– Үстіміздегі жылы егеменді ел болғанымызға 22 жыл толғалы отыр. Бірақ Қазақстан тарихы осы шектеулі мерзіммен ғана өлшенбейтіні белгілі. Осы орайда Қазақстанның әлем тарихындағы орнына әдебиеттанушының көзімен қандай баға берер едіңіз?
– Иә, қазақтың тарихы да, тәуелсіздігіміздің тарихы да осы екі онжылдықтан аз ғана асатын кезеңмен өлшенбейді. 22 жыл – біз үшін шартты мерзім. Шын мәнінде біздің егемендігіміз өз бастауын тарих тереңінен алады. Біздің тәуелсіздігіміздің тарихында сонау сақтар мен ғұндар дәуірінен басталып, Көк Түріктер қағанатында жалғасын тапқан, кешегі Қазақ хандығы тұсында кемеліне келген егемен ел, азат мемлекет жолындағы күрестердің ізі сайрап жатыр. Жоңғар-қалмақтармен 150 жылдық шайқаста ел қорғаған ерлердің, ХVІІІ-ХІХ ғасырларда ұлт азаттығы жолында күрескен қаһармандарымыздың, кешегі Желтоқсан құрбандарының әрбірі бүгінгі егемендігімізге баға жетпес үлес қосты.
Әлем тарихында үш мыңжылдық бойына мемлекеттілігін сақтап келген екі ел бар. Ол – ирандықтар мен қытайлықтар. Ал осы екі көне мемлекет аралығында орналасып, олардың тарихында терең із қалдырған, өркениеттік дамуына елеулі әсер еткен ежелгі Тұран жұрты жасаған өркениеттің әлі күнге лайықты бағасы берілген жоқ. Егемен елдің бүгінгі тарихшылары осы мәселеге баса назар аударуы керек. Біздің қазақ елі басқа да түркі халықтарымен бірге даңқты Тұран өркениетінің заңды мұрагерлері болып табылады. Сондықтан біз Тұран өркениетінің тарихын жаңа көзқараспен қайта сараптауымыз қажет. Бұл отандық тарих ғылымының сапасын жаңа деңгейге көтерудегі нақты қадам болмақ.
Ғалымдардың пайымдауынша, ең даңқты өркениеттер көшпенділер өлкесімен шектесіп жатқан аймақтарда ғана пайда болған екен. Мұның бір себебі көшпенділер өлкесінің мәдениеттер мен өркениеттерді сұхбаттастырушы, сол арқылы біріктіріп, кіріктіруші, дамуына ықпал етуші өлке болғандығында жатыр. Және көшпенділер өркениетінің материалдық мәдениеті басым дамыған елдердің дүнияуи тұрғыдан тұтынушысы, рухани тұрғыдан серпін берушісі ретінде де елеулі ролі болғанын ұмытпауымыз керек. Басқаша айтқанда, көшпенділер жасаған өркениет әлемдік өркениетке тепе-теңдік дарытып, таразы басын теңгеріп тұрған өз ерекшелігі бар өркениет болған. Көшпелілерді «от қару пайда болғанға дейін тарихтың дырау қамшысы болған» деп бағалаған европа ғалымдары да осындай негіздерге сүйенсе керек. Ал руханият мәселесіне келсек, түркішілдік теоретигі Зия Гөкалптың: «Әрбір халық әлемдік өркениетте белгілі бір жетістіктерімен орын алады. Түркілер мораль мәселесінде ерекше жетістікке жеткен» деген пікірі де үлкен зерттеулердің нәтижесінде түйінделген тұжырым.
Екінші жағынан біздің қазақ жерінде дамыған өркениет бірыңғай көшпелі болып қалмағаны бәрімізге белгілі. Көпшілігі монғол шапқыншылығынан кейін тіршілігін жойған, бірқатары ХVІІ ғасырға дейін тіршілігін жалғап келген, кейбірі күні бүгінге дейін өмір сүріп, тарихымыздың тірі куәсі болып отырған шежіре-шаһарларымыз қаншама. Оларда өз кезеңіндегі өркениеттің ең үздік жетістіктері шоғырланды. Тарихымыз жайлы сөз болғанда атын атамай өте алмайтын Отырар, Баласағұн, Түркістан, Сарайшық секілді төрт қаланың өзі қаншама өркениеттік жетістіктерімізді еске түсіреді. Біздің рухани және материалдық мәдениетіміздің орталықтары болған осы даңқты шаһарлардың көбі қазір құм басқан қалпында жатыр.
– «Рухани мәдениет және материалдық мәдениет» деген ұғымдарды айтып өттіңіз. Солардың арақатынасы жайлы таратып айтсаңыз.
– Тарих дәлелдеген бір шындық бар: рухани мәдениеттің ғұмыры материалдық мәдениеттен әлдеқайда ұзақ. Орны ғана қалған Отырартөбенің даңқты перзенті Әбу Насыр әл-Фараби әлем халықтары үшін «екінші ұстаз» атанып, ислам Ренессансының көшбасында тұрды. Оның еңбектерін адамзат өркениеті тірек етіп отыр. «Ақтөбе» атты үлкен төбеге айналып, үнсіз жатқан Баласағұннан шыққан кешегі даңқты қаламгер Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» атты еңбегін бүгінде әлем таниды. «Туған жерім – мүбәрәк Түркістан» деп жырлаған Түркістан перзенті Қожа Ахмет Йасауиді барша түркі халықтары рухани пір тұтса, әлем халқы оның әдебиет әлеміндегі баға жетпес орнын бірауыздан мойындайды.
Материалдық мәдениеттің күйреуге бейім екенін дана бабаларымыз ежелден-ақ жақсы білген. Сондықтан қашанда рухани әлемін кемелдендіруге күш салған. Пәни тіршіліктен жиған-терген барша даналығын, тағылым-тәжірибесін, тарихын, әдебиетін халқымыз аңыз-әңгімелерге, жыр-дастандарға, мақал-мәтелдерге, шежірелерге, ән-күйге, жер мен судың, тау мен тастың атына айналдырып, ұрпаққа жеткізуге тырысқан. Бейнелі түрде айтсақ, аңыздардың шындыққа қарағанда ғұмыры ұзақ болатынын бабаларымыз қалтқысыз пайымдаған. Сондықтан қазақ даласы абыздар мен аңыздар еліне айналған.
Екінші жағынан тарихын тасқа қашағанда да бабаларымыз сол тарихтың мүмкіндігінше ұзақ сақталуын қамдаған. Орхон-Енисей жазбалары еңсесі биік кез келген тасқа емес, ғасырлар бойы желдің өтінде, күннің бетінде тұрып, жауын мен желден әбден қажалып біткен, ары қарай мүжілместей болып, берік өзегі қалған тастарға ойып жазылған екен. Және ол тастардың елсіз-күнсіз айдалада емес, тоғыз жолдың торабында, сайын даланың төсінде қасқайып тұрып, өткен-кеткен жолаушы оқымай өтпейтін ашық аспан астындағы тарих оқулығына айналуын да бабаларымыз ойламай қалмаған. Тарихты қағазға емес, тасқа қашап, сөзге немесе сазға айналдырып қалдырудың да осындай ғибраты болған. Сөзге көшіріліп, аңыз бен әуенге айналған тарих ұлттың ой-санасына ғана емес, генетикалық жадына да терең сіңіп, бейсаналы түрде сақталатын болған. Қазақтың «қанына сіңген», «сүтпен сіңген», «бесігінде дарыған» деп келетін тағылымды тіркестерінің де мәні осында.
– Мемлекет және мемлекеттілік болған жерде идеология болмай тұрмайды ғой. Біздің тарихымызда біртұтас идеологияның қалыптасқан, орныққан кезеңдері болды ма?
– Ұлт тарихы ажырамас екі негізден құралады. Бірі – егемендік жолындағы ерлік күрестерден құралған азаматтық тарих, ал екіншісі – ұлттың идеологиялық бағдарын орнықтыру жолында жасалған рухани тарих. Біздің азаматтық тарихымыз көптеген іргелі зерттеулерге арқау болды. Назар аударылуға тиіс ендігі бір үлкен бағыт – біздің рухани тарихымыз.
Қазақ халқының тарихында ұлттық-мемлекеттік идеология дәрежесіне көтерілген біртұтас ілімдерді жасаған даңқты тұлғалар болды.Ұлтымыздың болмысын қалыптастырған, құндылықтық бағдарын белгілеген осындай ілімдердің бастау көзі және бірегейі – Қожа Ахмет Яссауи ілімі.
Түркі халықтарына ортақ ұлы ойшыл Яссауи жасаған ілім өз бастауын түркі халықтарының ғасырлар бойы қалыптасқан рухани құндылықтарынан алады. Қожа Ахмет Яссауи осы рухани құндылықтарды жинақтап, қорытып, оны ислам дінінің қағидаларымен үйлестіріп, біртұтас ілімге айналдырды. Яссауи өз ілімінің барлық қағидаларын ханафи мазхабы ұстанымдарының аясында дамытты. Яссауи ілімі барлық түркі халықтарының, соның ішінде ол дүниеге келген өлкенің иесі – қазақ халқының да дүниетанымына негіз болып қаланды. Қазақ халқының барлық діни-ислами түсініктері Яссауи ілімінің аясында қалыптасты. Ұлттың ар-ождан кодексі ролін атқарған Яссауи ілімінің негізгі ұстанымдары қазақ халқының моральдық қағидаларында көрініс тапты. Мұның нақты мысалын біз халқымыздың ізгілікке, имандылыққа негізделген әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерінен, жыр-аңыздары мен мақал-мәтелдерінен, кешегі жыраулар поэзиясы мен би-шешендердің нақыл сөздерінен, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп секілді көрнекті тұлғаларымыздың туындыларынан айқын аңғарамыз. Сондықтан халқымыздың ұлт болып қалыптасуы мен дамуына, ұлттық ерекшеліктерінің берік сақталуына Яссауи ілімі тікелей әсер етті деп біз сеніммен айта аламыз.
Яссауи ілімі тек тарихи роль атқарып қана қойған жоқ. Бұл ілімде қазіргі қоғамға қажетті иделогиялық ұстанымдардың барлығының негізі қаланған. Біз Яссауи ілімін ұлтымыздың рухани тарихының тағылымды тәжірибесі ретінде қабылдауға тиіспіз. Қазақ халқы ислам діні аясында ұлт болып қалыптасса, қазақы исламның бітім-болмысы, қазақ мұсылмандығы Яссауи ілімі арқылы қалыптасты. Қазіргі зайырлы, өркениетті Қазақстан қоғамына зәру парасатты идеология мен қастерлі қағидалар Яссауи ілімінде көрініс тапқан. Рухани тәжірибесі аса бай қазақ халқы өзінің ұлттық бастауларындағы осындай табиғи, тұнық ілімдерді жаңғырту арқылы жаһандану жағдайында да өзінің бірегей болмысын сақтап қала алады. Тарихтың тар жол, тайғақ кешуінде ұлтты ұйыстыра білген Яссауи ілімі қазіргі қазақ қоғамына да рухани бағдар болмақ. Тамырын туған топырағымыздан алатын, ұлттық болмысымыз бен ділімізге етене жақын Яссауи ілімі бүгінгі Қазақстан мемлекетінің идеологиялық тұғырнамасы ретінде орнығуы тиіс.
– Қазақ болмысындағы мемлекеттік сана жөнінде не айтар едіңіз?
– Болмыстан бұрын идея туралы сөз қозғау осы тұста орайлы тәрізді. Отандық тарихшылар қазақ жеріндегі мемлекеттілік тарихы жөнінде жиі қалам тартуда. Ал мемлекеттік сана көрінісі жайында ой қозғаушылар кемшін секілді. Ол негізсіз де емес: Ұлт бойындағы мемлекеттік сана көрінісі тарихи фактілерде тайға таңба басқандай сайрап тұра бермейді, ол көбіне көп ұлттың ділі, болмысы, құндылықтары арқылы айқындалады. Сондықтан бұл мәселеде әдебиетшілер мен философтардың айтары көбірек дер едім. Әңгімені әрі қарай әдебиетші ретінде сабақтайын.
Қазақ болмысында мемлекеттік сананың көне дәуірден қалыптасқанына оның азаматтық тарихының көркем көрінісі болып табылатын әдебиет тарихы куә. Мемлекеттік сана сілемдері сөз өнерінің сара туындыларынан мен мұндалап көрінеді.
Ғұндардың атақты көсемі Аттила (Еділ патша) жайлы 25 ғасыр бойы жырланған дастан бар. Рим империясын бағындырғаннан кейін Аттила: «Маған (яғни ғұн жұртына) енді қарсы тұрар ешкім жоқ, сондықтан мен енді соғыспаймын» деп, Алтынжал атын босатып қоя береді. Бұл аңыздың символикалық мәні ғұн патшасының өз бойындағы барлық күш-жігерді бейбіт мемлекет құрылысына бағыттауға деген ұлы аңсарын аңғартады. Осы аңсар адамзат тарихына ұлы өзгеріс алып келді – Еділ патша жорықтары нәтижесінде ежелгі Римдегі құл иеленушілік құрылыс құлап, оның орнында жаңа қуатты, өміршең мемлекет пайда болды.
Тұрандықтар мен ирандықтардың ұзақ жылдарға созылған шайқастарын баяндайтын «Алып Ер Тоңға» дастаны – көне түркілердің ел болу жолындағы күресі мен ерлікке толы өмірін арқау еткен жыр. Халықтың бейбіт өмірін, абат тұрмысын аңсар етіп, Баласағұн қаласы маңынан бау-бақшалы, күміс хауізді Шу қаласын салдырған, жау қолымен айқаста қалың елдің азаттығын сақтап қалған ер жайлы «Шу батыр» дастаны дүниеге келді. Көне түркілерден қалған «Көк бөрі» жыры қаһарман ұлттың еркіндіктен жаралған азат та текті болмысына деген адалдық пен құрметті жыр етеді. Ал «Ергене кон» дастаны – түркі жұртының елдік, ерлік, отаншылдық сезімдеріне сөзден соғылған ескерткіш іспетті.
Орхон жазба ескерткіштерінің мәтіні тұтасымен елдік пен тәуелсіздік идеясына құрылған. «Күлтегін» және «Білге қаған» жазбалары ең алдымен елді бірлікке, тәуелсіздік жолындағы күреске шақырған үндеу сөз болып табылады. Тарихын тасқа қашаған елтұтқа ерлердің басты мақсаты – түркінің текті болмысын, тағылымды тарихын, ерлік күресін баян ете отырып, барша жұрттың рухын ояту, замандас жұрттың ғана емес, сан ғасырдан кейін келетін ұрпақтың рухына қозғау салу. Адамзат өркениетінің көне дәуірлерінде сына тасқа, қыш тақтаға таңбаланған мәтіндердің негізгі бөлігі заңдық, қаржылық, меншіктік қатынастарды білдіретін құжаттар, астрономиялық сызбалар мен күнтізбелер болып келеді екен. Ал түркі жерінен табылған жазба жәдігерліктердің барлығы дерлік азаматтық тарих пен елдік мұраттарды баян етеді.
Кешегі Ноғайлы дәуіріндегі «Орманбет би өлген күн, Он сан ноғай бүлген күнді» жырлаған жыраулар ең алдымен мемлекет тұтастығының бұзылғанына қамықты. Ноғайлы ханы Мамайды анасы Қараүлектің жоқтағанына назар салсаңыз: «Алтын орда бақшасын Гүлдендіріп жайнатқан Мамай, Бақшада бұлбұл сайратқан Мамай, Сарбаз әскер ойнатқан Мамай, Еменді найза толғатқан Мамай, Қуантып халқын күлдірген Мамай, Құралды әскер ерлерін Асқар шыңнан жүргізген Мамай» деп, елді ел еткен ердің ерлігін айтып күңіренеді. Сол дәуірдің дара туындысы «Қарасай-Қази» жырының өзегін мемлекеттік сананы сақтау идеясы құраған. Бір тақты бөліп-жармау үшін атадан мұра қалған алтын таққа өздері отырмай, уақытша ел билеген Шынтемірдің ұлы жас Әділді хан сайлап, өмірлерін соған қызмет етуге арнаған, «қара да емес, хан кегі» деп, қалың жаудың қолынан ханды құтқарған, өздері олжалаған қызылбас ханының қызын да «ханға лайық» деп жас Әділге сый еткен Қарасай мен Қазидың барлық ісі ел тұтастығын ойлаған текті ерлердің өнегесін танытады.
Жыраулар поэзиясынан бастап, берідегі әдебиет үлгілері баршаға таныс болғандықтан, сөз аяғын осы тұстан қайырғанды жөн көріп отырмын. Жалпы, қазақ халқы болмысында біртұтас мемлекеттік сана қалыптастыруға деген талпыныстар елдің сөз ұстарлары тарапынан сан ғасырлар бойы жалғасып келді. Дегенмен атап айту қажет, ұлтымыздың болмысында ұлттық сана айқын да, мемлекеттік сана біршама көмескі қалыптасқан дер едім. Бұған шаһарлы жұрт салтын құрған отырықшылық тарихымыздың жиі үзіліп қала беруі де себеп болса керек. Алақандай аумақта жұдырықтай жұмылып емес, дархан дала төсінде мамыражай шашырап жатқан елдің тұтастық пен мемлекеттілік жөніндегі түсініктері мен ұстанымдары отырықшы жұрттан бөлекше болуы заңды да. Бәлкім, біздің мемлекеттілік туралы қағидаларымызды меншіктік қатынастарды емес, моральдық қатынастарды қалыпқа құя білген көшпенділердің көзімен қайта қараған жөн болар.
Қазіргі күн туралы айтар болсақ, мен кері құбылыстың байқалуынан қауіптенемін. Бүгінде мемлекеттік сана қалыптастыруда қарқынды жұмыстар жүргізілуде, ал ұлттық сана мәселесі кенже қалып келеді. Осыны ойлағанда: «Қазақстаным көктер-ау, қазақтың күні не болмақ?!» деген уайым жиі мазалайды.
– Айтқан әңгімелеріңізге қарап, қазақтың көптеген ақыл-ой туындыларының тасада қалып бара жатқанын аңғарып отырмыз. Дін дүниесіне қатысты шығармалар жөнінде не айтар едіңіз?
– Қазақ қазба байлыққа ғана емес, жазба байлыққа да бай. «Жазба байлық» дегенде мен бүкіл ақыл-ой қазынасын жинақтап айтып отырмын. Қазақ даласында сонау Әбу Насыр әл-Фараби кезеңінен қалыптасып, үзіліссіз жалғасып келе жатқан біртұтас рухани ілімдер, орныққан көзқарастар жүйесі бар. Туған топырақтан алған тәлімін араб, парсы мәдениетінің, ислам өркениетінің ақыл-ой қазынасымен ұштастырған энциклопедист ғалым «хикма иләһийа» – «иләһи хикмет», «тәңірлік даналық» ілімінің негізін салды. Бұл ілім өз кезегінде Әбу Насыр әл-Фарабидің даңқты отандасы – Жүсіп Баласағұн шығармашылығында «Құт әкелуші білім» («Құтты білік») деген атпен жалғасын тапты. Қос ғұламаның жерлес ізбасары Қожа Ахмет Яссауи бұл ілімді «хикмет ілімі» деген атпен дамытты. Бұл ілімнің негізгі қағидалары Яссауидің «Диуани хикмет», «Мират-ул қулуб», «Пақырнама», «Рисала-и дәр әдәби тариқат» еңбектерінде көрініс тапты. Яссауи танымдық мектебінің барлық өкілдері мен Алтын Орда дәуірінде өмір сүрген барлық қаламгерлер (ақындар мен шежірешілер) туындыларынан олардың діни және дүниетанымдық мәселелерде әбден қалыптасқан, жүйеленген, орныққан біртұтас көзқарастарға ие екені аңғарылады. Бұл көзқарастардың негізін ең алдымен ұлттық құндылықтар мен отаншылдық қағидаларды қорғау, екіншіден ислам шариғатына құрметпен қарай отырып, ары қарай дамыту принциптері құрады.
Дін дүниесіне қатысты туындыларды сөз еткенде ХVІ ғасырда өмір сүрген даңқты жерлесіміз Мұхаммед ибн Мұхаммед Шымыр би Алтыбармақтың «Далаилун Нубууа» («Пайғамбарлықтың дәлелдері») атты еңбегін ерекше атар едім. Әлішер Науаи секілді сөз зергері дос тұтып, білімдарлығына бас иген Алтыбармақ бабамыз өз кітабын алдымен парсы тілінде жазып, кейін түркі-шағатай тіліне аударған екен. Бұл еңбекті Орта Азияға тән мұсылмандық көзқарастардың жүйелі жиынтығы деп бағалауға болады. Қазақ даласынан шыққан әл-Кердеридің «Нәхжул Фарадис» («Жұмақтардың даңғыл жолы») атты көлемді еңбегі мен Сопы Аллаярдың «Сабатул ажизин» («Әлсіздердің қиындықтары») шығармасы туралы да осыны айтуға болар еді.
Осындай орныққан көзқарастар қазақ жыраулар поэзиясы арқылы ХІХ ғасырдағы ірі ақындық мектепке жалғасты. Сол ақындық мектептің көрнекті өкілі Абайдың діни көзқарастарын жинақтаған «Қарасөздері» де қазақ топырағындағы біртұтас рухани ілімдер мен орныққан көзқарастар жүйесінің заңды жалғасы болып табылады. Ы.Алтынсарин жазған «Мұсылманшылық тұтқасы», Ш.Құдайбердіұлының «Мұсылмандық шарты», М.Ж.Көпейұлы мен Ғ.Қараштың туындылары дәстүрлі қазақы мұсылмандық қағидалары негізінде дамыған. Кеңестік кезеңде өмір сүрген ірі дін ғұламасы Сәдуақас Ғылмани өз еңбектеріне қазақ жерінде жазылған «Файзул-Арифин» туындысын негіз еткен. С.Ғылманидің «Дін педагогикасы», «Құран туралы жала мен өтіріктерге қарсы», «Рисала Уасатыйиа», «Махмуд Шалтут тафсирінің аудармасы» атты еңбектері өз кезеңі үшін ғана емес, бүгінгі күн үшін де аса маңызды болып табылады.
Қазақтың жазба және ауызша шежірелері, жыр-аңыздары рухани тарихты бейнелі түрде жеткізді. «Насабнама», «Манақиб-и Хожа Ахмад Яссауи», «Садр-ад-дин шайх рисаласы», «Тәзкира-и Бұғрахан» секілді жазба шежірелермен қатар ауызекі сақталған шежірелерде қазақ даласына келген ислам таратушылар, олар ұстанған ілімнің мәні мен негізгі қағидалары, осы ілімнің кейінгі таратушылары жөнінде кеңінен мәліметтер беріледі.
Атап айту қажет, соңғы жылдары рухани мұрамызды жарыққа шығаруда іргелі қадамдар жасалуда. Барша жұртқа белгілі «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын, оның аясында жарық көрген көптеген философиялық мұралар мен «Бабалар сөзі» жүз томдығын былай қойғанда, Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен шығарылған «Сырдария кітапханасы» сериясының екі жүз томдық туындыларын, Оңтүстік Қазақстан облысының тарихи, рухани мұраларына арналған «Қазыналы Оңтүстік» сериясының көп томдығын ел азаматтарының елдік қадамдары дер едім. Ендігі кезекте қазақ топырағынан шыққан ортағасырлық көптеген дін ғалымдарының өзге тілдерде жазылған іргелі еңбектерін қазақ тіліне аударып, үзілмелі (фрагментарлық) сипат алған рухани тарихымыздағы ақтаңдақтардың орнын толтыруға күш салу қажет.
– Жақында телеарналардың біріне берген сұхбатыңызда: «Рухани мәдениеттің дамуында елеулі орны бар уақфтық мәдениет те қазаққа жат емес» деген болатынсыз. Осы ойыңызды тарата айтудың сәті келіп тұрған тәрізді.
– Иә, уақфтар мәдениеті – қозғалмай жүрген келелі тақырыптардың бірі. Бүгінгіге түсінікті тілмен айтқанда, уақф дегеніміз – әр алуан мақсаттарға бағытталған қайырымдылық қорлары. Дегенмен жалпы уақфтық мәдениеттің ұғымдық аясы бұдан әлдеқайда кең. Қайырымдылық қорлары сипатындағы құрылымдар адамзат дамуының әрқилы кезеңдерінде дүниеге келіп отырған. Ал әлемге рахмет етіп жіберілген Мұхаммед пайғамбар таратқан бейбітшілік діні – ислам қайырымдылық қорларының тұтастай қоғамдық институтқа айналуына шешуші әсер етті. Адамдарға қайыр етуді, көмек беруді, жақсылық жасауды насихат еткен, мұсылмандарды өзі дүниеден өткеннен кейін де үзілмейтін сауапты істерге құлшындырған Құран Кәрім аяттары мен Мұхаммед пайғамбар хадистері алғашқы исламдық уақфтарды пайғамбар дәуірінде дүниеге әкелді. Саңлақ сахабалар Әбу Талха мен Омар ибн Хаттаб өздерінің құрма бақшасын Алла жолына садақа ретінде атай отырып, уақфтық құрылымның негізгі қағидаларын қалыптастырған. Хазіреті Әбу Бәкір, Осман, Әли мен басқа да көптеген сахабалар өздерінің мал-мүлкінен уақфтар ұйымдастырған.
Уақфқа берілген мал-мүлік иесінің иелігінен толық шығарылады, ары қарай сатылмайды, сатып алынбайды және мұраға қалдырылмайды, тек уақфқа беруші қандай мақсат үшін садақа ретінде атаған болса, сол мақсатқа ғана жұмсалады. Уақфтық мәдениетті құқықтық тұрғыдан толық негіздеп берген ислам ғұламасы имам Ағзам Әбу Ханифаның шәкірті Әбу Йусуф болып саналады. Оның пәтуаларының негізінде ханафи мазхабы ғана емес, басқа да мазхабтарды ұстанатын өлкелерде де уақфтық мәдениет барынша жанданған. Қоғамдық маңызы зор ірі жүйеге айналғаннан кейін уақфтар арнайы мемлекеттік құрылымдар арқылы қадағаланатын болған. Мұсылман елдерінде мемлекет қазынасы есебінен уақфтар ұйымдастыру да дәстүрге айналды.
Омеядтар мен Аббасидтер кезеңінде араб жерінде, Османлы дәуірінде Анадолыда кеңінен қанат жайған уақфтар мәдениеті негізінде көптеген мешіттер, медреселер, мектептер, ғимараттар, керуен сарайлар, көпірлер, жолдар, ауруханалар, ұста дүкендері және басқа да халық тұрмысына қажетті құрылыстар салынған. Бұл құрылыста қызмет етушілердің, ем алушылардың, ұстаздар мен шәкірттердің күнкөрісі уақф қаржысы арқылы қамтамасыз етілген. Уақфтар мәдениеті кемеліне келген Османлы мемлекетінде аталған құрылыстармен қатар уақфтар қаржысына құдықтар қазылып, кемелер жасалып, жетімдер мен жесірлер үйі, кесенелер, кітапханалар, асханалар, моншалар, кір жуатын орындар салынып, тіпті теңіз шамшырақтарына дейін жасалған екен. Ағаш егуге, әскерилердің атын күтіп-баптауға, борышкерлерді қарыздарынан құтқаруға, құлдарға азаттық әперуге, қызметшілердің қожайындарға қарыздарын төлеуіне, науқастар мен мұқтаждарға көмек беруге арнап ашылған мың-сан қайырымдылық қорлары ғасырлар бойы Анадолы жерінде қызмет етіп келген. Бұл мәдениеттің халық тұрмысы мен санасына терең орнап, барынша сіңіп кеткені соншалық, бейнелі түрде айтқанда, артық мүлкі бар адам жақсылық жасамаса тұра алмайтын дәрежеге жеткен деуге болады.
Уақфтық мәдениет адамның өзі өлсе де, сөзі мен ісі өлмейтінін, игілікті іс атқарып, қайырымдылық көмек көрсетудің ең үлкен имандылық екенін жадына берік тоқыған мұсылман қауымының ортақ имани ұстанымдарынан бастау алады. Бұл мәдениет Мұхаммед пайғамбар үмбетінің санатына енген қазақ даласы үшін де жат болған жоқ. Исламның қазақ даласына таралу кезеңінен бастау алып, ХХ ғасырдың басына дейін өмір сүрген уақфтық мәдениеттің ең көрнекі мысалы Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің уақфы болып саналады. Кесенені салдырған Әмір Темір Көреген Әзірет Сұлтанға атап, уақфтық жерлер бөліп, оның бау-бақшасының түсімін қандай тәртіппен қай мақсатқа пайдалану қажеттігін, кімнің басқаруға, кімнің бақылауға өкілетті екендігін түгел жазып көрсеткен уақфтық құжат қалдырған.
Қазақ даласында бұған дейін де уақфтық үрдістің орнағанын Сафи ад- дин Орын Қойлақының «Насабнамасынан» көруге болады. Отырарда сопыхана ұстап, пірлік қызмет атқарған Сопы Мұхаммед Данышманд жайлы жаза келіп, шежіреші: «Сопыхананың жер суын 300 қызыл алтынға қолдан сатып алды. Сопы Мұхаммед Данышманд ханақаға (сопыханаға) уақф қылды. Бірақ Қайу тегін Сопы Мұхаммед Данышмандқа «шайх атамсыз» деп, «Тоғыз атамнан бері келе жатқан адал мал-мүлкім, басы Оғыз таудан аяғы Қарашыққа дейін 200 қос жер еді. Тәңірі ризасы, Мұхаммед Расулаллах шапағаты үшін уақф еттім» деп, шеттің жер-суын берді» дейді. Шежіреде сондай-ақ Қожа Ахмет Яссауидің он бірінші атасы Ысқақ бабтан қалған уақфтық мүліктер мен басқа да уақфтар туралы егжей-тегжейлі айтылады.
Ал Қарахан мемлекетінің негізін салушы Сұлтан Сатұқ Бұғра хан ғазының шежіресі болып табылатын «Тәзкире-и Бұғрахан» жазбасында әрбір шайқастан кейін шейіттерді ақ жауып, арулап көміп, қабір басына арнайы шырақшылар тағайындалып, оларға жер-су бөлінгені, қазан көтеріп, ас-су әзірлеп, әруақтарға бағыштап отыру үшін мал-мүліктің оннан бірі зекетке берілгені айтылып отырады. Бұл қазақ жеріндегі шырақшылық дәстүрдің қалыптасуы мен сансыз көп сағаналардың тұрғызылуы уақфтық мәдениеттен бастау алғанын айғақтайды.
Тұтастай алғанда, уақфтар мәдениеті – үлкен Түркістан мәдениетінің ықпалды бір бөлігі. Уақфтар мәдениетін дамыту дәстүрлі рухани құндылықтардың қайта жаңғыруы ретінде ғана емес, рухани бастамаларды қаржыландыру көздерінің бірі ретінде де маңызды. Сондықтан уақфтар мәдениетін қайта жаңғырту бағытындағы түсіндіру жұмыстарын жүргізу қазіргі қоғамда игі бастамалардың жанданып, күрмеулі мәселелердің шешімін табуына септесер еді.
Ұжымдық өмір салтын берік ұстанған көшпенділер өркениетінде өзіне тән қайырымдылық көмектің алуан түрі қалыптасқан. Жалғыз-жарым жағдайсыз ағайынына жылу жинап, алдына мал салып, үстіне үй тігіп беретін, асарлатып, қыстау-қорасын тұрғызатын, жетім-жесір, ғаріп-ғасерге астан – сыбаға, малдан – сойыс, егіннен кеусен беріп, қандай жағдайда да қорғансыз қалдырмайтын қазақ халқы да өзіндік біртұтас қамқорлық институтын қалыптастырған болатын. Осындай көмескіленуге айналған құндылықтарды заманауи қоғам құрылымы мен сұранысына сәйкес қалыптарда дамытудың берері мол болмақ.
Біз – тарихы тағылымға, дәстүрі өнегеге бай мұсылман қазақ еліміз. Кемеңгер бабаларымыз бізге ұлан-байтақ даланы ғана емес, баға жетпес рухани мұраны да мирас етті. Халқымызды сан ғасырлар бойы елдік пен ерлікке, адамгершілік пен ізгілікке тәрбиелеп келген сол рухани мұраны лайықты түрде игере алсақ, келер ұрпақ үшін де мың жылға жетерлік рухани азық болары даусыз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан: Ләйлә Еділқызы