«Мұғжиза» сөзінің этимологиясын қарастырсақ ол араб тіліндегі «ажәзә» сөзінен тарайды. Яғни, «шарасыз, әлсіз, дәрменсіз қалдыру» деген мағынаны білдіреді.[1]
Демек, мұғжиза – Аллаһ тағаланың елшілеріне берген адам баласының қолынан келмейтін таңғажайып істері. Сонымен қатар, мұғжизаны көрсетудегі мақсат – пайғамбарлардың пайғамбар екендігін дәлелдеу.
Мәселен, кез келген адамның өзін растайтын құжаты болады. Ол құжатты үнемі өзімен бірге алып жүргенде ғана өзінің кім екенін дәлелдей алады. Бұған қоса оқушы не студент өзін растайтын құжатын көрсетпесе, көліктердегі жеңілдіктерді қолдана алмайды. Дәл сол сияқты мұғжиза да – пайғамбарлардың пайғамбар екендігін растайтын Аллаһтың дәлелдері.
Міне, осылайша Аллаһ тағала жер бетіндегі мүміндердің иманын арттырып, мойынсұнбағандарды ақиқатқа сендіру үшін және өз елшілерінің шынайы елші екендігін дәлелдеу мақсатында елшілеріне бірқатар мұғжизалар берген. Соның ішінде, Құран – пайғамбарымызға берілген теңдесі жоқ мұғжиза. Бұл – пайғамбарымыздың пайғамбарлығын дәлелдейтін ең маңызды кітап. Мұғжиза тек пайғамбарларға ғана берілген.[2]
Мысалы, Құрандағы Нұх пайғамбарға берілген мұғжизаға назар аударайық. Аллаһ тағала Нұхты (ғ.с.) пайғамбар етіп жіберген еді. Тарихи деректерге қарасақ, Нұх (ғ.с.) тоғыз жүз елу жыл бойы, яғни өмірінің соңына дейін қауымына ақиқатты насихат етіп келіпті. Өкінішке қарай, қауымының басым бөлігі иман етпеген. Пайғамбар оларға: «Ей, қауымым! Аллаһқа бас иіңдер. Аллаһтан басқа құлшылық ететін тәңірі жоқ. Егер Аллаһты тануға бел буып, ден қоймасаңдар, бастарыңа қауіп төне ме деп қорқамын», -деді.
Сонда қауымы: «Уа, Нұх! Ойдан шығарылған ол қандай қауіп!?» деп пайғамбардың бұл сөзін күлкіге айналдырды. Пайғамбар «Раббым, қауымым мен менің арамдағы үкімді Сен бер» деп Аллаһ тағалаға дұға етеді. Осы кезде Аллаһ тағала Жәбірейіл періштенің дәнекерлігімен қауымыңның арасында осы күнге дейін иман еткендерден басқасы иман етпейді. Сен олар үшін уайымдама деп, оған кеме жасауды бұйырды. Бұл Құранда:
وَاصْنَعِ الْفُلْكَ بِأَعْيُنِنَا وَوَحْيِنَا وَلاَ تُخَاطِبْنِي فِي الَّذِينَ ظَلَمُواْ إِنَّهُم مُّغْرَقُونَ
«Көз алдымызда нұсқауымыз бойынша кеме жаса. Залымдар турасында маған айтпа. Өйткені, олар суға батырылады»,[3] – деп баяндалады.
Нұх пайғамбар Аллаһтың әмірін алған бетте қолына ара мен балтасын алып, кеменің құрылысына кірісті. Мұны көрген халық Нұхқа (ғ.с.) «енді ағаш ұстасы болдың ба?» деп тағы келеке етеді. Нұқтың бұл әрекеті осы күнгі шеберханалардың алғашқы іргетасы болса керек.
Сонымен қатар, кеменің қалай дейтіні жоқ математикалық, геометриялық есеппен жасалғанын көруге болады. Олай дейтініміз дәл сол сияқты, бірақ, соңғы технологиямен «Уайт Стар Лайн» атты кеме қатынастары компаниясының арнайы тапсырысымен жасалған «Титаник» кемесінің өзі 1912 жылы 1500-ден аса жолаушысымен болмашы кедергіге төтеп бере алмай, 3218 метр терең тұңғиыққа батып кеткен еді. Ал Нұх пайғамбар жасаған кеменің топан суға төтеп беруін мұғжиза демей, не дейміз.
Ал Мұса дәуірінде өмір сүрген перғауынның денесінің осы күнге дейін шірімей сақталуы да мұғжиза болса керек.
Теңізге батып бара жатқан перғауын: «Исрайл ұлдары иман келтірген Аллаһтан басқа тәңірінің жоқ екеніне мен де иман еттім. Мен де мойынсұнушылардан болдым»,[4]– деп жан дауысымен айқай салған еді.
Алайда, перғауын өмірінің соңына дейін ақырет үшін шырпы басын сындырмаған, тек осы дүниенің күйін күйттеп тәкаппар өткен болатын. Өз қара басының қамын ғана ойлайтын, мына дүниенің қызығына тоймайтын.
Демек, оның суға батып бара жатқандағы айтқан сөзі (иман келтіруі) де тек жанын аман алып қалу үшін өзі көр еткен соқыр үмітке малданып, тал қармағаны шығар. Немесе перғауын жаны алқымына келгенде де шынайы сенбей, өзін ажал аузынан құтқарып қалғысы келді. Аллаһ тағала да оның бұл ниетін білгендіктен:
فَالْيَوْمَ نُنَجِّيكَ بِبَدَنِكَ لِتَكُونَ لِمَنْ خَلْفَكَ آيَةً وَإِنَّ كَثِيراً مِّنَ النَّاسِ عَنْ آيَاتِنَا لَغَافِلُونَ
«Сенен кейінгілерге сабақ болуы үшін денеңді (жансыз түрде) құтқарамыз. Расында, адамдардың көбі аяттарымыздан хабарсыз»,[5]– деген еді. Перғауынның денесі (жансыз түрде) құтқарылса да, мәңгілік өмірін құтқара алмаған еді.
Перғауынның суға бататынын, ақыры жағалауға шығып қалатынынан хабар берген бұл аят мына мағынаны да білдіріп тұр: перғауындар әулеті реенкорнацияға (рухтың денеден денеге өтуі) сенетін. Мына дүниеде мәңгі қалуы үшін денелерінің мумиялануын әмір еткен. ХІХ ғасырдың соңында Ніл өзенінің жағалауында хазірет Мұса дәуірінде өмір сүрген перғауынның сәждеде жатқан мумияланбаған денесі табылды. Бұл Аллаһтың бір мұғжизасы әрі бұл дене туралы Құран ғасырлар бұрын баян еткен.[6]
Алтыннан[7] жасалған ауыр сауыт киген перғауын денесі теңізге батып-ақ кетуі керек еді. Бірақ Аллаһ тағала оның денесі кейінгілерге ғибрат болсын деген мақсатта «денеңді (жансыз түрде) құтқарамыз» деп сақтаған еді. Теңізге батқан перғауынның денесін көп ұзамай теңіз толқыны жағалауға шығарып тастады. Исрайлұлдары бұл перғауынның жансыз денесін өз көздерімен көрді.[8]
Қазіргі таңда Лондонда танымал Британия мұражайында мумиялар бөлімі бар. Мұнда әлгі перғауынның сәждеде жатқан денесі халықтың назарын өзіне аудармай қоймайды. Бұл денені ағылшын зертеушілері құм астынан тауып алып, Британия мұражайына қойған. Дене дін аман, дене мүшелері мен ішкі ағзалары түгел. Тіпті, сарғыш шаштары мен сақалдарына дейін сақталған. Тағы бір таңқаларлығы дене мумияланбаған.
Әдетте, мумияланатын дененің ішкі ағзалары алынып, арнайы бальзамдалады. Ал мына денеге ешкімнің қолы тимеген. Бұл денені көрген адам «30 ғасыр бойы шірімей, қалай сақталған?» деп ойланбауы, ғибрат алмауы мүмкін емес. Бұл – тек Құранның мұғжизасы, әрі оның ақиқат кітап екеніне бірден-бір дәлел.
Аталмыш перғауынның қай теңізге батқандығы туралы түрлі көзқарастар бар.[9] Тарихшы Мұхаммед Хамидуллаһ жоғарыда баяндалған Құранның «денеңді (жансыз түрде) құтқарамыз» деген аятына: «1881 жылы табылған мумияланған Рамсестің денесі (қазіргі таңда Кайр музейінде сақтаулы) үлгі бола алады»,[10]– деген пікірін айтады.
Ибраһим пайғамбардың бөлшектеген құсқа қайтадан жан біту мұғжизасы туралы:
وَإِذْ قَالَ إِبْرَاهِيمُ رَبِّ أَرِنِي كَيْفَ تُحْيِـي الْمَوْتَى قَالَ أَوَلَمْ تُؤْمِن قَالَ بَلَى وَلَـكِن لِّيَطْمَئِنَّ قَلْبِي قَالَ فَخُذْ أَرْبَعَةً مِّنَ الطَّيْرِ فَصُرْهُنَّ إِلَيْكَ ثُمَّ اجْعَلْ عَلَى كُلِّ جَبَلٍ مِّنْهُنَّ جُزْءاً ثُمَّ ادْعُهُنَّ يَأْتِينَكَ سَعْياً وَاعْلَمْ أَنَّ اللّهَ عَزِيزٌ حَكِيمٌ
«Бірде Ибраһим: «Раббым! Өлікті қайтып тірілтесің, маған көрсет» деді. Аллаһ: «Маған сенбейсің бе?»,- деді. Ибраһим: «Әрине, сенемін, бірақ (егжей-тегжейлі көрейін) жүрегім орнықсын»,- деді.
Аллаһ тағала: «Олай болса (түрлі) төрт құс ұста, оларды өзіңе үйрет әрі бүкіл ерекшеліктерімен таны. Сосын оларды сойып бір-бірімен араластыр. Кейін әр таудың басына әрбірінің бір бөлшегін қой. Сонан кейін оларды шақыр; дереу саған жетіп келеді. Күдіксіз Аллаһтың өте үстем хикмет иесі екенін біл»,- деді».[11]
Тағы бірде Ибраһим пайғамбардың жалындаған отта жанбауы осы күнгі амианттан[12] жасалған киімге ишарат болуы мүмкін.
Ал Жүсіп пайғамбар зынданда отырып құлшылығын орындау үшін уақыт анықтайтын құрал ойлап тапқан еді. Ол осы күнгі сағатқа ишарат болса керек.
Мұса пайғамбардың асатаяғын сілтеумен қайнар бұлақтың жерді тесіп шығуы осы күнгі артезиан суларына, Дәуіт пайғамбардың тауларды сөйлету арқылы мұғжиза көрсетуі осы күнгі жаңғырық дауыс пен үн таспаларына ишарат болса керек.
Сонымен қатар, Дәуіт пайғамбардың дәуірінде адамдар соғыстан көз ашпайтын. Әскерлердің үстіндегі сауыт кез келген қылышқа төтеп бере алмай қақырап, қақ айырылатын. Сауыттар зілдей ауыр әрі қолайсыз болатын. Дәуіт (ғ.с.) осы мәселе төңірегінде терең ойға батады. Аллаһ тағала осы сәтте оған темір өнімдерін балқыту мұғжизасын үйретті. Нәтижесінде пайғамбар жеңіл әрі қолайлы сауыт жасап шығарды. Тіпті дұшпан әскерлері де жаңа сауытқа таңырқай қараған болатын. Бұл да осы күнгі өнеркәсіптің дамуына сілтеме болса керек.
Сүлеймен пайғамбарға да Аллаһ тағала көптеген нығмет сыйлаған еді. Солардың бірі – жан-жануарлардың тілін білу.
Бірде Сүлеймен пайғамбар әскерін көзбен шолып өтіп, қанатты бағыныштыларынан Һуд-һуд есімді бір құстың жоқ екенін байқайды. Оның қайда кеткенін ешкім білмейді. Пайғамбар: «олай болса оның жазасын беремін немесе жоғалып кетуінің себебін айтар»,- деді.
Көп ұзамай Һуд-һуд Сүлеймен пайғамбарға келіп жоғалып кету себебін айтады:
«Мен сізге құпия әрі жаңа хабар әкелдім, ана жақта Сәбә деген жаңа қауым бар екен. Олардың патшасы әйел көрінеді. Бұл қауым Аллаһ тағалаға емес, күнге сәжде етіп, ғибадат жасайды екен. Алайда, олар Аллаһтың өздеріне берген мол күш-қуаты мен нығметтеріне шүкіршілік етіп Хақ тағалаға құлшылық жасаулары керек емес пе еді?!»,- дейді.
Сүлеймен (ғ.с.) істің анық-қанығын білу үшін күнге табынатын қауымға, яғни Йемендегі Сәбә патшасының ханшайымы Шәрахил қызы Бәлқысқа Һуд-һуд арқылы Аллаһтың құдіретін, даралығын білдіріп, хат жолдады. Хатта:
«Мейірімді, Рақымды Аллаһтың атымен бастаймын. Бұл хат – Сүлейменнен. Маған қарсы келмей, бағыныңдар»,[13]– делінген.
Оқып екі ойлы болған Бәлқыс ақылдасу үшін айналасындағы уәзірлерді жинап «Маған Сүлейменнен хат келді. Оның талабына не айтасыздар?»,- деді. Олар: «Сізге байланысты. Сіз не десеңіз, сол болады. Қаласаңыз, шайқасуға да дайынбыз» десті.
Бәлқыс мәселені бейбіт жолмен шешкенді жөн көріп, Сүлеймен пайғамбарға қымбат бағалы сыйлықтар жолдайды. Бәлқыстың өкілдері өздері әкелген сыйлықтардың Сүлеймен пайғамбардың дүниесімен салыстырғанда таудың қасындағы төбешіктей ғана болатынын көріп, іштей әбігерленіп, әрі қарынып қалды.
Сүлеймен (ғ.с.) пәнилік және бақилық бақыттың айырмашылығын ұқтыру үшін оларға: «Билеушілеріңе айтыңдар, оның сыйлықтарына зәру емеспін, бірақ ол Аллаһтың маған берген салтанатынан сыйлықтар алуға мұқтаж. Оны өзіме шақырамын және ешкімнің қолына түсе бермейтін сыйлықтарды тарту етемін»,- дейді. Елшілер Сүлеймен пайғамбардың сөзін жеткізіп барады. Бәлқыс таңырқап, Йеменнен Шамға сапарға шығады.[14]
Хазірет Сүлеймен Бәлқысқа тосын сый жасамақ болады. Бәлқыс орта жолда келе жатқанда уәзірлерін шақыртып «кім маған Бәлқыстың салтанатты тағын алып келеді»,- дейді. Сонда жындардың бірі (Ифрит): «Мен бір сағаттың көлемінде алып келемін. Айтсаңыз болды»,- деді.
Сол кезде затты бір жерден екінші жерге көзді ашып жұмғанша жеткізу ілімін менгерген (Кітап ғылымына ие) уәзірлерінің бірі: «Қаласаңыз, қас-қағым сәтте Бәлқыстың салтанатты тағын Шамдағы сарайға жеткізейін»,- дейді.
Дем арасында Аллаһ тағаланың құдіретімен тақ лезде сарайға жеткізіледі. Сөйтіп, Бәлқыс Шамға жеткенше тағы өзінен бұрын келіп қойған еді. Тіпті тақтың айналасындағы адамдардың да дауыстарына шейін естілді.
Бәлқыс бұл мұғжизаға таңырқанып; «О, Раббым! Мені мейіріміңе бөлеп, күнәларымды кеше гөр. Сен мейірімділердің мейірімісің»,- деп иман етті. Бұл Сүлеймен пайғамбарға берілген мұғжиза еді. Иемен мен Шамның арасының қашықтығы екі мың шақырымнан астам болады. Бұл аят ұзақ қашықтықтағы дауыс пен бейненің көрінетіндігіне сілтеме жасай отырып:
Ей, басқарушылар! Егер де абсолюттік әділетті қаласаңыз, хазірет Сүлеймен сияқты қол астыңыздағы адамдар мен жерді көруге, тануға тырысыңыз. Осыны орындағанда ғана нағыз басшы бола аласыз. Сонымен қатар, Ей, адамдар! Құлыма үлкен аумақты басқаруға бердім. Ол әділетілікті орнатуы үшін өзі басқаратын. Бұған қоса, құлыма іздену қабілетін де бердім. Олай болса, берілген қабілетті қолдан. Құлшылық міндетіңді толық орында[15]– дейді.
Бұлардың барлығы осы күнгі ұшақ, теледидар немесе ғаламтор сияқты жаңа технологияларға ишарат болса керек.
Бұған қоса, Сүлеймен пайғамбар желді бағындырып, ауаны ат қып мінген, яғни Аллаһтың көмегімен ауада ұшқан. Бұл адам баласы үшін де ауада жолы ашық болатынын меңзейді. Олай болса, адам баласы осы мәртебеге жете алады деген сөз.[16] Бәлкім, бұл қазіргі таңдағы адам баласы Аллаһтың құдіретімен ойлап тапқан ұшақ болар.
Ал медицина дамыған дәуірде Иса пайғамбар емі жоқ ауруларды сырқатынан құлан таза айықтыратын. Тіпті, Оған (ғ.с.) өлілерді тірілту мұғжизасы берілген еді.
Алайда, өліні тірілту мүмкін емес. Мысалы, қазіргі таңда медицина дамыған технологияларды пайдалана отырып, көзі көрмей қалған адамды емдеуі мүмкін. Ажал дауасыз аурудың шипасы бар. Құран ауруды ажалы жетпесе емдеудің мүмкіндігін айтып адамзатты ғылымға ынталандырған. Ал туа бітті соқыр, көру тамырлары мүлдем жоқ болған адамды емдеу немесе өліні тірілту мүмкін емес екендігі баршаға аян. Өйткені, өмір мен өлімді жаратқан Аллаһ тағала. Ал адамзат болса жаратылыс заңдылықтарының шеңберінен асып кете алмайды. Ғылым мен технология жетістіктері қандай деңгейге жетсе де мұғжиза шегінен өте алмайды. Бұл шектеулер тек пайғамбарларға ғана тән. Пайғамбарлардың мұғжизалары белгілі бір шекті меңгеріп, адамзатты сол шыңға талпындырады.
Тағы бір мысал: Жүніс пайғамбар балық (кит) ішінен аман-есен теңіз жағалауына шыққаннан кейін қауымына қайта оралады. Иман етуден бас тартқан қауымының арасынан 100 мыңнан астамы тәубесіне келіп, Жүніс пайғамбарға иман келтіреді.[17] Кейбір рационалисттер балықтың ішінде осыншама уақыт адамның тірі қалуы мүмкін емес деген кері пікір де айтқан еді. Бір қызығы, ХІХ-ғасырдың соңында рационалисттердің орталығы болып табылатын Англияда бұл пікірдің күлталқаны шыққан болатын. Марқұм тәпсірші Мәудуди 1964 жылы ақпан айында жарияланған Urdu Digest, журналында мынадай оқиға туралы жазылғандығын баяндайды. 1891 жылының тамыз айында «Star of East» (Шығыс жұлдызы) атындағы Англияның балықшы кемесі кит аулауға мұхитқа қарай бет алады. Балықшылар ұзындығы 7 метр, ені 1,7 метр, ауырлығы 100 тонна китті көріп қап, оны қайткенде де қолға түсірмекші болады. Джеймс Бартлей (James Bartley) атты біреу суға түскен сәтте оны кит жұтып қояды. Адам жұтқан китті екі күннен кейін жағалаудан тауып алады. Киттің қарнын жарғанда Джеймстің тірі екенін көреді. Ол киттің құрсағында 60 сағат жатқан.[18] Яғни, Джеймс аман қалғанда Аллаһтың сүйікті құлы Жүніс (ғ.с.) неге аман қалмасқа.
Аллаһ пайғамбарларды елші етумен бірге адамдардың жан дүниесіне үңілуге, мұғжиза арқылы адамдардың ой-өрісінің өсуіне, ілгерлеуіне мүмкіндік берген. Осы арқылы осы күнгі технологияның қалыптасып дамуына жол көрсеткен тәрізді.
Ал Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) пайғамбар дәуірінде сөз өнері ұшар шыңына жетіп, Құран түсті.
Пайғамбарымыздың мұғжизасы тек Құранмен шектеліп қалмайды. Ғаламның рахым нұры болып жіберілгендіктен, өзге де мұғжизалар берілген.
Құрандағы мұғжизалар:
Миғраж
Құран: «Құлын (Мұхаммедті) бір түні өзіне белгілерімізді көрсету үшін Мәсжид Харамнан біз айналасын мүбәрак қылған Мәсжид Ақсаға апарған Аллаһ әр түрлі кемшіліктен пәк. Шәксіз, Ол естуші, білуші»[19] және «Ол жақындап төмендеді. Тіпті (қатар қойылған) садақтың екі басының арасындай әлде жақынырақ. Сонда Аллаһ құлына уахи ететін нәрселерін көкейіне салды. Оның көзінің көргенін көңлі жалғанға шығармады»,[20]– деп Жәбірейіл періштенінің өз бейнесінде уахи әкелгендігіне және миғраж түніне ишара етуде.
621 жылы ережеп айының 26-нан, 27-не қараған түні пайғамбарымыз Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) әл-Харам мешітінен (Мекке қаласында Қағбаны айнала қоршай орналасқан) Құддыстағы әл-Ақса мешітіне (Палестина өлкесінде, Құддыс қаласында орналасқан), ол жерден миғражға, бір түнде жеті қабат көкке денесімен әрі рухымен көтерілді. Жеті қабат аспан әлемінде дүниеден өткен барлық пайғамбарлармен кездесіп, жұмақ пен тозақты көрді.[21] Аллаһ тағаламен перде арқылы тілдесті. Осы Миғраж түнінде пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Бақара сүресінің соңғы екі аяты, Аллаһқа ғибадат етушілер мен Оған серік қоспағандардың жәннатқа баратындықтары және мұсылман баласына намаздың парыз етілгендігі туралы уахи етілді.
Хақ тағала пайғамбардың үмбетіне кейбір мәселелерді түсіндіру мақсатында пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) миғражды нәсіп еткен еді. Миғраж – пайғамбарымыз Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ең үлкен мұғжизаларының бірі.
Бұл түнде, тіпті, жұмақтың бір сағаты осы дүниедегі мың сағатқа, Аллаһтың дидарын бір сәт көру жұмақтың мың сағатына тең келмейтінін көрген пайғамбарымыз Құранға қатысты барлық мәселелерді, құлшылықтың мән-мағынасын түсініп адамдарға түсіндіру үшін қайта оралған еді.
Айдың қақ бөлінуі (Шаққ-ы Қамар)
Құранда: «Қиямет жақындады, ай жарылды»,[22]– дейді. Сахабалардан Абдуллах ибн Мәсғуд: «Пайғамбарымызбен бірге Мина тауында едік. Бірден ай екіге бөлінді. Бір бөлігі таудың бергі, екіншісі арғы жағында еді. Осы кезде пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бізге куә болыңдар!»,[23]– деді.
Жалпы мұғжиза адамдардың қара көбейтіп, бір жерге жиналған кезінде арнайы көрсетілмеген. Мұғжиза иман еткендердің иманын арттырып, иман етпегендерге ой салу мақсатында көрсетілген. Мұғжиза сенбеген адамдарды күштеп, мәжбүрлеп сендіру мақсатында қолданылған болса, онда жаратылуымыздың мән-мағынасы күңгірт тартып, күдікке бой алдыруымыз мүмкін еді. Мәселен, алмас пен көмірдің арасында ешқандай айырмашылық жоқ дейтін болсақ, онда Омар (р.а.) мен Әбу Ләһабтың арасында да ешқандай айырмашылықтың жоқ болғаны. Осы себепті, «айдың қақ жарылу мұғжизасы» түннің бір уағында, аз уақыт ішінде және санаулы адамның көз алдында болған еді.
Хадистерде пайғамбарымыздың бұдан бөлек көптеген мұғжизалары айтылады. Мәселен: саусақтарынан су сорғалап ағуы,[24] ас-ауқаттың ырыс-берекеге айналуы,[25] ауру адамдардың жазылуы,[26] тау-тастың пайғамбарға сәлем беруі[27] және дұғаларының сол сәтте қабыл болуы т.б.[28]
Қорыта келе, адамзат үшін пайғамбарлардың жіберілуі айрықша нығмет, теңдесі жоқ құрмет болып саналады. Пайғамбар арқылы Жаратушымызды тануға мүмкіндік алдық. Ал пайғамбарды танымаған, мойынсұнбаған адам Аллаһты да танымайды және Оның заңдылықтарын іске асыра алмайды деген сөз. Міне, сондықтан пайғамбарға мойынсұнған адам Аллаһқа да мойынсұнған болады. Бұл туралы Құранда: «Кім Аллаһқа, пайғамбарға бойұсынса, міне, солар Аллаһ нығметке бөлеген пайғамбарлар, шыншылдар, шейіттер және игілермен бірге болады. Олар нендей жақсы жолдас!»,[29] – деп баяндайды.
Айналамыздағы жаратылған әрбір болмыс ой көзбен қарағанда мұғжиза. Құр көзбен көрген немесе көре алмаған сан-мың жаратылыстың әрбірі адам баласының әлсіз екендігін танытады.
Керемет
Керемет – Аллаһ тағалаға құлшылығымен бір қадам жақын тақуа жандардың бойынан көрінетін жаратылыс заңдылығына кереғар ғажайыптар.
Мәселен, хазірет Мариямның кереметі. Ол Құранда былайша баяндалады: «Сонда оны Раббы жақсы қабылдап, көркем өсірді және оны Зәкәрияның қарамағына берді. Зәкәрия оның бөлмесіне әр кіргенде алдынан тағам көрді. Сонда: «Ей, Мариям! Мыналар саған қайдан келді?»-деді. Мариям: «Ол Аллаһтан, шексіз Аллаһ тағала қалаған құлын есепсіз рызықтандырады»,- деді».[30]
Хазірет Мариям ананың бөлмесіне өзінен басқа ешкім бас сұқпайтын. Ал алдындағы жеміс-жидектер тек кереметтің нышаны ғана.
Сонымен қатар, ілкі заманда Тарсұс қаласындағы Дақянус патшаның зұлымдығынан қашып, Кәһф деген үңгірге бекінген адамдар туралы керемет те бар. Бұл Құранда: «(Мұхаммед с.ғ.с.) Біздің мұғжизалық аяттарымыздың ішінен тек үңгірдегілер мен жазуды (рақим) ғана таң қаларлық белгілер деп ойладың ба? (Рақим – бұл сөзді кейбір ғұламалар үңгір болған ауылдың атауы десе, кейбірі үңгірде болған адамдар туралы жазылған кітаптың атауы дейді) Жас жігіттер үңгірге бекінді де: Раббымыз! Бізге өз құзырыңнан ерекше игілік бер! Бізге жәрдем бер! Біз үшін қайырлы және Өзің разы болатын істерді бізге нәсіп ет!» деді. Сонда оларды ғасырлар бойы терең ұйқыға бөледік. Сосын екіге бөлініп қанша уақыт қалғанын анықтау үшін оларды ояттық»,[31]– деп баяндалады.
Керемет – пайғамбарға, оның әкелген діні мен жолына жан-тәнімен берілудің жемісі.
Мұғжизаның кереметтен жоғары тұруы
Мұғжизаның екі ерекшелігі бар. Әуелгісі – адамдарға өзінің пайғамбар екендігін «паш ету», екіншісі-мойындамағандарға адамның «дәрменсіз екендігін мойындату».
Әһли сүннат ғұламалары мұғжизаға мынадай анықтама берген. Мұғжиза – өзінің пайғамбар екендігін жар салған және мойындамағандарға қарсы Аллаһ тағаланың пайғамбарына берген, өзге адам баласының қолынан келмейтін (адамның дәрменсіз екендігін мойындатқан) жаратылыс заңдылықтарына бағынбайтын таңғажайып іс.[32]
Демек, мұғжиза тікелей Хақ тағаланың демеуімен іске асады. Пайғамбарлардың осындай мұғжиза көрсетуіне келсек, бұл олардың Хақ тағаланың сенімді, турашыл елшісі екендігінің бірден-бір дәлелі. Ал керемет болса, мұғжизадан бөлек. Өйткені, әулие жандар пайғамбарлар сияқты өздерін әулиемін деп жар сала алмайды.[33] Жар салған жағдайда ол әулие болып саналмайды.
Мұғжизаның шынайы болуы үшін мынадай шарттар керек:
1-Мұғжиза Аллаһ тағаланың амалы болуы керек. Өйткені, ол амалды қалаушы әрі жасаушы Хақ тағала. Мәселен, хазірет Мұсаның асатаяғының жыланға айналып кетуі, Иса пайғамбардың өлген адамдарды тірілтуі сияқты мұғжизалар Аллаһ тағаланың қалауы және жаратуы арқылы іске асады. Ал пайғамбарлар тек дәнекер ғана.
2-Мұғжиза күнделікті өмір тіршілігінен бөлек жаратылыс заңдылықтарына кереғар әрі адам баласын таң қалдыратын амал болуы керек.
3-Адамдардың қарсы тұру, уәж айту мүмкіндігі қалмауы керек. Адамдар өздерінің әлсіз екендігін сезінуі тиіс.
4-Мұғжиза Аллаһтың хақ екендігінің дәлелі ретінде пайғамбар тарапынан іске асуы керек.
5-Мұғжиза пайғамбарлардың сөзіне лайық іске асуы қажет.
6-Мұғжиза пайғамбардың сөзінен ерте немесе кейін жүзеге аспайды.[34]
Мұғжиза мен кереметтің арасындағы айырмашылық:
1-Мұғжиза тек пайғамбарларға ғана тән.
2-Жалпы мұғжиза көпшіліктің сұранысымен іске асады. Артынша адамның әлсіздігін білдіру үшін «енді осыған ұқсасын келтіріңдер не жасаңдар» дейді. Ал керемет сұраныс бойынша жасалмайды. Сонымен қатар, адамның әлсіздігін де анықтамайды.
3-Мұғжиза нығметіне бөленген пайғамбардың әрбірі көркем мінезге ие. Олардың бұл қадір-қасиіті өздерінің пайғамбар екендігіне бірден-бір дәлел болмақ.[35]
Демек, кереметті мұғжизамен, ал әулиені пайғамбарлармен салыстыра алмайды екенбіз.
Жаратылыс заңдылықтарына кереғар кейбір ғажайыптар
Ирхас
Ирхас – пайғамбарлардың пайғамбарлық міндеті жүктелгенге дейінгі кездерде бойларында табылған ғажайыптар. Мәселен, хазірет Исаның тілі бесікте жатқанда шығуы.
Періштелер хазірет Исаның әкесіз дүниеге келетінін және бесікте де, ержеткенде де адамдармен сөйлесетінінен хабар берген.[36]
Иса (ғ.с.) әкесіз дүниеге келген деп халық хазірет Мариямды жазғыра бастаған кезде бесікте жатқан сәби (хазірет Иса): «Мен бір Аллаһтың құлымын. Қолыма кітап беріп мені пайғамбар етіп таңдайды. Қайда барсам да мені құтты етті. Ғұмырымның соңына дейін намаз, зекет құлшылықтарын орындауға бұйырды…» деп халыққа тіл қатады.
Бұл бесікте жатып тіл біткен хазірет Исаның болашақта пайғамбар болатынына бірден-бір ишара еді.
Пайғамбарымыз хазірет Мұхаммедтің бойында да бірнеше ирхасты байқауға болады. Мәселен, Әмина анамыз жүктілігінің алтыншы айында түс көреді. Түсінде бір кісі «Ей, Әмина! Сен әлемге қайыр-береке әкелетін сәбидің анасы боласың»[37] деген еді.
Бірде Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сауда сапарымен Шамға бет алады. Бір шөкім бұлт Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бейне бір қорғаушысындай төбесінен қалмай қояды.[38] Демек, бұлардың барлығы жаратылыс заңдылықтарына керағар ғажайып әрі олардың келешекте пайғамбар екендігіне бірден-бір дәлел.
Мәғунәт
Мәғунәт – «жәрдем», «жеңілдік» деген мағыналарға келеді. Көркем мінез және ізгі амал иесінің бойынан көрінетін кейбір ғажайыптар. Яғни, қандай да бір мұсылманның басына түскен қиындықтардан немесе қауіп-қатерден (Хақ тағаланың жәрдемімен) оңай құтылуы. Бұл Аллаһ тағаланың өз құлына жасаған жеңілдігі болып табылады.
Бірақ, бұл жеңілдік яғни, ғажайып жағдаят олардың керемет немесе мұғжиза екендігіне ишарат болып табылмайды.
Истидраж
Истидраж – «мерзім беру» деген мағынаға келеді. Яғни мүмін емес адамның қалауы бойынша іске асқан таңғажайып жағдаяттар.
Аллаһ тағалаға қарсы шығуда тым шектен шыққан адамның өзіне берілген (мал-мүлік, табыс және денсаулық сияқты) нығметтерге шүкіршілік етпестен жамандықтарға бас ұрып (бастарына келетін пәлекеттің кешігуін қайыр санап) оны одан әрі жалғастыруы. Алайда, бұл Аллаһтың күнәһар пендесіне берген истидражы (мерзімі) ғана.
Аллаһ тағалаға бас иген тақуа жандардың болғаны сияқты, керісінше сенбейтін, тіпті Хақ тағалаға қарсы шыққан адамдар да болған.
Бұлардың біріншісін тақуа әулие жандар десек, екіншісін жын-шайтандардың арбауына құл болған шайтанның достары деген дұрыс.
Хақ тағала өзінің сүйікті әулие құлдарына кейде жаратылыс заңдылықтарына кереғар ғажайыптар сыйлайды. Мұны ислам терминологиясында «керемет» дейді.
Ал жоғарыда Аллаһтың сүйікті құлдарымен қатар шайтанның әулиелері де бар деген едік. Бұлар үнемі Аллаһ тағаланың дініне қарсы шығады. Бұл аздай «біздер дұрыс жол көрсетушіміз» деп жер бетінде бүлік шығарады.
Егер бұл сияқты адамдардың жамандығы асқынып, олардың қатары көбейсе, онда бұл қауымның келешегі күңгірт деген сөз. Аллаһ тағала да бейғам жатқан қауымның басындағы шайтан әулиелердің санын көбейте бермек. Өйткені, бейғам жатқан қауымның өзі осылай болғанын қалап тұр деген сөз.
Құранда: «Кез келген елді (жазалау ретінде) жоқ еткіміз келгенде (елші дәнекерлігімен) әмірімізді (дін) жібереміз және ол халық арасында рахат және ләззатқа батып өмір сүруді мақсат еткендерге (қоғамдағы қиындықтардан кейін) одан да көп нығмет сыйлаймыз. Сонда ол жердің заңдылығы бұзылып күнәһарлар күнәға белшесінен батады. Соңында өздеріне лайық болған үкім жүзеге асырылады және ол елді жермен-жексен етеміз»,[39] – дейді.
Мәселен Нұх (ғ.с.) 950 жылдық ғұмырын ақиқатқа арнаған. Нұх (ғ.с.) қауымының ақиқатқа бет бұруы үшін осыншама уақыт берілген. Бірақ, олар өздерін өлмейтіндей көріп, есепке тартылмайтындай сезінгендіктен, Хақ тағала оларды топан сумен жазалаған еді.
Демек, Хақ тағала өзіне қарсы шыққан құлдарына белгілі бір мерзімге дейін мүмкіндік береді. Мүмкіндікті пайдалана алмағандардың ертеңгі күні қараң.
Шайтанның жер бетінде сайран салып, емін-еркін жүруінен тарихтағы Перғауын мен Нәмруттың көптеген нығметтерге бөленгендігінен байқауға болады мұны. Ал мұндай нығметтердің шүкіршілігін, есеп-хисабын білмеген адамдардың есебі әсбетті ауыр болмақ. Құранда: «Аяттарымызды жалғанға шығарғандарға келер болсақ оларды (ұстанған жолдарының нәтижесі ретінде), байқатпастан күтпеген жерден бірте-бірте құрдымға жетелейміз»,[40]– деу арқылы ақиқатты нұсқауда.
Бірде пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Егер Аллаһ тағала өз пендесінің күнә жасағанына қарамастан оның дүниеде ұнататын нәрселерінен нығмет берсе, онда ол истидраж екенін біліңіз»,[41]– деді де «Олар өздеріне жасалған ескертулер мен үгіттерді ұмытқан кезде, оларға әр нәрсенің есігін айқара аштық. Өздеріне берілген нығметтерге мәз-мейрам болғанда, Оларды ойламаған жерден ұстап қалдық. Сол сәтте олар үміттерінен мүлдем көз жазып қалады»,[42] – деген аятты оқыған еді.
Демек, истидраждың астарында менмендік, тәкаппарлық, көзбояушылық жатқандықтан оны кереметпен шатастырмау керек.
Сонымен қатар, кейбір адамдардың ұзақ уақыт бойы нәр сызбай аш жүруін, отты басып жүруін, ұзақ уақыт бойы демін алмай су ішінде жатуын, денелеріне істікпен сұққылауын да истидраж деуге болады.
[1] Ибн Мансур, Лисанул Араб, V/369
[2] А.Лутфи Казанжы, Ислам Ақайды, Стамбул, 1995, 162
[3] «Һұд», 11/37; Қараңыз: «Муминун», 23/27
[4] Қараңыз: «Жүніс», 10/90
[5] «Жүніс», 10/92
[6] А.Унал, Қуран мәалі, «Жүніс», 10/92 (469)
[7] Бәизауи Қады Насыруддин әш-Ширази, Әнуарут-Тәнзил, Бейрут, 1996, ІІІ/213
[8] Сәғлаби, Қысас, 176; Замаһшари, әл-Кәшшаф ән Хақайки Ғауамизит-Тәнзил, Каир, 1987, ІІ/329; Бәизауи, Әнуар, ІІІ/213
[9] М.Хамидуллаһ, Ислам тарихы, І/547 еңбегінде «Ніл өзені» десе; Мәудуди, Тәфһим, ІІ/89 еңбегінде «Бағл Зифандағы Ащы көл аймағы» дейді.
[10] М.Хамидуллаһ, Ислам тарихы, І/547
[11] «Бақара», 2/260
[12] Отқа шыдамды амфиболдар тобының минералы, асбестің бір түрі
[13] «Нәміл», 27/30-31
[14] А.Унал, Қуран мәалі, «Нәміл», 27/20-40 (835-840)
[15] Суат Иылдырым, Қуран кәрім мәалі, Стамбул, 1998
[16] Қараңыз:А.Унал, Қуран мәалі, «Әнбия», 21/81
[17] Қараңыз: «Саффат», 37/137-148
[18] А.Унал Қуран мәалі, «Жүніс», 10/98; «Саффат», 37/141-146; (472; 984)
[19] «Исра», 17/1
[20] «Нәжім», 53/8-11
[21] Қараңыз: Бухари, Салат, 1; Муслим, Иман, 263; Нәсай, Салат, 1; Ибн Мәжа, Иқамә, 194
[22] «Қамар», 54/1
[23] Бухари, Мәнақиб, 27; Муслим, Сыфатул Мунафиқин, 44; Ахмад ибн Ханбал, Мүснәд, І/377
[24] Қараңыз: Бухари, Шурут, 15; Муслим, Фәдай, 4-6
[25] Қараңыз: Бухари, Әйман, 22; Муслим, Әшрибә, 142
[26] Қараңыз: Бухари, Фәдайлус-Сахаба, 9
[27] Муслим, Фәдайл, 2; Бухари, Мәнақиб, 25
[28] Бухари, Истисқа, 7; Муслим, Истисқа, 1
[29] «Ниса», 4/69
[30] «Әли Имран», 3/37
[31] А.Унал, Қуран мәалі, «Кәһф», 18/9-12, (639)
[32] Тафтазани, Шархул Ақайд ән-Нәсәфия, Кайр, 1939, 459-460; Журжани, Шархул Мауақиф, ІІІ/177; әл-Жәзири, Таудиһул Ақайд, 140
[33] Жәлал әд-Дәуани, Шархул Ақайдил-Адудия, ІІ/277
[34] Журжани, Шархул Мауақиф, ІІІ/177-179
[35] Журжани, Шархул Мауақиф, ІІІ/177-181; Шархул Мақасид, ІІ/130-135
[36] Қараңыз: «Әли Имран», 3/46-47
[37] Ибн Исхақ, Сиратун Нәбауи, І/166; Бейхаки, Дәлайлун Нубууә, І/70
[38] Халәби, Инсанул Ұйун, Мысыр, 1964, І/221; Хаким, Мүстәдрак, ІІІ/182; Яқут, Муъжамул Бульдан, Бейрут, 1956, ІІ/126
[39] «Исра», 17/16
[40] «Ағраф», 7/182
[41] Ахмад ибн Ханбал, ІV/145
[42] «Әнғам», 6/44