Жалпы, Ислам діні саяси билікке бағынуды уәжіп деп танып, қалың бұқараның ынтымағын сақтау үшін мемлекеттік тәртіпке мойынсынуға шақыратыны көпшілікке аян. Діни наным-сенімге һәм адамшылыққа қарсы қысым жасалмаса, ислам ондай саяси жүйеге наразылық танытуды құптамайды.
Ал, Қазақстанда 1930-жылдары стихиялы түрде өрбіген көтерілістердің Кеңес үкіметінің халық мүддесіне қиғаш келетін жосықсыз реформалары мен атеистік ұстанымынан туындағаны белгілі. Әлбетте, аталған көтерілістердің белгілі бір деңгейде діни сипаты болғанын жоққа шығаруға болмайды. Оған толық көз жеткізу үшін тарих қатпарын қайта парақтап шығуымыз керек деп ойлаймын.
Әсілі, қазақ халқының арғы-бергі тарихына көз жүгіртсек, ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде ұлтымыздың ислам дініне мейлінше бетбұрыс жасағанына куә бола аламыз. Аталған дәуірде Қазақ даласының түкпір-түкпірінен зәулім мешіттер мен медреселер ашылды. Еліміздің әр аймағының, қала берді әрбір рудың ахун, ишан, мухтасип, мақсұм, қалпе, қариі бар болатын. Жылма-жыл жүздеген адам қажылық парызын өтейтін. Алыс-жақын шетелдердегі аты мәшһүр медреселер мен дін университеттерінде мыңдаған қазақ баласы білім алатын. Бір сөзбен айтқанда, Кеңес үкіметінен бұрын қазақ даласында ислам діні қарыштап өркен жайып келе жатқан еді.
Ал, Кеңес үкіметі билік тізгінін қолына алғаннан кейін коммунизмді абсолютті идеологияға айналдыру үшін оған бәсекелес болады деген барлық құндылықтарды түп-тамырымен жойып жіберуге тырысты. Аталмыш көтерілістер орын алмастан бұрын Кеңес үкіметі 1927 жылы «Мұсылман діни қозғалысына қарсы күрес шаралары туралы» (Савосько В. Образование Казахской АССР и преобразование ее в союзную республику. Алма-Ата. 1970), 1928 жылы «Уақыптық мүлікті тәркілеу туралы», 1929 жылы «Діни бірлестіктер туралы» қаулылар (Законодательства о религиозных культах. Сост: Гольст Г.Р., Новчин Д.М. 1969) қабылдады.
Аталған құқықтық құжаттар күшіне енгенде, медреселердің діни білім беруіне тыйым салынды. Мешіттер жаппай күшпен жабылды. Діни оқу орындары мен мешіттерге тиесілі диірмендер, егістік алқаптар, ғимараттар, құрал-саймандар, т.б. уақып мүліктері тәркіленіп, мемлекет меншігіне алынды. Қарсылық танытқан мустахип, мақсұм, молда, қалпе, ахун, ишандар жаппай жазаланды. Мұндай қанды-қасап қысымға төзбеген халық құдайсыз үкіметке қарсы амалсыз наразылық танытуға мәжбүр болды.
Шынтуайтында, Кеңес үкіметі билігі кезінде Қазақстанда орын алған көтерілістердің барлығының исламдық сипаты болды деп кесіп айту қиын. Себебі, базбір көтерілістерге өзге дін өкілдері де қатысқан. Дегенмен, 1930-жылдары орын алған 380-нен астам бұлғақтың ішіндегі негізгі ірі деген көтерілістердің жетекшілері ислам дінінің өкілдері еді. Әрі олардың халықты көтеріліске үндегенде діни ұрандар көтергені де ешкімге жасырын емес.
Аталған кейбір көтерілістердің діни сипаты қалай өрбігеніне тоқталып өтер болсақ.
Сол кездегі Шымкент облысының Өзбекстан және Қырғызстанмен шекарасындағы Бостандық ауданында 1929 жылдың күзінде қазақ, өзбек, қырғыздар қатысқан көтеріліс орын алды. Көтерілістің дем берушісі ұлты қырғыз, исламшыл басмашы Исламбек Жәнібеков болды. Бостандық көтерілісшілері дін бостандығын негізге алып, Кеңес үкіметіне қарсы шықты. Олар ұрандарында «Алла» деп атой салып, көтерілісте жәнтәсілім еткендер жұмақтық болады деген идеологияны ұстанды. (Н.С. Байқадамов. Күштеп ұжымдастыру… 2001).
Қарақалпақ автономиялық облысы 1937 жылға дейін Қазақстанның құрамында болғаны көпшілікке белгілі. Қарақалпақстанның Қызылордамен шекарасындағы Тақтакөпір ауданында 1929 жылдың аяғында Үббі Ибрагимов, Жәлел Мақсұм Исматуллаев, Барлықбай Нұрымов секілді дінбасылар бастаған көтеріліс орын алды. Көтерілістің басты идеологы Үббі Ибрагимов: «Біздің ұйым Кеңес өкіметіне қарсы бүкіл мұсылман халқын біріктіру жолымен ислам туы астында күресуі керек. Кеңес өкіметінің саясаты дінге қарсы бағытталған, ол мешіттердің жаппай жабылуынан, имамдарға салық салудан, жазалау шараларынан және т.б. айқын көрінеді», – деп, көтерілістің мақсатын айқын атап көрсеткен болатын.
Шымкент облысының Созақ ауданы, Жамбыл облысының Сарысу және Мойынқұм аудандарын қамтыған 1929-1930 жылдардағы «Созақ көтерілісінің» саяси жетекшісі Сұлтанбек хан Шолақов болса, оның кеңесшісі Сапар қожа және уәзірі Ибрагимов Асадулла дін адамдары еді. Мұрағаттық құжаттарда Созақ көтерілісіне қатысушылардың соғысқа ақ кебін киіп шығып, маңдайшасына «Алла» деп жазып, жауға «Алла» деп атой салғандығы айтылады.
Көтерілісшілер өздерінің әрекеттерін ғазауатқа балап, Кеңестік билікті «имансыздар» деп айыптаған. Тіпті, Сұлтанбек хан көтеріліс барысында діни пәтуалар (мысалы, әйелдерге қайта пәранжа кигізген) қабылдаған. Осы себептен де, әлі күнге дейін халық аузында Созақ көтерілісі «Аллаһу көтерілісі» деп аталады. (Өтеш Қырғызбаев. Созақ қасіреті. 2013).
Қостанай облысының Жітіқара ауданы мен Ақтөбе округының Ырғыз ауданын қамтыған 1930 жылы орын алған Кеңес үкіметіне қарсы көтерілістің басшысы Айжарқын Қанаев бұрын ишандық қызмет атқарған. Халық оны «Айжарқын хан» деп атаған. Оның сардарбегі Мұхантай Саматов болса, бұрын Қостанай облысы Қарасу ауданындағы мешіттің имамы еді. Ол Кеңес үкіметіне дейін Бұқарада діни білім алып, әмір Сейіт Әлімнің уәзірі дәрежесіне дейін көтерілген. (Қазақстан тарихы. «Аруна». 2006).
Қызылорда облысының аумағындағы Қарақұм жерінде 1930 жылы орын алған көтерілістің басшысы Жұмағазы Байымбетов бұрын молдалық қызмет жасаған еді. Ал, дәл осы кезде Қазалыда орын алған көтерілістің басшысы Ақмырза Тасов бұрын ишандық қызмет атқарған болатын. Көтеріліс барысында халық басшыларын «хан» деп жариялайды. Мұрағаттық құжаттарда бұл көтерілістердің шығындарын арнайы діни қорлардың қаржыландырғандығы да айтылады. (Талас Омарбеков. ХХ ғ. 20-30 жж. Қазақстан қасіреті. Алматы, 1997).
Жоғарыда аталған көтерілістерден өзге Кеңес үкіметіне қарсы 1930-жылдары Батпаққара, Шұбартау, Адай, Сарқанд, Балқаш, Риддер, Тарбағатай және т.б. көтерілістер орын алды. Кеңес тарихшылары аталмыш оқиғаларға «Тап күресі» деп баға бергенмен, бұлғақтардың пайда болуына мұсылмандардың дін бостандығы мүддесінің әсер еткені талассыз шындық. Оған көтеріліс басшылары мен идеологтарының көпшілігі бұрын дінбасы қызметін атқарғандығын және көтеріліс барысында діни атрибуттардың орын алуын негізге алсақ болады.
Әрі-беріден соң Қазақстанда ұзын-ырғасы 80 мыңдай адам қатысты деп бағаланатын 1930-жылдардағы стихиялы көтерілістерге Кеңес үкіметінен теперіш көрген дін адамдарының қатыспауы мүмкін емес еді.
Мұхан ИСАХАН
Көп жерде жазылмайтын тың ақпарат үшін рақмет