Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі діни және рухани тұрақтылық мәселелеріне айрықша мән беруде. Бұл ретте «Қазақстан – 2050» стратегиясында осы тақырыпқа «ХХІ ғасырдағы Қазақстандағы дін» деген жеке тарау арналды.
Осы аптада Үкімет жанындағы Діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі кеңес кезекті отырысына жиылды. Кеңеске Президент Әкімшілігінің, Премьер-министр кеңсесінің, Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдері, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдар мен дәстүрлі діндер бірлестіктерінің басшылары, дінтанушы-ғалымдар мен қоғамдық қайраткерлер қатысты.
Құжатта сондай-ақ қоғамда, оның ішінде ең алдымен жастар арасында діни экстремизмнің алдын алуды күшейту, сондай-ақ тұрғындар арасында Қазақстан халқының дәстүрлері мен мәдени құндылықтарына сәйкес келетін діни сананы қалыптастыру қажеттілігіне ерекше назар аударылған.
Жаңа мемлекеттік бағдарламада діни экстремизмге және терроризмге қарсы тұруды іске асыратын мемлекеттік органдардың жұмысын ұйымдастырудың жаңа нысандары мен әдістері, соның ішінде халықтың діни сауаттылығын арттыру шаралары қарастырылған. Бұл ретте мемлекет алдын алу шаралары арқылы қазақстандық қоғамның террорға қарсы сана-сезімін 2017 жылға қарай 99,5-100 пайыздық көрсеткішке жеткізуді мақсат тұтуда. Яғни енді бір бес жылдан кейін қазақстандықтар терроризмді мүлдем қабылдамайтын тас-түйін қоғамға айналуы қажет.
«Қазақстан – 2050» стратегиясында Мемлекет басшысы дін атын жамылып, дүниені дүрліктіретіндерді, адамдарды өмірден айыратындарды «қылмыскер» ретінде қарастыруға шақырады: «Қазақстандағы экстремизм мен терроризмде идеялық емес, қылмыстық негіз бар. Жалған діни көпірмеліктің артында қоғамның негізін күл-талқан еткісі келетін қылмыстық іс-әрекет жасырынып жатыр. Бұл – біздің еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылыққа шабуыл. Бұл – біздің мемлекеттігіміз бен азаматтық кемелдігіміздің мықтылығының сынға түсуі» дей келе, Н.Назарбаев радикализм, діни экстремизм және терроризмнің барлық нысандарымен және көріністерімен күресті алдағы кезеңдегі басымдықты бағыт ретінде анықтады.
Бірақ сонымен бірге бұл істе асыра сілтеуге жол берілмеуін де қадап тапсырды: «Сөйте тұрып, мен ұлтты да сақтандырғым келеді. Экстремизммен күрес әйтеуір жазықтыны іздеп табуға айналып кетпеуге және дінмен күреске жалғасып кетпеуге тиіс, – дейді Елбасы «Қазақстан – 2050»-де. – Дін мәселелерінде ойластырылған қадам және өте мұқияттылық қажет. Мемлекет діни бірлестіктердің ішкі ісіне араласпауға тиіс. Біз ұят, толеранттылық және төзімділік еркіндігі принциптерін қастер тұтуымыз керек».
Айтқандай, Елбасы қойған міндетке сәйкес, бұдан былай Қазақстанда діни экстремизм мен терроризмге қарсы тұруға «әдістемелік негіз» болатын ғылыми-қолданбалық зерттеулерді жүргізу сапасы арттырылады. Бұған қоса, мемлекеттік құрылымдардың ақпараттық-насихаттық жұмыстарына азаматтық қоғам институттары мен ұйымдары кең тартылатын болады.
Дін істері агенттігінің мәліметінше, жаңа бағдарламаны жүзеге асыруға арна тартатын 200 миллиард теңгедей мол қаржының бір бөлігі қоғамдық ұйымдар арасында әлеуметтік тапсырыс ретінде үлестірілмек. Оның аясында үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық қайраткерлер ел аралап, алыс ауылдарға дейін жетіп, халық арасында кең ауқымды «діни сауат ашу» шараларын жүргізуге тиістей. Дін істері агенттігі қоғамдық ұйымдарға мемлекеттік тапсырыс аясында қолға алынуға тиісті жобалардың бір мысалы ретінде бас бостандығынан айыру орындарына барып, сондағы адал жолдан адасқан жандармен осы тақырыптарда әңгімелесуді, түсініктеме жұмыстарын жүргізуді ұсынды.
Халықпен дін тақырыбында ашық сөйлесудің керектігіне Қазақстан көшбасшысы бекер назар аудартып отырған жоқ. Мәселен, Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шарифке ғаламтордағы блог арқылы Алматы қаласының Шаңырақ елді мекенінің өзін «Әсет Сәметұлы» деп атаған тұрғыны жүгініп, мынадай сұрақ қояды: «Ассалаумағалейкум! Әділет – бәріне теңдей үлестіру ме, әлде әркімге өз тиісті хақысын беру ме? Әрине, әркімге оған тиістісін беру! Бес жасар бала мен отыз жасар азаматтың жейтін тамақ порциясы тең бе? Әрине жоқ! Олай болса неге халқымыздың алпыс пайызы ұстанатын Ислам мен бес-он немесе одан да аз пайызы ұстанатын діндерге тең приоритет берілуі керек?»
«Құрметті Әсет Сәметұлы! – дейді агенттік басшысы. – Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары – басты болғандықтан, мемлекетімізде тұратын халықтың ұстанатын дініне, пайыздық мөлшеріне байланысты шектеу қоюға, үстемдік беруге, төмендетуге заң тұрғысынан тыйым салынған. Әлдінің әлсізге күш көрсетуі – әділетсіздік. «Біз көппіз, олар аз» деп басқа діннің құқығын шектеу де сол сияқты. Мұның арты жақсылыққа апармайды деген пікірдеміз»!
Осы салада қарапайым бұқарамен қатар, қалаулыларда да көкейтесті сауалдар қордаланып қалғанға ұқсайды. Мәселен, Мәжіліс депутаты Ахмет Мурадов: «Діни экстремизм туралы сөз еткенде, оған қандай позиция тұрғысынан мемлекет баға береді? – дейді. – Егер бір мазһаб позициясынан бағаланса, басқа мазһабтармен арада қандай қайшылықтар анықталған?»
– Біздің барлығымыз – мұсылмандармыз, жалғыз Ислам бар, және де осы Исламды тану үшін 4 діни мектеп бар, – дейді Қайрат Лама Шариф. – Қазақстанда тұратын 20-дан астам этнос негізінен, Ханафи бағытындағы Исламды ұстанады. Сондықтан «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңының кіріспесінде біз Ханафи бағытындағы Исламның тарихи рөлін танитындығымызды атап көрсеттік.
Елбасы да өзінің «Қазақстан – 2050» Жолдауында: «Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мазһабын ұстанатын сүнниттерміз. Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген. Ендеше, бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ең ізгі дін – ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал» деп қадап айтты. «Осыған орай біз жастарды Ханафизмге бағдарлаймыз. Және де бұл жұмыс осы бағытта жалғастырыла беретін болады» дейді Қайрат Лама Шариф.
Ал экстремизм сипатына қатысты сараптама, Агенттік төрағасының нақтылауынша, Үкіметтің арнаулы қаулысына, әдістемелік құралға сәйкес жүргізілетін көрінеді: «Қазіргі кезде Дін істері агенттігінде сараптамамен Мәдениет пен дін халықаралық орталығында және Дін мәселелері жөніндегі ғылыми зерттеу орталығында жұмыс істейтін 60 дінтанушы айналысады». Агенттік өз қызметін бастағалы 4344 діни кітап пен басқа да ақпараттық материалдарға сараптама жүргізді. 148 материал бойынша теріс қорытынды берілді. Қазіргі таңда 1923 діни кітапқа дінтану сараптамасы жүргізілуде.
«Мұның барлығы – басқаны зеріктіретін, машақатты, тынымсыз еңбек, бірақ соған қарамастан біз кестеден қалмаудамыз. Жалпы, сараптама жүргізуге 1 ай беріледі, егер күмән туындаса, біз тағы 1 айға соза аламыз. Бұл заңмен бекітілген мерзім» дейді Қ.Лама Шариф. Оның айтуынша, Агенттіктің барлық аумақтық департаменттері жанынан сарапшылар кеңесі құрылыпты. Оған сол өңірлердегі ЖОО-ларда дәріс оқитын философия ғылымдарының докторлары мен профессорлары тартылған екен: «Олар белсенді қатысуда, біз лотқа қоятын әртүрлі мемлекеттік тапсырыстарды жеңіп алады».
Мұның сыртында 150 отандық ғалымдар мен дін саласы мамандарының басын қосқан Қазақстан дінтанушыларының конгресі құрылды. «Оған сенатар академик Ғарифолла Есім төрағалық етеді» дейді Дін істері агенттігінің төрағасы. Оның дерегінше, осы Конгрестің көптеген мүшелері де сараптама жасауға қатысуда.
«Қазақстан – 2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында Қазақстан көшбасшысы «дәстүрлі емес секталар мен күмәнді жалған діни ағымдардың іс-әрекетін қатаң түрде тыйып отыруды» міндеттеді. Бұл ретте Дін істері агенттігі миссионерлік қызметті реттеу мақсатында «шетелдік миссионерлердің елге келу тәртібін нақты бекіткен. Бүгінде уағыз жүргізуге ұлықсат беретін куәлік алғандар миссионерлік қызметін «тек сол құжатта белгіленген өңірлерде ғана жүзеге асыра алады». Осы тәртіп негізінде елімізде 394 миссионер тіркелді.
19.07.2013