сұрақтың жауабы ретінде, кембағал жеке отбасыны және бір ұлтты да кіргізген ғалымдар бар.
Яғни, бір елдегі халықтың жағдайын жақсарту жолында игілікті іс-шараларды атқаруға да зекетті берген дұрыс деген бірнеше көзқарасты төменде келтіріп өтелік.
Қазақтың ұлы ағартушысы Әлихан Бөкейханов: «…Мұны бізге баяндаудан мақсұт: рамазан айы кіргенде бүтін ислам дініндегі халық, оның ішінде әрсіресе біздің қазақ, бұл айды артықша шат көңілмен өткізуге тырысады.
Маңдайының терін сыпырып тапқан малдары зекетке толса, зекетке шығарған малдарын, пітір-уәжіп садақаларын молдаға беріп, жарықтықтардың батасын алу, оларды басқа айлардағы істерінен гөрі артықша құрмет ету һәм өздерінше пақырлардың хәлдерін қайғырып олардың тұрмыстарына өздерінің садақаларымен жеңілдік беру бар. Оның үстіне опат болған жақынын, туғандарын осы айда ескеру бар. Бұлары қарындастық ретімен қарағанда өте қолайлы істерден. Бірақ түптеп тесе қарап тексеріп келсек зекет, пітір һәм басқа уәжіп садақалардың берілетін кісілері жалғыз молдалар ғана болмаса, тақыр, қойшы-қолаң көрші яки бірер шәкірт мұғалімдер ғана болып шықпайды. Пақыр, мұқтаж жалғыз бұлар ғана емес, өзіне-өзі жетпей, қысқа жіп күрмеуіне келмей мұң-мұқтажы көп, ұлттығын сақтау үшін тіршілік ретіндегі ғылымға сусаған халық пақыр, мұқтаж. Пақырлық, мұқтаждық деген нәрселер шаруа мінез, күн көру турасында адам баласының ділгерлікке түсіп дағдарып тұруынан ғибрат. Бұл дағдарыс бір кісінің, бұрып айтқанда бірер молданың басында ғана емес, бүтін халықтың – ұлттың басында. Әсіресе, біздің қазақ сияқты білім-өнерден құралақан, оны берерлік білім жұрттарынан да бос тұрған, оқушылары аз, болғандарының қалтасы жоқ болған халық нағыз мұқтаждықтағы пақыр халық болады. Мұндай пақыр халықтың оқу-білім жұрттарын көбейтуге тырысып, оқушыларын арттырып мұқтаждығын шығаруға қызмет еткен кісілер, байлар құдайшылық, адамшылық істерін екі дүниеде де өтеген зор сауапты болады.
Құран кәрімдегі баян етілген садақа орындары да осы негіздерге құрылып айтылған:
– Құрандағы айтылған «пақыр» деген сөздің мағынасы бір кісінің, болмаса көптің мұқтаждығын шығару деген сөз. Бұған ұлт мұқтаждығы да кіреді. Мұны шығарам деген ұлтқа не керек? Сол керегін жетілдіру үшін Алла тағала «садақаларыңды мұқтаж болған адамдарға беріңдер» деп көптің қамын ойға салып айтқан.
– «Ибн ассубилге» беріңдер деген. Бізше жол баласы. Бұған мұқтаждық халдегі жолаушылар мен нақықсыз туған балалар (бұл бізде жоқ), шаһарлы жерлерде көп болады, анасы асыраушысы болмағандықтан тапқан баласын көшеге тастап кету реті кіреді. Бұлай туған балаларды да тәрбие етуді жұрт үстіне міндетті қылып артқан. Бұл ұлттың мұқтаждығын көздеуде ақылды негізбен құрылған бір жол. Сондықтан бұл реттен қарағанда да садақалардың ұлт мұқтаждығын шығару үшін қойылған жұрттарға ұсталынатындығын көрсетеді.
– «Фи субил-аллаға» беріңдер деген. Бұған оқу жолындағы барша шәкірттер мен ұлт мұқтаждығын өтейтін орындар кіреді. Бұл үшінші орында жоғарғы айтылған екі орыннан көрі садақаларды халық мұқтаждығына жұмсау да ашығырақ баян етілген.
– «Уа алғараминге» беріңдер деген. Бұл борыш басып сасып тұрған адам. Бұған садақа беріп көтеріп жіберуде де зор мағына бар. Қысқасы, қалай ойласақ та садақаларды Алла тағала адам баласын ділгерліктен шығару үшін беруге бұйырған. Халық та сол ділгерліктегінің бірі. Бесінші реттен көрсетіп мұны да айтып өтейік. Алла тағала Құран кәрімде пайдалы орынға өздеріңнің сүйген нәрселерің мен малдарыңды шығармай тұрып ізгілік, жақсылық деген нәрсеге жетісе алмайсыңдар деп бүтін адам баласын шын көңілімен ұлт ісіне қызмет етуге қызықтырады. Егер ұлт ісінің керегі болмаса, ол ұлт ісіне мұндай уәжіп һәм зекет сияқты садақаларды ең сүйген малдарыңнан беріңдер деп қызықтырмас еді. Мұнан көрініп тұр, сүйген малдарынан садақа шығару бір кісіге ғана емес, бүтін ұлт ісі екендігі. Әр нешік мұндай парыз, уәжіп-садақалар бір кісінің пайдасына ғана емес, бүтін ұлт пайдасына беріледі. Ол ұлт пайдасы мектеп, медресе сияқты жұрттар салып, бала оқыту секілді істерде табылады» [2].
Зекет мәселесін зерттеп, көлемді еңбек жазған М.Хикмет Шентүріктің көзқарасы бойынша, қоғамдағы халықтың игілі, жастардың оқып-білім алуы жолында жұмыс істейтін қорлар (фондтар) аятта зікір етілген сегіз топтың ішінде жоқ сияқты көрінгенімен, негізі аятта зікір етілген сегіз топтың бірімен, тіпті, пақырлар, Алла жолында жүргендер және қарыздар сияқты бірнешеуімен байланысады. Сондай-ақ, Ислам дінінде әрбір нәрсенің «Ғилләсі (себеп-салдары)» негізінде халал және харам деп үкім шығарылады. Ал аталмыш орталықтар (қорлар және т.б.) халықтың оянуы және қиындықтан шығуы жолында жұмыс істеуі зекеттегі көзделген мақсаттың іске асуы болып табылады [3].
Имам әз-Замахшари, Құрандағы: «Зекет-садақалар пақырларға, мискіндерге, зекет жинаушы қызметкерлерге, Исламға тарту немесе жоқ дегенде дінге дұшпан болмауы үшін көңілдерін аулау көзделген жандарға, құлдықтан азат етілетіндерге, қарызға батқандарға, Алла жолында жүргендерге және елінен жырақта жүріп жолда қалған жолаушыларға беріледі…» (Тәубе сүресі, 60-аят) деген аятты түсіндіру барысында: «…Сен, зекет берілетін топтың әуелгі төртеуінде «Ләм» әрпі қолданылып, соңғы төртеуіне келгенде неге «Фи» әрпіне өзгертілді? деп сұрадың. Жауабын айтайын: «Фи» әрпі соңғылардың алғашқыларына қарағанда зекет алуға лайықтырақ екендігін ұқтырады. Және «Алла жолында жүргендер» мен «жолда қалған жолаушылар» екеуінің алдында «Фи» әрпінің қайталанып келуі, ол екеуінің «құлдықтан азат етілетіндер» мен «қарызға батқандар»-дарға қарағанда зекет алуға абзал екендігін білдіреді. Өйткені, құлдықтан азат етілетіндер мен қарызға батқандардың ішіне кедейлер кіріп кетсе, Алла жолындағыларға құлдықтан азат етілетіндер мен қарызға батқандар да кіріп кетеді» [4] деп, «Алла жолында жүргендер» сөзінің мағынасы кең әрі зекет берілетін сегіз топтың барлығын өз ішіне қамтитынын айтады. Яғни, аяттағы «Алла жолында жүргендер» дегеніміз, Ислам дінін үйрену, оны өзгелерге жеткізу ісімен айналысқан және осы жолда жасалған күллі игілікті істерді білдіреді.
Алла елшісі (с.ғ.с.) мұсылман қоғамын бір денеге ұқсатады. Адам денесіндегі бір ағзасы ауырса, өзге ағзалары да рахатсызданып, тіршіліктің мәні қаша бастайды. Мәселеге осы тұрғыдан қарайтын болсақ, зекеттің мәні әуелі сауатсыздықты, надандықты жою екендігін ұғуға болады. Кедейлік пен аштықтың түп салдары үндіріс, кіріс көздерінің аздығы немесе болмауынан келіп шығады. Ал өндіріс, кіріс көздерін тек қана білімді адамдар ашып, халықты кәсіптендірмек. Міне, осы тұрғыдан халықтың діни білім алуға әлі де мұқтаждығы барын, жастардың ғылым-білімді игеруі керектігін назарға ала отырып, аталмыш ғалымдардың көзқарасы ескеріліп, тиімді іске асырылғаны дұрыс.
Самет Оқанұлы,
исламтанушы
[1] Әбу Бәкір әл-Жассас, Әхкамул-Құран, 3-том, 157-158 бб.
[2] «Қазақ» газеті/ Бас редактор Ә.Нысанбаев. 306-307 бб.
[3] М. Хикмет Шентүрік, Сұру ве жеваплар Зекат, 189-191 бб.
[4] Әбул-Қасым Жәрулла әз-Замахшари, Әл-Кәшшәф ғән хақайиқит-тәнзил уә ғуюнил-ақауил фи ужуһит-тәуил, 2-том, 310 б.