Құранды тәжуидпен оқу — мұсылман міндеттерінің бірі

    249

    Қасиетті Құран Кәрімнің басқа кітаптардан ерекшеліктерінің бірі – оқу ережесі мен тәсілінің болуы. Құран оқылғандай жазылмайды және жазылғандай да оқылмайды. Сонымен қатар, кей жерлерінде кейбір әріптердің оқылмауы мен жасырын оқылуы және әріпті ұзартқанда ғана сөздің мағынасы дұрыс шығатын сөйлемдер бар.

    Құранды оқу ережелері мен тәсілдерін зерттейтін ғылым, исламда «Тәжуид» деп аталады. Тәжуид сөзінің сөздік мағынасы: «Бір нәрсені әдемі әрі толық орындау» [1] деген мағынаға келеді.

    Терминдік мағынасына келер болсақ «Ифрат және Тафридке шықпастан, сипатына сай әріптерді маһражынан шығару», яғни Құран Кәрімді дұрыс маһражына сай оқу деген мағынада қолданылады. Ибн әл-Жазири нұсқаулығында Тәжуид сөзін ең алғаш Хз. Әли қолданғаны айтылады [2].

    Мұсылмандар арасында Тәжуид сөзі таралмастан алдын, «Құранды әріп-әрпімен, мағынасын түсініп оқу» мағынасындағы «Тәртил» сөзі қолданылған. Ең алғаш ғылыми тәжуид ережелері мен тәсілін ғылыми тұрғыдан әдебиеттерінде Мекки бин Әбу Талиб және Әбу Амр ед-Дани қолданған [3]. Бұл ғылым Ислам дінінің тереңдігімен қатар, маңыздылығын да білдіреді. Өйткені, Құран Кәрімнің алдыңғы кітаптар сияқты өзгертілмей, оның әріптерінің жазылуы мен оқылуының да маңыздылығын білдіреді. Сондай-ақ, Алланың сөзін дұрыс әрі мағынасын өзгертпей айту – мұсылмандық парыздардың бірі.

    Исламды үйренгісі келетін әрбір пендеге қажетті нұсқаулық ретінде, Құран Кәрімнің «Нәміл» сүресінің 92-ші аятында былай деп бұйырылған:

    «(Мұхаммед ғ.с): Құран оқуға бұйырылдым (де)».

    Яғни, Құранды оқу арқылы жүрегіміз жібіп, хақ дінімізді түсінуімізге жол ашылады.

    Егемен ел болуымыздың арқасында, отандастарымыз Құранды еркін әрі ашықтан оқуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар, дініміздің қасиетті кітабын күнделікті оқу әдетіне айналдырғандар қатары да күн өте көбейіп келеді. Құран оқылған қоғамда мейрімділік пен кешірімділік, татулық пен құрметтілік басым болары һақ.

    Құранды жаттау, әрбір әріптің айтылғанында сауаптың жазылуымен қатар, Алланың сөзінің жатталуы арқылы «Ақиқатында Құранды Біз түсірдік әрі оны Біз қорғаймыз» [4] аятының Алланың уағдасын нақтылай түскені. Бұған қоса, пайғамбарымыз бір хадисінде «Шаһиттердің және хафыздардың денесі шірімейді», — деп айтады [5].

    Алланың сөзін жаттаған мұсылман және уағызшының жаттау қабілеті арта түседі әрі барлық жамандықтан қорғалып, қоғам арасында беделі үстем болады. Уағызшының уағызында Алланың сөзінен дәлелін жатқа айтуы, тыңдаушы жамағаттың назарын аударып, салиһ амалын етуіне септігін тигізеді. Барлық ғылымның бастауы Құран Кәрім.

    Шариғаттың басты әрі бірегей дәлелі Құранды жатқа білу – әрбір мұсылманның арманы. Құран жаттау, Алланың сүйіспеншілігі мен мейіріміне бөленетін ашық бір қақпа іспеттес. Жаратқан баршамызды сүйіспеншілігі мен мейіріміне бөленетін пенделерден болуымызды жазсын.

    Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

    [1] Ибн Манзур, Лисанул Араб «ТЖД» баптары.

    [2] Ибн у-Лжезери, Ғаятун Н-Ниһаиа, ІІ, 321, бет.

    [3] Абдуррахман Четин, ДИА, «Тәжуд» бабы.

    [4] Құран. «Хижр» сүресі 9-шы аят.

    [5] Бұхари, Жанаиз, 96.

    Исатай Бердалиев

    Пікір жазу