Қай заманда болмасын қоғамның өз дүниеге көзқарастары арқылы адамзаттың даму тарихына орасан ықпал еткен ғұлама ойшылдар қоғам, парасат пен ізгілік жолын таңдау арқылы ғана игілікке жете алатынын меңзеген.
Қазіргі кезде өркениетті елдер өз заңдарын мейірбандық пен ізгілік және зайырлылық жалпы адамзаттық принциптеріне негіздейді.
Қазіргі кезде зайырлылық ұғымына қатысты қоғамда қалыптасқан әркелкі көзқарастар бар, алайда, оның нышандарын, мемлекеттік құрылым, басқару моделі мен құқықтық негіздерден айқын аңғаруға болады.
Қазақстан Атазаңында өзін, демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде негіздеген. Еліміздің дін саласындағы мемлекеттік саясат тұрғысынан зайырлылық дегеніміз ол:
- мемлекет пен діни бірлестіктер бірін бірінің істеріне араласпау;
- мемлекеттік институттар барлық діндерге бейтараптықпен қарау;
- мемлекеттік немесе жалпыға міндетті діннің болмауы;
- ғылым мен білімнің діннен тәуелсіздігі;
- дінге сену не сенбеуде ар-ождан бостандығын сақтау.
Қоғам бір орында тұмайтыны белгілі. Саяси, экономикалық, экологиялық, әлеуметтік, танымдық өзгерістермен қатар, ғылыми технологиялық жаңалықтар заңдарды ұдайы заман талабына сай жетілдіріп отыруды талап етеді.
Қазіргі кезеңде жоғарыда аталған үрдістерден бөлек, радикалдық идеалдарды тарата отырып діни ұстаныммен діни түсініктерде жасанды қайшылықтар туындату арқылы өз мақсаттарына жетуді көздейтін теріс пиғылдағы топтар пайда болуда. Бұл қалыптасқан жаһандық жағдайларды күрделендіре түсетін факторларда аз емес. Олар қоғамның діни сауатының төмендігінен, толассыз ақпараттардың сараланып, ой елегінен өтіп үлгерместен ғалам тор арқылы жедел тарауынан, құқықтық базаның заман талабына сай келмеуінен туындайтын келеңсіздіктер.
Жуырда мемлекетіміз Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017 – 2020 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіткені белгілі.
Бұл бастамалар гуманизмнің барлық талаптарына қайшы келетін әрәкеттер арқылы, яғни діни ұрандарды жамылып әрекет ететін экстремистік идеологияларға қарсы тұруға бағытталған.
ХХІ ғасырдағы жаһандық ең жоғарғы мақсат – адамзатты бейбітшілік пен гуманизмге жету, адамзатқа қызмет ете отырып, ғылыми жетістіктерге, инновациялар мен тиімді технологияларға негізделген, тұрақты экономикалық және әлеуметтік даму жолындағы әділ, ұйымшыл және тең құқылы қоғамды құру. Басты міндет – адамның қадір-қасиетін, адамның құқығын, мәдениет пен білімге бәрінің бірдей қол жеткізе алуы. Экономикада және саясатта ойлаудың негізі демократиялық әрі адамгершілікті әлемді құру.
«Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында қоғамдық сананы жаңғыртудың нақты бағыттарын сипаттауы негізінде мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру межелі мақсаттардың бірі. Гуманизмге, яғни білімге, ақпарат алуда бірдей мүмкіндіктерге негізделген әділ қоғамды құруды көздейді. Қазіргі қоғамның барлық салаларында болып жатқан өзгерістер әлемнің барлық елдерінде экономкалық, саяси-әлеуметтік және рухани өзара әрекеттесу процестері қарқынды жүре бастауда.
Осы аталған құбылыстарды ескере отырып дін саласындағы заңнамаларды толықтыру мен жетілдіру мемлекетіміздің ішкі және сыртқы қауіпсіздігіне яғни, экстремистік, лаңкестік іс-әрекеттерге қарсы тұрудағы әл-ауқатын арттырары анық.
Онда діни білім беру, неке, діни бірлестіктер қызметі, экстремизмге қарсы іс-қимылдар, миссионерлік және басқада салаларды қамтитын заңдарға өзгертулер мен пысықтаулар енгізу көрсетілгендей зайырлы, құқықтық мемлекеттің қағидаттарына қайшы келетін құбылыстарды заңнамалық реттеу межеленген.
Ол ішкі және сыртқы факторларды ескеру отырып Қазақстанның қауіпсіздігі мен тұрақтылығын нығайтуға негізделген. Қазақстан Республикасының зайырлылық ұстанымына сәйкес азаматтарының жынысына, нәсіліне, этносына, тіліне, әлеуметтік шығу тегіне және діни сеніміне қарамастан алдына келесі мақсаттарды қояды, яғни:
- әлемдік және отандық мәдениет пен өнердің маңызды бөлшегі ретінде еліміздің тарихи-мәдени мұрасы мен мәдени құндылықтарын сақтауға ерекше көңіл бөлу;
- толық медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз ету;
- отбасы институтын нығайту;
- некеге отыру мен неке жасын реттеу;
- кәмелетке толмаған балалардың құқығын қорғау;
- діни бірлестіктердің, ағымдар мен олардың өкілдерінің конституциялық нормаларды орындауы;
- діни білім беру жүйесін жетілдіру;
- діни экстремизм мен радикализмнің алдын алу мақсатында құқықтық негіз қалыптастыру.
Демек зайырлылықтың принциптері барлық адамзатқа ортақ болғанмен, әр мемлекет өзіндік басқару моделін және құқықтық негізін қалыптастыруы үздіксіз дамуының кепілі.
Мемлекетіміз заманауи қазақстандық қоғамның құндылықтары мен өмір салтын ілгерілетуді басым бағыттар ретінде жүзеге асыруды көздейді.
Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың басты мақсаты – Қазақстанның 2050-ші жылға дейінгі дамуының ауқымды жоспарына сай келетін және қоғам мен мемлекеттің зайырлылығын ескеретін рухани орта қалыптастыру. Осы орайда, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев биылғы жылғы халыққа Жолдауында «Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу» деп нақты меже қойған болатын.
Яғни, зайырлылықтың да бәріне ортақ әмбебап үлгісінің болуы мүмкін емес. Әр елдің тарихи, мәдени, діни, саяси, географиялық, экономикалық ерекшеліктеріне қарай қалыптасқан мемлекеттілік үлгісі болады. Сондықтан да, Қазақстанның өзіндік зайырлылық моделі жоғарыда атап өткен факторларды ескере отырып қалыптасуда.
Гуманизмнің мақсаты – барша адамзаттың бақыты өмір сүруіне мүмкіндік жасау болса ал, зайырлылық принципіне негізделген заң қабылдау арқылы мемлекеттілікті нығайту бағытында және заманның сұранысына сай реттелуіне мүмкіндік береді. Алайда, зайырлылық принцпін ұстануда кейбір қоғам мүшелерінің тарапынан түсініспеушіліктер мен қате тәржімалау орын алып отырғаны жасырын емес.
Адамзат тарихында Дін қоғамның барлық мәселелерін шешуге бағытталған нысан ретінде қалыптасты. Алайда бүгінгі таңда Діннің орындап келген дүниетанымдық функциясын – ғылым, реттеушілік функциясын – мемлекеттік билік, құқықтық функцияларын – заң шығару органдары, ағартушылық функциясын – білім беру жүйесі алмастырды. Демек, қазіргі кезде Дін – адамның рухани ізденістеріне, имандылыққа, бірлікке, асқақ, ізгі қасиеттерге баули алатын нысан ретінде қалыптасқан.
Қазір аталмыш қызметтердің барлығын мемлекет атқаруда. Яғни кейбір қоғамдық институттар маңыздылығын жоғалтып, ал оның орнына қоғамның даму жолында туындайтын мәселелерді шешуге бағытталған жаңа институттар қалыптасуы заңдылық.
Елімізде ақпараттық түсіндіру жұмыстарын күшейту арқылы Ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, зайырлылық ұғымын дұрыс ұғындыруға, гуманизм принціпіне негізделген, діни, саяси – сыртқы факторлардан және радикализм мен діни экстремизмге қарсы тұра алатын қоғам қалыптасады.
А.Әбуов,
Ф.ғ.д., профессор