АЛМАТЫ. 20 маусым. E-ISLAM.KZ – Қазіргі таңда екпе жасау керек пе, жоқ па деген тақырып қоғам арасында қызу талқыланып жатыр. Екі түрлі көзқарас бар. Жақтаушылар да, қажет емес деп даттаушылар да өз сөздерін түрлі фактілермен дәлелдеуде.
Не істеу керек? Жұқпалу ауруға қарсы баланы егу керек пе әлде жоқ па? Біздіңше, екі жақтың келтірген деректерін салмақтап барып, ата-ана өзі шешу керек. Алайда, ата-ананың шешімі – баланың денсаулығы мен өмірінің қалай болмағын шешетінін ұмытпаған ләзім.
«Е-Ислам» порталының поштасына екпе мәселесіне байланысты мұсылмандардан түрлі сауалдар келіп түсіп жатыр. Қоғамның қызу талқысына түскен тақырып жайында белгілі теолог, ҚМДБ-ның Уағыз-насихат және ғаламтормен жұмыс бөлімінің меңгерушісі, «E-islam» порталының меншікті сарапшысы Ершат Оңғаровтан сұқбат алған едік.
– Екпе жасау қаншалықты пайдалы деген сұрақ, қазіргі таңда ең көп талқыланып жатқан мәселе десек те болады. Екпе жасау дұрыс емес дейтіндердің біраз бөлігі, бұл қарсылығы шариғатпен тікелей қатысы барын айтады. Сондай қарсы тараптың көп қолданатын ұрандарының бірі: – «Ислам екпе жасатуға тиым салады», «Екпе жасату – тағдырға қарсы шығу», «Вакцинация шайтанның зәрі» және т.б. Ал, медицина саласының мамандары ғылыми тәжірибелерге сүйеніп, екпе жасату дұрыс әрі қажетті шаруа дейді.
Екі тарап та түрлі аргумент, дәлел келтіріп жатыр. Медициналық терминдерді түсіне бермейтін, діннің талаптарын енді орындай бастаған адам үшін, екі жақтың таласы түсініксіз талас. Сондықтан да мен, медицинаның соңғы жаңалықтары мен шариғаттың негіздеріне сүйене отырып «екпе жасау керек пе, жоқ па» деген сауалға жауап беріп көрейін…
Біздің ағзамыз жұқпалы ауруларға екі жолмен қарсы тұра алады.
Оның біріншісі – белгілі бір ауру түрімен ауырып, жазылып кету. Бұл кезде біздің ағзамыз әлгі ауруды есінде сақтап қалады да, ендігіде сол дертпен қайта ұшырасып қалса, организм қарсы жасушаларды бөліп, адам ол аурумен ауырмайды. Алайда, бұл ауырлау жол. Егер, ағза дер кезінде әлгі антитела-ларды бөлмесе, адам мүгедек болып қалуы немесе дерті өліммен аяқталуы мүмкін. Мәселен, сіреспе ауруын тудыратын бактериялар болады. Ол адам ағзасына енген бойда, өте улы токсиндерді шығара бастайды. Бұл у адамның жүйке жүйесіне әсер етіп, науқастың аяқ-қолы сіресіп, тыныс ала алмай қалады. Сіреспе ауруымен ауырған әрбір 4-ші адам өледі.
Екінші жол бар – ол екпе жасау. Адамның азғасына әбден әлсіреген немесе жартылай өлтірілген аурудың бактериялары егіледі. Мәселен, түберкулезге қарсы егілсе адам ауырмайды. Бірақ ағзасы өкпе құртына қарсы жасушаларды өндіріп шығара бастайды. Адам болашақта түберкулезбен ауыратын кісімен ұшырасып қалса да, ауырмайды. Мұның сыры неде дейсіз бе?
Әлгі жартылай өлтірілген бактериялар, адам ағзасына егілгенде, дене оларды тірі ауру деп қабылдайды да, көп көлемде сол аурумен күресетін бөлшектерді жібереді. Әлгі бөлшектер, жартылай өлген бактерияларды әп-сәтте жәукемдеп тастайды. Әлсіз ауруды жеңіп, біраз тәжірибе алған, күшейіп алған жасушалар, адамның денесінде мәңгілікке қалады. Бұл бөлшектер бар кезде, адамға ауру қауіп төндіруден қалады.
Қасиетті Құранда һәм пайғамбарымыздың сүннетінде вакцинацияға анық тыйым салынбаған. Керісінше, аурумен күресудің бұл тәсілін қолдаған көптеген дәлелдерді табуға болады.
Осыдан 16 ғасыр бұрын өмір сүргендер, бүгінгінің адамдары ауырып жатқан дертті білмейтін. Себебі қазіргі аурулардың көбісінің пайда болуына нашар экология, қоғамдық көлік, қоғамдық тұтыну орындары себеп болып жатыр.
Құран мен пайғамбар сүннетінде – аурудың алдын алуға қатты көңіл бөлген. Тиісінше, вакцинацияға қарсы тараптың шариғаттан алдық деп, келтіріп жүрген дәлелінің барлығы бос сөз.
» Егерде Раббың қаламаса олар ондай әрекеттерге бармас еді. » (Құран 6:112). Осылайша әр пайғамбарға адамдардың және жынның шайтандарынан дұшпан қылдық. Олар алдап бір-біріне жалтыраған сөздерді сыбырлайды. Раббың қаласа еді, олар оны жасамас еді. Оларды жасанды сөздерімен қойып қой. (112)
Аурудың алдын алу Жаратушының белгілеп қойған тағдырына қарсы шығу деп жүргендердікі дұрыс емес. Себебі бұлай айтатындар, Құранның анық аяттарына қарсы келуде. Себебі жер бетіндегі ешнәрсе Алла Тағаланың қалауынсыз болмайды.
Медицина ғылымындағы соңғы жетістіктер талай жылғы тәжірибенің арқасы ғана емес, бұл Алланың өз құлдарына жасаған қамқорлығы:
«Егер мен ауырсам, (Алла) мені аурудан айықтырады…» (Құран 26:80)
«Алла барлық ауруға шипаны қосып жаратқан» (Әбу Һурайрадан жеткен хадис) Ал имам әл Бухари мынадай хадистің барын айтады: «Медицина аурудан айығуға көмектесер құрал». Тағы бір хадис бар: «Ауруды жаратқан, сол ауруға емді де қоса жаратқан еді», бұл хадисті де Әбу Һурайра жеткізіпті бізге. Мұнан да бөлек, сахих хадистердің барлығында, «ауру бар болса, сол аурудың емі де бар» деген сөздер айтылған. Сондықтан да, адамның өміріне медицинаға араласпауы (вакцинацияны қоса айтып отырмыз) керек деген сөз, барып тұрған антұрғандық, адасу.
Имам Муслимнен жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деп айтты: «Барлық ауруға дәрі бар. Дәрі ауруға сәйкес келсе, жаратушының әмірімен ол кісі айығады». Осыны алға тарта отырып Муслим «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) аурудан емделуге дәріні қолдануға рұқсат берген( дейді.
«Алапеспен ауыратын адамнан арыстаннан қашқандай қаш» (Әбу Хурайра жеткізді). Егер, осы хадисті жақсылап оқысаңыз, аурудың алдын алуға, жұқпалы дертке шалдықпаудың бар қамын жасауға шақырып тұр. Хадисте: «Белгіленген тағдырың орнауы үшін, алапес адаммен отыр» делінбеген. Дәл осындай тағы бір хадис Усама ибн Зайд жеткізеді; «Қандай да бір жерде жұқпалы ауру тарады дегенді естісеңдер, ол жаққа бармаңдар. Егер оба ауруы сендер тұрған жерде тарай бастаса, ол жерден кетпеңдер». Бұл хадисте «аурудан абайла және ауру басқа жаққа таралып кетпесін!» деген ескертулер жатыр.
«Кім аджуа дейтін құрманы таңғы асқа жетеуін жесе, оны сол күні у алмайды әрі сиқырлық оған өтпейді.» Бұл хадис – «дәрі» арқылы аурудың алдын алуға шақырып тұр.
Екпеге қарсылар, өздерінің қарсылығында көбіне статистиканы келтіреді. Пәленбай адамға екпе жасалыпты, оның түгеншесі ауырып қалған деген сияқты деректерді айтады. Бірақ сол, статистикасында адамның саны 200-300 ден аспайды. Кішкене ғана топ пен бүкіл қауымды салыстыруға болмайды емес пе? Сондықтан да, миллиондарға егілген екпенің әсерін, оншақты адам арқылы анықтау дұрыс емес дүние.
Дүние жүзілік Денсаулық сақтау Ұйымының мәліметтеріне қарасақ, осы екпе жасаудың арқасында, ауырып қалатындар саны бірнеше миллионға шегерілген.
– 2000 жылмен 2003 жылдың аралығында қызылша ауруына қарсы егілудің арқасында, 2000-2012 жылдары аралығында қызылшадан өлетіндердің саны 78%-ға азайған.
-Екпе жасатқан адамдардың тек 5%-ы ғана дифтериямен ауырады екен. (вакцинация аурудың өте жеңіл түрде өтуіне көмек береді);
-Иммунизация жасаудың арқасында жыл сайын қызылшадан, көкжөтелден, дифтериядан, сіреспе ауруы салдарынан өлетін адамдардың 2-3 миллионға азайды.
– Обаға қарсы егілудің арқасында, адамзат «қара өлімнен» мәңгілікке құтылды.
Медицина ғылымдарының кандидаты, В.С.Ганин «Наука и жизнь» (№7, 2006 год) атты газетте мынадай қызықты деректер келтіреді.
Мәселен, Моңғол халықтық республикасында, обаның тарауын тоқтату үшін, 115 мың 33 адам егіліпті. Сол егілгендердің ішінде тек екеуі ғана жаман аурумен ауырған.
Қазір, интернет кеңістігінде, екпенің зиянын есептеген статистика өріп жүр. Ақпараттардың жалған екенін бірден білуге болады. Сол ғылыми зерттеусымақтар, медициналық журналдарда емес, біреулердің блогында ілулі тұрады. Блог деген, кім не жазғысы келсе, соны жазатын жер емес пе?
Көптеген мемлекеттердің тәжірибесінен көріп отырмыз. Халыққа екпе жасауға бірнеше жыл кедергі жасалса, жұқпалы аурулар үлкен бір аумақтарға таралып кетеді. Жаппай иммунизация жасау, кедей, тұрғылықты жері онша жақсы емес аумақтар үшін де жақсы нәтиже көрсетіп жатыр. Екпенің пайдасы бір сөзбен айтқанда ұшан теңіз.
Екпе – ғалымдар мен медицина қызметкерлерінің бірнеше ғасыр бойы іздеп, тапқан дәрісі. Мен күллі мұсылмандарды арандатуға ермеуді, вакцинация жасауға қарсы болмауға шақырамын. Жақын күндері, Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы, вакцинация туралы арнайы пәтуа шығарады.