Қайыркен А.
ғылым магистрі
1990-шы жылдар жаңа діни ағымдардың келе бастау кезеңі болды. Кеңестік идеологияның орнына түрлі ағымдар келіп, олардың кейбіреулерін ұстану (мәселен, оккультизм) сәнге де айналған кездер болғаны баршамызға белгілі. Бұл кеңестік коммунисттік идеология толтыра алмаған рухани вакуум мен Қазақстандағы дәстүрлі діндер қызметінің әлсіздігінен еді. Жаңа діни ағымдардың әдептері әр адамға өз ілімдерін жалықпай насихаттау мен жаппай дінге тарту науқанын бастап кетті. Қазақстандағы соңғы жылдары діни өмір көптеген жаңа діни ағымдардың көптеп пайда бола бастауынан байқалады. Елдегі дәстүрлі ислам және христиан діндерімен бәсекелестікке түскен бірқатар жаңа діндер шет елдік миссионерлер арқылы елімізде көптеп тарап кетті. Дәстүрлі емес ағымдар мен деноминациялар олардың басым көпшілігі дүниетанымдық кеңістікті өздерінің «керемет» идеологияларымен толтырып, белсенді психологиялық шабуыл арқылы отандастарымызды қатарларына тартуда. Елімізде ежелден-ақ сіңіскен Ислам дінінің тамырына балта шаппақ болып, өздерінің «жаңа діндерін» орнатпақ әрекеттерін жүргізуде. Олар тіптен түрлі клубтар, мәдени-спорттық, сауықтыру орталықтары ретінде ашылып, бостандықты теріс бұрмалап, қоғамда тартыстар алғышарттарына жағдай туғызып отыр. Әсіресе исламдық бағыттағы радикалдық діни ағымдардың дәстүрлі дін өкілдерін ығыстырып, фанатизм, экстремизм, радикализм сияқты теріс ағымдарды насихаттап, сонын салдарынан еліміздің көптеген аймақтарында діни негізде түсініспеушіліктер туындатып отыр. Дүние жүзіндегі адамдардың дені исламға өтіп кетуіне орай, христиан, иудаизм діндерінің жағдайы не болады? – деп қорыққан Батыс исламды құбыжық дін етіп көрсетіп, мұсылмандар арасына іріткі салу арқылы, исламға шабуылдап келеді. Тоқсаныншы жылдардың ішінде бір ғана Мәскеуде салафилік, уаххабилік бағыттағы кітаптар миллиондаған данамен шыға бастады. Халық қолына тиген кітапты оқыды. Нәтижесінде, Шешенстанның, Дағыстанның не болғанын білесіздер. Сол кітаптар Қазақстанға да жетті. Міне, сол кітаптар біздің азаматтардың қолына түсті дағы, саналарын алып кетті. Ол кезде елде білімді имамдар болмады. Олар қайдан болады, Кеңес Үкіметі кезінде жаппай атылып, қудаланып, айдалып кетсе? Бұл үлкен проблема еді. Жастар жаппай шетелге кетті. Олар қайда кетіп жатыр, ешкімді ойландырған жоқ. Пәкістанның тау қуысында орналасқан медресе сымақтарында оқыды. Египет, Иран, Сирияға кеткендер де келістірген жоқ. Міне, бізге толған «измдер» білімсіздіктен келді. Кейбір уақыттарда радикалдық исламшылдар тек ақша беріп, адамдарды өздерінің қатарына қосты немесе өздерінің діни оқу орындарында білім алуға қызықтырды. Басқа жақтан, Ислам әлемінің әртүрлі жерлерінде жұмыс жасайтын радикалдар дағдарыстар мен қақтығыстарды өз мұрсаттары ретінде пайдаланады. Өйткені халықтың арасында тұрақтылық болмаған кезде адамдарды ақшамен сатып алу және радикалдық ислам ағымына енгізу қиын мәселе емес. Радикалдық исламның таралуына Американың қолдаулары да әсер етеді. Америка Исламды бұрмалаған радикалдық ислам ағымын таратып, шын мәнінде, Ислам дініне қарсы үгіт жүргізіп, зұлымдық таратуды мақсат етуде. Радикалдық ислам ағымының ең үлкен дұшпан – мұсылмандар, шииттер болып саналады. Мұндай бұрыс ойлар Америка мен кейбір Батыс елдерінің іріткі салу саясаттарына жатады. Шын мәнінде радикалдық ислам ағымдары алдамшы ұрандарымен халықтың сенімдерімен санаспай, Әл-сауд пен Американың мүдделерін қамтамасыз етеді. Шетелдік ұйымдардың белсенді қаржылай және саяси қолдауымен Республика территориясында деструктивті діни ұйымдар кең таралды. «Терроризм, экстремизм дегендерді уаххабистер, салафилер, джиһадистер, такфирлердің ісі деп білеміз. Олар өздерін мұсылман санағанымен, істеген істерінің бәрі хақ исламға қайшы келеді. «Уаххабизм» Таяу Шығыста өмір сүрген Мұхаммедин Абдул Уаххаб атты арабтың есімінен шыққан. Ол «негізгі дініміз Құран мен Сүннеттен тұруы керек. Тәртіп беріп, жөнге салу керек. Көнбегендерінің басын шауып, қылыштың ұшымен емін беру керек дейді». Түсінгеніміз, егер дінді саясатқа пайдалансаңыз, міндетті түрде қан төгіледі. Уаххабизм осыны жасады. «Салафтар өздерін таза ислам, шынайы жолмен жүрміз» деп есептейді. Бірақ, қазіргі салафтардың іс-әрекеттері хақ исламға үш қайнаса да сорпасы қосылмайды. «Құранмен ғана жүріп, Пайғамбардың сүннеттерімен амал етеміз» дейтін оларды уаххабтардың екінші түрі деуге болады. Қазіргі салафтар өлген кісіге Құран шығартуды, ата-бабалар басына кесене тұрмақ, зират тұрғызуды, марқұмның садақаларын беруді, келіннің ата-енеге сәлем салуын «ширк» деп, мойындамайды. Бұл – дін емес. Соқыр фанатизм мен надандық қана. «Такфир» идеологиясын таратушылар негізінен «сунна» мен «хадистерге» сүйене отырып, өздерінің агрессиялық және ксенофобиялық әрекеттерін оп-оңай ақтап шыға алады. «Такфирлер» алғашқы кезде «мұсылман» қоғамдарын дінсіздер деп айыптаса, кейін «дінсіздер деп айыптау және қарулы көтеріліс» идеясы кеңейтіліп, батыс елдері мен қоғамдарына тарай бастады. «Такфир» – бұл ең алдымен қоғам мен мемлекет пікірімен жаппай келіспеушілік негізінде оларға қарсы қарулы көтеріліске шақыратын идеология. Іштен іріткі салу арқылы қоғамдағы бірлік пен татулыққа сызат түсіру болып табылады. Әсіресе, дәстүрлі емес ислам бағытындағы ағымдар жастардың шет елдерге шығып оқуын қолдап отыр. Ол жақта экстремистік бағыттағы діни ағымдардың идеяларымен саналарын улап келген жастар мұнда ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрлі дінді жоққа шығарып, іштей іріткі салатыны тағы белгілі. Бұл қоғамның бөлінуіне, қарама-қайшылық пен жанжалдың тууына әкеліп соқтырады. Бұл проблемаларды түпкілікті шешу үшін адамдарға «такфир», «хиджра», «джихад» деген сияқты барлық діни сұрақтарға тек қана Құран аяттары арқылы жауап бере отырып, шиеленіскен түйіндерді шешуге болады. Сонда ғана қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға, діни экстремизмнің алдын алуға және конфессияаралық келісімді нығайтуға, жалған діни бағыттар мен радикалдық діни ағымдарға қарсы тұруға болады. Діндердің бейбіт өмір сүруі, экстремизмнің таралуына қарсы әрекет – Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының басты мәселелері. Қазіргі таңда ұлттық деңгейде Қазақстан аумағында тыйым салынған террористік және экстремистік құрылымдармен бірге, төмендегі діни ұйымдардың әрекетіне тыйым салынған болып табылады:
І. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2004 жылғы 15 қазандағы шешімі негізінде:
1. «Аль-Каида»
2. «Шығыс Түркістандағы исламдық қозғалыс»
3. «Өзбекстандағы исламдық қозғалыс»
4. «Күрд Халық Конгресі» («Конгра-Гел»)
ІІ. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соттың 2005 жылғы 15 науры-
здағы шешіміне сәйкес:
1. «Асбат аль-Ансар»
2. «Братья-мусульмане»
3. «Талибан» қозғалысы
4. «Боз гурд»
5. «Орталық Азиядағы Жамаат моджахедтер»
6. «Лашкар-е-Тайба»
7. «Әлеуметтік реформалар Қоғамы»
ІІІ. Астана қаласы сотының 2006 жылы 17 қарашадағы шешіміне сәйкес:
1. «АУМ Синрикё»
2. «Шығыс Түркістан азат ету ұйымы»
ІV. Астана қаласы сотының 2008 жылғы 5 наурыздағы шешіміне сәйкес:
1. «Түркістан ислам партиясы».
V. Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотының 2013 жылдың 26 ақпанындағы шешімімен:
1. «Таблиғи – Жамиғат» халықаралық діни ұйымы
Сонымен қатар, Қазақстанда «Хизб-ут-Тахрир» шетелдік ұйымы экстремистік деп танылып, қызметіне тыйым салынған (2005 жылдың 28 наурызындағы Астана қалалық сотының шешімі). «Хизб-ут-Тахрир» («Хизбут-Тахрир аль-Ислами», «Исламның азаттық партиясы») – халықаралық сунниттік діни-саяси экстремистік ұйым. Исламның азаттық партиясы (мұсылман бауырлар) ағымынан бөлініп шығып, палестиналық жергілікті апелляциялық соттың судьясы Тақиюддин Набхани деген адамның басшылығымен 1953 жыл Сирияда алғаш рет пайда болды. Бірінші кезекте партия Палестинаны азат ету және сионизммен күресуді өз алдына мақсат етіп қояды. «Хизбут-Тахрир» мүшелері санының өсуіне байланысты партияның көсемі халықты жаппай исламдандыру жолымен халықаралық масштабта мұсылман мемлекеттері халифатын құру идеясына келді. «Хизб-ут-Тахрир» этникалық және конфессиялық төзімсіздікті таныта отырып, дiни араздықты тұтатады.Еліміздегі діни ахуалды жаһандану үдерістерінен, әлемдік қайшылықтардан, ислам дінінің әлемдегі орны, ықпалынан бөліп қарау мүмкін емес. Дін мәселесі – қашанда өзекті. Еліміздің сыртқы және ішкі қауіпсіздігін нығайту, ұлттық қауіпсіздік Стратегиясын жүзеге асыру мәселесін Елбасы Н.Ә. Назарбаев әрқашан басты назарда ұстап келеді. Қазіргі таңда Қазақстан тұрақтылық пен келісімді, төзімділікті сақтау мен насихаттау жұмыстары бойынша көптеген мемлекетке үлгі. Дегенмен, ұлт және діни мәселелер жөнінде туындап отырған жанжалдар, террорлық әрекеттер ұлттық қауіпсіздік мәселесін айрықша назарда ұстауды талап етеді.
Қазақстанға сырттан этно-діни экстремизм мен радикализмнің әртүрлі нысандарының кіруі әлеуетті қауіп туғызады. Қоғамда орын алып отырған әлеуметтік және тұрмыстық жергілікті проблемалар да этностық рең алып кетуі мүмкін. Жас ұрпақты тәрбиелеу жұмысында жіберілген қателіктер көпэтностық Қазақстан халқының этносаралық және мәдениетаралық төзімділік дәстүріндегі сабақтастықтың бұзылуына қауіп туғызуы мүмкін. Миллиондардың, тіпті, миллиардтардың қанымен келген тәуелсіздік, бүгінгі егемен елді саналы, салиқалы ұрпақ қана сақтап қала алады. Біз сол үшін күресуіміз керек.
ТМД елдеріндегі діндердің рөлі: атты халықаралық конференциясының материалдар жинағы. – Астана, 2013.






