– Өзіңізбен әңгімені қожа руы төңірегінде өрбітсек. Жалпы осы қожалардың арғы тарихы туралы қысқаша шолу жасайықшы.
– Қожалардың түркі жеріндегі ХІV ғасырға кеткен тарихына қысқаша шолу жасау қиын шығар. Біздің дәуірімізге дейінгі VІІІ ғасырдың басында Түркі қағанатының тұсында Қытайдың Таң империясы мен арабтардың аббасидтер халифатының Талас жазығындағы Атлах шайқасындағы жеңісінен кейін түркілердің исламды қабылдай бастайды. Ол туралы араб жазбаларында айтылған. Алланың елшісі, Мұхаммад (с.ғ.с.) алысқа аттанған аттылы-түйелі араб сарбаздарына былай деген: «Сендер сонау Шығыста бітік көз, бір бейтаныс тайпаларға тап боласыңдар. Олар-ержүрек, қайсар жандар. Сондықтан найзаның ұшымен бағындыру мүмкін емес. Тек Алланың ақиқат сөзімен ғана мойынсұндыруға болады» деп түйіндеген. (Қазақстан тарихы араб дереккөздерінде» Алматы. 2005 жыл).
Сол кезеңдердегі ислам дінін алуына байланысты деректерді Сафи Ад-дин Урунк Қойлақиден қалған шежіреде баяндалған. Қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысындағы Баб ата ауылындағы Ысқақ баб, Жаңақорғандағы Хорасан ата – Абд ул-Жалил баб, Тараздағы Қарахан ата кесенелері ислам аша келген тұлғалардың жер бетіндегі белгілері. Осы жәдігерлер бойынша Абд ул-Жалил баб Орта Азияға хижраттың 150 жылы келді дейді. Бұл шамамен 772-774 жылдар. Әулеттерде сақталған насабнамаларға сәйкес қожаларды пайғамбардың сахабаларынан таратады.
– Сіз қазір «Kozhalar.kz» сайтын жүргізіп отырсыз. Бұл рушылдық па, әлде…
– Kozhalar.kz-тарих.таным.тағлым сайты қазақ даласында ерекше орны болған, қазақтың руханиятында жолы бар қожалар туралы деректерді ғалымдардың хаттарын түгендеп, ел аузында жүрген атақты ишандар мен қасиетті әулиелердің аңыз-әпсанасын бір орталыққа жинақтайды.
Орта ғасыр жәдігерлерін айтпағанның өзінде қожалар институтын зерттеу жұмысы 18 ғасырлардан бастап, әсіресе, орыс отарлауы кезінде қатты қолға алған екен. Орыс ғалымы Бартольдтан бастап бүгінгі күні Сергей Абашин, американдық исламтанушы Девин Ди Уис, өзбек ғалымы Бахтияр Бабаджанов, өзіміздің шығыстанушы ғалым Әшірбек Момынов, тарихшылар Жамбыл Артықбаев, Махсат Алпысбестердің осы тақырыпты зерттеуші ғалымдардың бір шоғыры. Сондықтан бұл еңбектері рушылдықтың шеңберінен шығып, сәл биіктен қарау керек. Өкінішке орай, «тарих», «таным», «тағылым» деген үш сөзбен белгілеген бағытымызға көбі мән бермейді. Мол мұрамызды танып білудің мүмкіндігі енді туғанда, оны бүгінгі күннің мінберінен «рушылдық» деп қабылдайтын болсақ, онда қазақ қоғамындағы қожалар инситутының тамырын кесеміз. 14 ғасырдан бері жергілікті дәстүрмен біте қайнасқан дәстүрімізден, рухани болмысымыздан ажыраймыз деп ойлаймын.
– Кезінде елдің қожа молдаларға деген құрметі ерекше болатын. Қазір осы құрметтен айырылып қалған жоқ па? Қожалар молдалықтан алыстап кеткен жоқ па?
– Халықтың құрметіне әлі де сызат түскен жоқ. Өйткені ол қазақтардың санасында, дүние танымында қалып қойған. Жас ұрпаққа беймәлім болса да әр рудың қожалары туралы ата-әжелері айтқан әңгіме арқылы жетеді. Қазақ бар жерде бұл құрметтен айырылмайды деп ойлаймын. Дегенмен, қожа атаулының бәрі молда болған жоқ. Сіз бен біз құрметтейтін, алты алашқа атағы жайылған тұлғаларымыз – қожалардан шыққан қасиетті кісілер, ишандар мен ахундар, ілімді молдалар тағы басқа дін ағартушылары. Солар ғана қолына Құран алып, мешіт ашып, шәкірт тәрбиелеген. Олардан басқасы өз тірлігін жасап жүрген қарапайым жандар болған.
Осы тақырыпты кең зерттеп, мәліметтерге қаныққан сайын ислам әкелушілердің үнемі қуғыншылықта болғанына көзім жетті. Сонда да жолынан танбай, қалың қарасына қызмет еткен. Орыс отарлауы басталғанда алдымен дін жолындағыларға қарсы шықты. Қожаларға балама ретінде башқұрт-татарлардан «указной молда» тағайындап қазақ арасына жіберіп іріткі салған. Олардың ылаңы туралы Құрбанғали Халид жақсы жазды. Елінің шоқынуынан сақтанып, Арқаның байлары Қаратаудың баурайынан білімділерді алдырып ру-рудың қожасын сайлаған. Орыс отаршылары мысық табандап келіп, Оңтүстікке де жетеді. Осы кезге дейін Қоқанд, Хиуа хандығының қарауында отырған ел шариғат заңымен өмір сүрген еді. «Орыстың от кемесі өрге жүзді» деген өлеңді сол кезде ақын Мәделі қожа жазып қалдырған.
Одан кейін қазан төңкерісі басталып, ХІХ ғасырдың 20 жылдары дінбасыларын әулетімен қырып жойды. Мешіттерді қиратып, тіміскілегенде тапқан араб жазуы бар бір парақ қағаз үшін итжеккенге айдады. Сөйтіп елде құдайсыз қоғам орнатуға барын салды. Қожа аталарымыз, әкелеріміз Кеңес кезінде ақырын жүріп те өз міндетін ақтарып өтті. Өлінің намазын шығарып, тірінің тірлігін шариғат жолымен, ежелгі дәстүрімен болуын қадағалап, елінің қорғанышы бола білді. Дін жолындағы осыншама жанкештіліктің құпиясын білгім келіп, Әшірбек Момыновтан сұраған едім, ғалым ағамыз бір ауыз сөзбен: «ген, тұқым» деп жауап берді. Демек, дінге адалдық тұқымнан беріліп, тұқыммен тарайтын ерекше қасиет болып тұр ғой.
Арғы аталарымыз өз дініне адал болып өтті. Бүгінгі ұрпағының бойынан ол табылмаса, оған таң қалмаңыз. Қасиеттілеріміз айдалып, атылып кеткенде бар құпиясын өзімен алып кетті. Артында қалған жазбаларын моласына көмді. Екі ортадағы дәстүр байланысы үзіліп қалды.
– Қожаларда өзге рудан қыз алмау, өзгеге қыз бермеу деген ұстаным бар. Бұның сыры неде?
– Ондай тиымдардың бары рас. Бірақ жалпылама емес. Тиымдар басқа жайттарда кездеседі. Мысалы тоқсанға келген әкем өмірден өткенде көпшілік жиналып «ең, болмаса аяғына су құйып соңғы қызметімізді көрсетейік» деп өтінді. Сол өтініш білдіргендердің ешбірі қожа әулетінен емес еді. Әкеміздің өзі ешқашан тіпті, туған құдасы болса да өзге рудың сүйегіне түспейтін. «Сүйек қарыз» боламын дейтін. Өзі кеткесін сөзін кім тыңдасын, артында қалғандары қарсы еместігін білдірді. Бір қызығы, мүрде жуылатын кезде сүйекке түсетін адам әлденедей себеппен кешігіп қалып, тілегіне жете алмады.
Ал «қыз бермеу, қыз алмау» жайын фольклормен байланыстырамын. Негізі осыны елдің өздері шығарған деп айтады. «Қыз алып қыз беріп құдандалы болсаң бүйрегің соларға бұрып әділ билігіңнен қаласың» депті-мыс. Негізінде «Қожада бауыр жоқ» деген сөз сол билікке байланысты айтылған. Одан басқа, қожаға келін түссе келіннің жеті атасы пейішке барамыз деп қуанады екен. Демек, келіннің қызметін бағалағаны ғой. Ал, «қожа өзге руға қыз берсе, жеті атасына дейін сүйегі сырқырайды» деген сөз тұрмыстың түйткілімен тілі тисе қасиетті әруақтарға ауыр деген ұғымнан шыққан болар. Меніңше, қыздарын ислам жолына икемдеп, шариғатты түсініп, өздері тектес ұрпақ тәрбиелейтін болашақ ана ретінде тәрбиенің маңыздылығына мән берген сияқты.
Үлкендерден естуімше, мешіт ұстаған бабамыздың қыздарын (оның бірі – менің әжем) басқаша тәрбиелеген. Қолөнерші, шаруаның қиюын білетін мінезі өткір кісі еді. Бір ағасы атылып, бірі – сібірге жер аударылып, «халық жауы» атағын арқаласа да, әкесі бөтен жерде көз жұмып, өзі жастай жесір қалса да қайыспаған жан. Үш ұлын өсіріп жетілдіріп, бабаларының жолын үйретіп, кеңестің кезінде қаймықпай бес уақыт намазын оқып, бертінде дүниеден өтті. Тірісінде «Бибі» деп құрметтеп, алдын ешкім кесіп өткен жоқ. Сүйегі асыл болмаса соншама қайғыны көтере алар ма еді?!
Меніңше, неше ғасырдан бері қазақ елінің сенім-нанымының қалқаны болып, халықтың бір тұтастығына адал қызмет еткен қожалар туралы айтқанда ұлы тұлғалары мен мұрасына мән берген жөн. Олардың салт-дәстүрлік ерекшеліктері атқарған миссияларына қатысты қалыптасқан болар. Оның дұрыс-бұрыстығына пәтуа беру біздің еншіміздегі дүние емес.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Олжас СӘНДӘБЕК
KazIslam.kz