Имам Ағзам жас шағында Басра қаласында бір мәжусимен кездеседі. Қалаға сауда жасау мақсатымен келген мәжуси «Мен отқа Аллаһ деп табынамын. Өйткені, ол отты көремін. Ал сендердің Аллаһтарың жоқ, бар болса маған көрсетіңдер, әрине, сендер көрсете алмайсыңдар. Ғалымдарыңды, ұстаздарыңды шақырыңдар, маған көрсетсін» деп халықты қатты састырады. Аспаннан түскендей елдің құтын қашырып мазасын алған мына неменің аузын жабу үшін жұрт бір жас баланы шақыртпақ болады. Егер оны жеңсе ұстазын шақыртпақ. Бірақ, мәжуси «Менің майда-шүйделермен дауласып отыратын уақытым жоқ» дейді. Ақыры не керек, ертеңінде ел болып жиналып мешітте белгілі уақытта жолықпақшы болады.
Келесі күні келіскен уақытта мешіт іші лық толып жас жігіт пен мәжусидің пікірталасын тамашаламақ болады. Мәжуси ерте келіп ап орындыққа жайғасып, жас жігітті күтеді. Бірақ, белгіленген уақыт әлдеқашан өтіп кетсе де жас жігіт Әбу Ханифа кешіге береді. Ол кешіккен сайын мәжуси «Оқымыстыларың қорыққанынан келмейтін болды» дейді көтеріле түсіп. Халық та мазасыздана бастайды.
Біраз уақыт өткеннен соң Әбу Ханифа алты айрығынан тер ағып жетеді:
– Айыпқа бұйырмаңыз, ағайын! Кешігіп қалдым. Өзеннің арғы жағалауынан бер жағына өтетін көлік іздеп тұрғанмын. Ешкім көрінбеді, сіздерден ұят болды-ау деп, не істерімді білмей тұрғам, кенет басыма бір ой сап ете қалды. Өзеннің жағалауындағы ағаштарға «Әй, ағаштар, бірің қайық, бірің ескек болыңдар, мен өзеннің арғы жағына өтейін» дедім. Айтып ауыз жиғанымша болған жоқ, сіздерге өтірік, маған шын, ағаштар әп-сәтте бірі қайық, бірі ескек боп мені көзді ашып-жұмғанша бергі жаққа алып өтті, – дейді. Сол-ақ екен, орындықта отырған мәжуси қарқылдап тұрып күлсін кеп.
– Ғалым деп алып келгендерің мынау болса жетіскен екенсіңдер, – дейді, – айналайын-ау, ағаштың өз-өзінен қайық болғанын қай атаңнан көріп ең? Дәл осыны күткен Әбу Ханифа дереу:
– Ағаштың өз-өзінен қайық болмайтынына сенбейсің де, мынау үлкен ғаламды жаратушысыз болуы мүмкін дейсің бе? – дегенде, мешіт іші қуаныштан тәкбір айтып, шулап қоя береді. Орындықта отырған мәжуси:
– Олай болса, неге сендердің Аллаһтарың көрінбейді. Егер бар болса көрінуі керек емес пе? Ол жоқ болғандықтан көрінбейді, – дейді. Әбу Ханифа мәжусиге:
– Сенің ақылың бар ма екен осы? – деп қарсы сұрақ қояды. «Бар» дейді мәжуси.
– Олай болса, ақылыңды көрсет бізге, – дейді мәжусидің өз сұрағын өзіне қойып. «Оны көрсету мүмкін емес» деген мәжусиге Әбу Ханифа рух, ақыл секілді кейбір бар нәрселердің де көріне бермейтінін айтқанда жамағат дереу тәкбір айтып, қатты қуанады. Әбден тығырыққа тірелген мәжуси ашуланып:
– Басы мен соңы болмайтын біреудің болуы мүмкін бе екен? – деді. Сонда жас жігіт Имам Ағзам Әбу Ханифа саспастан:
– Сен санау білесің бе? – дейді.
– Білемін, – дейді мәжуси.
– Бірдің алдында неше бар?
– Бірден бұрын сан жоқ.
– Дәл сол сияқты Аллаһтың да алдында ешқандай жаратылыс жоқ.
«Жығылған күреске тоймас» дегендей мәжуси осы жерде мына сұрақты қояды қырсыға түсіп:
– Жарайды, Аллаһты бар дейік, онда ол қай жаққа қарай бағыт алып барады? Бұл сұраққа имам Ағзам хазірет:
– Шамды жаққанда оның жарығы қай жаққа бағыт алады? – дейді.
– Барлық жаққа жайылады, – деп жауап береді мәжуси. Сонда имам Ағзам:
– Шамның жарығы барлық жерге тарайды екен де, жер мен көктің нұры Аллаһ тағала барша жерді қамти алмай ма екен? Мұны күннің өзі дәлелдеп тұрған жоқ па? – дейді. Жеңілгенін біле тұра ақтық рет амал қылып қалайын дегендей былай дейді:
– Сендер Аллаһты барлық жерде бар деп ойлайсыңдар. Осыны қалай түсіндірер едің? – дейді. Сонда Әбу Ханифа бір кесе сүт алдырып. Мәжусиге қарап :
– Май сүттің қай жерінде? – деп сұрайды.
– Май мұның барлық жерінде, – деді мәжуси. Әбу Ханифа Аллаһтың бұл әлемнің барлық жерінде бар екенін оның ұғымына шақтап түсіндіріп береді. Мәжуси соңғы сұрағын қояды. Бірақ, басындағыдай емес, алғашқы арыны басылып даусы бәсең шығады:
– Сендердің Аллаһтарың дәл қазір не істеп жатыр, соны айтшы.
Әбу Ханифа мәжусидің орындығынан түсуін сұрап, орнына өзі отырып алады да:
– Қазір Аллаһ тағала сен секілді ақымақ біреуді орнынан түсіріп, мен секілді жас баланы әлемге ғибрат болсын деп басқалардан бір саты биікке көтерді, – дейді.
Сөзге тоқтаған мәжуси имам Ағзам Әбу Ханифаның ақылы мен зеректігіне таң қалып, рахметін айтып, дереу сол жерде тілін кәлимаға келтіріп мұсылман болады[1].
Тағы бір жолы Имам Ағзамның құзырына бірнеше адам келген еді. Имамға дауыс көтеріп, анадайдан айқайлап жатты. Әбу Ханифа намазда «Фатиха» сүресін оқыса, артында оған ұйыған жамағат оқымайды деген еді[2]. Сөздің төркінін түсінбеген жамағат Имам Ағзамға қарсы шықты. Мынау келгендер де сол дауды айтып, Имамды қате үкім бердіге санап келген екен. Имам Ағзам қаптаған мына адамдарға қарап:
– Мен қазір сіздердің барлықтарыңызбен қалайша бір уақытта сөйлесемін. Араларыңыздан бір өкіл тағайындаңыздар, сол маған барлық мән-жайды түсіндіріп берсін, әйтпесе мен түкке түсініп тұрған жоқпын, – дейді. Олар имам Ағзамға араларынан біреуін таңдап көрсетті де, мына кісі бәріміздің атымыздан сөйлейді деп бір адамды алға шығарды. Сонда Имам Ағзам: мен осы кісімен сөйлессем, баршаңызбен сөйлескен боламын ғой, солай ма? – деді.
– Иә, бәріміздің сөзімізді осы кісі жеткізеді, – дейді. Имам Ағзамға да керегі осы, жұлып алғандай:
– Өз сөздеріңізді өздеріңіз қайшы келесіздер. Дәл қазір мына кісі сіздердің орындарыңызға барлығын маған айтады. Намазда да дәл осылай емес пе? Имамның оқуы жамағаттың оқығанымен тең, – дейді. Жамағат мұндай салыстыру тәсіліне таңырқап, Имам Ағзамның пәтуасының дұрыс екенін мойындады[3].
Сол уақыттарда Куфада дәулетті біреу хазірет Османды (р.а.) яхуди дейді екен. Ғалымдар қаншама рет олай айтып, былай айтып, оны пасық ойынан қайтара алмайды. Ешқандай нәтиже шықпаған соң келіп жағдайды Әбу Ханифаға жеткізеді. Әбу Ханифа байға барып:
– Саған құдалыққа келдім. Аллаһтың әмірі, Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) шешімімен қызыңды айттырамын, – дейді.
– Кімге? – дейді бай күтпеген «құдаға».
– Өте тақуа бір адамға. Дәулет десе дәулет бар, білім десе білім бар. Өзі Құранның хафызы. Жомарттығында шек жоқ. Түні бойы ғибадаттан бас алмайды. Аллаһтан қорыққаны соншалық, бір сәтке де көздері жастан құрғамайды…
– Жетер-жетер. Осы қасиеттердің бірін ғана иеленген адамның өзіне қызымды қазір беруге дайынмын.
– Бірақ, бір кемшілігі бар, – дейді Әбу Ханифа, – июдаизм дінін ұстанады.
– Құдай сақтасын! Басқа адамды таппағандай менің қызымды қайдағы бір яхудиге бермек болдың ба? Мені кім деп тұрсың өзің? Имамның да күткені осы еді. Жұлып алғандай байға былай дейді:
– Сен бір қызыңды яхудиге бермегенде Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) екі бірдей қызын яхудиге қалайша бермек? Осыны ойладың ба?
Бай сөздің төркінін сонда ғана түсініп, тәубе еткен екен[4].
Алау ӘДІЛБАЕВ,
«Әбу Ханифа және Ханафи мәзһабы» кітабынан