Әбу Насыр әл-Фараби – адамзат біліміндегі көптеген салада терең ізін қалдырған ортағасырлық ұлы ойшыл саңылақтар тобындағы көрнекті өкілдердің бірі. Әлемдік мәдениет тарихында ол Шығыс Аристотелі әрі ортағасыр әлеміне табиғатты, адамзаттық қоғам мен адам жанын зерттеудің құпия пердесін ашушы Ұстаз ретінде танымал.

Әбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Тархан әл-Фараби Қорасан өлкесiнен Бағдат шаһарына келiп, Әбу Башир Матта ибн Юнустiң жетекшiлiгiмен философия мен логика саласына ден қояды.

Әл-Фараби Харран шаһарының христиан философы Юхан ибн Хайланның еңбектерiмен де таныс едi. Ол Бағдат шаһарында Аристотель еңбектерiмен шұғылданып, оны жетiк меңгерген маманға айналды.

Әл-Фарабидiң еңбектерi артып, танымал болған шағында әмiршi Сәйф әд-Дәулә Әбу әл-Хасан Әли ибн Абдулла ибн Хамдан әт-Тағлаби оны Дамаск шаһарына шақыртып, құрмет көрсетедi. Оған өзiнiң сарайынан қызмет бередi.

Ибн Әбу Усайб‘а (288 хижра жылында дүние салған) өзiнiң «‘уиюн әл-әнба’ фи табақат әл-әтибба’» атты кiтабында кейбiр ғалымдардың қолжазбаларында әл-Фараби Египетке 337 хижра жылында кетiп, кейiн Дамаскiге оралған. Сөйтiп Сәйф әд-Дәулә дәуiрiнде, 339 хижра жылы ережеп айында дүние салды деген дерек келтiредi.

Ғалымның жаназасына қасына он бес нөкерiн ерткен Дамаск әмiршiсi Сәйф әд-Дәуләнiң өзi қатысады. Әл-Фараби Сәйф әд-Дәуләдан күнiне бар болғаны төрт күмiс дирһам алып отырғандығы хақында хабарлар бар. Бұл бiр күндiк тiршiлiк қажеттiлiгiне ғана жететiн ақша. Әрине, ғалымды дүние iсi қызықтырмаған. Сондай-ақ ол түн мезгiлiнде күзетшiлерге барып, шырақ жарығында оларға өз еңбектерiн оқып тұрған деседi.

Сейф әд-Дауләнің Фарабиге құрметі ерекше болған. Ол ғалым үшін сарайда барлық жағдай жасауға әзір тұрған, бірақ Фараби қанағатшыл және барына шүкір ететін жан еді. Оның бұл әрекеті расында әл-Фарабидің ұстанған жолы, өмір сүру әдісі сопылық әдіс деген пікірді нақтылай түсетін сияқты.

Өйткені, жалпы араб деректерінде де ғалымның сопылық өмір сүру әдісін құптағандығы айтылады. Сол себепті ғалым сұлтан сарайында тұрса да өте қарапайым әрі үнемшіл ғұмыр кешкен. Әйтпесе, Сейф әд-Даулә әл-Хамадани өзінің ғалымдарға деген қамқорлығы әрі жанашырлығымен танылған тұлға. Ол кісі ғалымдарды таршылықта қалдырмай демеп жүрген.

Кеңес өкіметі саясатының ықпалымен басқа салалардағы сияқты фарабитануға қатысты әдебиеттерде де ғалымның діни дүниетанымы тиісті деңгейде қамтылмады. Енді бұл мәселе орыс әдебиетімен ғана шектелмей араб, түрік, парсы және т.б. шет тілдеріндегі деректермен жұмыс жасай алатын жас ғалымдардың еншісінде.

Танымал фарабитанушы М. Хайруллаев «Фарабидің дүниетанымы» атты шығармасында ортағасыл ойшылы жайында мынадай мәлімет келтіреді: «Бір күні әл-Фараби Дамаск базарына барады. Мұнда тісімен тері тартып отырған сымбатты жас етікшіні көреді. Әлгі жігіттен: «Мұндай ыждағатпен істеген жұмысың үшін күніне қанша аласың?» – деп сұрайды. Ол: «Екі дирһам», – деп жауап береді. Мүны аяған ғалым күніне сарайдан алатын 4 дирһамын осы жігітке беріп отырған екен. Бұл жігіт ұстаздың сұхбатшысы болыпты».

Сол сияқты Байһақидің шығармасынан байқағандай, философтар туралы аңыз әңгімелер сол дәуірлердің өзінде-ақ қалыптасқан. Тіпті мұндай әңгімелердің авторлары анық анахронизмдердің алдында да тоқтамаған. Сол сияқты «Философтардың мінезі туралы» атты бір кітапта буддалық Исмайл ибн Аббад уәзірдің әл-Фарабимен кездесуі туралы аңыз айтылады.

Уәзір (938 ж. туылған) біраз уақыттан бері әл-Фарабимен (950 ж. өлген) жүздесе алмай жүрген екен. Тіпті оны ертіп келген адамға марапат тағайындап та қойыпты. Күндердің бір күнінде әл-Фараби уәзірдің үйіне түркі киіммен келеді. Қонақтар мұны келемеждеп күлкіге айналдырып, оны сарайға кіргізген күзетті сөгеді. Біраз уақыттан соң әл-Фараби ішекті аспапта ойнап, отырғандардың барлығын терең ұйқыға жібереді. Аспапқа «Әбу Насыр келді, сендер оны күлкіге айналдырдыңдар. Ол сендерді ұйықтатты да жоқ болды» деп жазып кетіпті. Уәзір өмірінің соңына дейін осы оқиғаны ұмыта алмапты («Фарабидің дүниетанымы және оны философия тарихына әсері» кітабынан).

Кейін музыка аспабындағы бұл жазуды көрген уәзір: «Нығмет құпиясына қол жеткізгенің сол-ақ екен, оның ғайып болғанын білмей де қаласың», – депті. Уәзір әл-Фарабиді қанша іздегенімен оны таба алмапты. Себебі ол мәжілістен шығып, Дамаскіге жолға шығыпты.

Сондай-ақ әл-Фараби күшті және ержүрек адам еді. Ол жебені жақсы тартқан, атқан оғы нысанаға дәл тиеді деседі. Әрине, автордан авторға, кітаптан кітапқа өтіп, фольклорлық материал сияқты халық арасында кең тараған бұл әңгімелер әл-Фарабидің ғылыми өмірбаянын құру үшін нақты дерек бола алмасы анық.

Дей тұрса да, бұлар осындай Шығыстың ғұлама тұлғалы ғалымының мінезі, оның қызығушылығы мен өмірі туралы белгілі дәрежеде үзінділер қалыптастырады. Бұл әңгімелерде халықтың әл-Фарабиге деген ыстық махаббаты байқалады.

Әл-Фараби – энциклопедист. Ол логика мен көптеген теориялық ғылымдар жайындағы еңбектердiң иесi. Ғалымның логика, философия және т.б. салаларға қатысты жазған өзiнiң еңбектерi де бар. Олардың кейбiрiн атап өтсек болады: «Қысқаша логика кiтабы», «Сөздер мен әрiптер», «Азаматтық саясат», «Поэтика», «Логика iлiмiне кiрiспе», «Өлшемдер жайындағы кiтап», «Қысқаша философия кiтабы», «Философия сөзiнiң мағынасы жайында», «Азаматтық қоғам жайындағы кiтап», «Қиялдағы геометрияға кiрiспе кiтабы», «Өлең мен ырғақ жайындағы сөз», «Жұлдыздардың қозғалысы жайындағы сөз», «Химия өнерi жайындағы сөз», «Субстанция туралы», «Жалинусқа (Галенге) қарсы айтылған сөз…», «Иләһи ғылым», «Ғылымдардың жiктелуi», «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы туралы кiтап» және т.б.

Данышпан әл-Фарабиді әлі де жақыннан тану, оны өскелең ұрпаққа насихаттау – заман талабы. Оның гуманитсік ойлары, бақытты мемлекет құру идеялары, әділ басшы, көреген имам, дана ойшыл, ізгілік, ізетті қоғам, үлгілі азамат сияқты т.б. зерделеген адамгершілік ұғымдары барлық уақытта өзекті болып қала бермек.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ
философ., ғ.к., дінтанушы

Пікір жазу