Құрандағы пайғамбар бейнесі

    419

    Адамзат қоғамында ізгіліктің қалыптасуы тек теориялық қағидалармен жүзеге аспайды. Бәлки, ол теория тәжірибелік қолданысқа кіруімен мәні ашыла түспек. Құран – Алланың заңдылығын түсіндіретін теория болса, оны адамдарға үйретіп әрі тәжірибелік қырын іс-әрекетімен көрсеткен пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.).

    Сондай-ақ, адам баласы өмірде, әсіресе, жастық шағында маңызды деп білген ісінің тамаша үлгісін өзінен бұрынғылардан іздейтіні, соларды бағыт-бағдар еткісі келетіні анық. Ислам діні келгеннен бүгінге дейін әлемдерге «Рахым» етіліп жіберілген пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірі үмметтері үшін ең әдемі үлгі, адастырмас бағыты болып келді. Қиямет күніне дейін де солай бола бермек.

    Адамдардың ізгілікті өмірлік ұстанымына айналдыруы – өркениетті қоғам қалыптасуының басты шарты саналады. Бұл мәселеде Құран Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарды адамзат тарихында қайталанбайтын, өмірі өзгелерге үлгі боларлық бірден-бір тұлға ретінде ұсынады.

    Яғни, Құранда Оның (с.ғ.с.) есімдері, балалық шағынан дүниеден қайтқанға дейінгі өмірі, адамдармен қарым-қатынасы, дінді жеткізудегі ұстанымы және бір мәселе төңірегінде қалай шешім қабылдап, оны қалай іске асырғанының бәрін егжей-тегжейлі баяндау арқылы қоғамдағы әрбір адамның өмірін қалай дамытып, отбасын үлкен ордаға айналдыруы және қоғамда өз орнын таба білуі сияқты мәселелердің шешім жолдары көрсетіледі.

    Қасиетті Құранда: «Шүбәсіз, Алла елшісінде сендер үшін қай жағынан алсақ та, теңдессіз үлгі-өнеге бар» («Ахзаб» сүресі, 21-аят) делінген.

    Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) есімі: Араб тіліндегі «مُحَمَّد» (Мұхаммад) сөзі мадақталған, мақтауға ие болған деген мағыналарды білдіреді.

    Мұхаммед (с.ғ.с.) – Құранның мәнін іс-әрекетімен көрсете білген, өнегелі өмірімен адамдарды тәнті еткен, көптің ықыласына бөленген соңғы елшінің есімі.

    Қасиетті Құранда: «Мұхаммед (ақиқат жаршысы болған) елші ғана» («Әл-Ғимран» сүресі, 144-аят), «Мұхаммед – Алланың елшісі» («Фатх» сүресі, 29-аят) және «Мұхаммед араларыңдағы бірде-бір еркек кіндіктінің әкесі емес. Ол Алланың елшісі һәм ең соңғы пайғамбар…» («Ахзаб» сүресі, 40-аят) деген аяттарда пайғамбарымыздың «Мұхаммед» есімі сөз етілсе, басқа бір аятта: «Өз кезінде Мәриямұлы Иса да: «Уа, Исрайыл ұрпақтары! Мен сендерге келген Алланың елшісімін. Өзімнен бұрын түскен Тәураттағы ақиқаттарды растау және өзімнен кейін келетін Ахмет есімді елшіні сүйіншілеу үшін жіберілдім», – деген.

    Алайда сол ардақты пайғамбар оларға ап-айқын дәлелдермен келген кезде: «Мұның (әкелгені мен ісі) анық сиқыр», – десті» («Саф» сүресі, 6-аят) деген аятында екінші «Ахмет» есімі келеді. Құранда зікір етілген «Мұхаммед» және «Ахмет» есімдері мадақталған, мақтауға лайықты болған деген мағынаны білдіреді.

    Әу баста берілген «Мұхаммед» және «Ахмет» есімдері, болашақта Құран аяттарымен бекітіліп, елшілік қызметін мүлтіксіз атқарған «Рахым» пайғамбарының мәңгілік мадақталуға лайықты екендігін растай түсті.

    Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жаратылыс болмысы: Бұл туралы әуелі, Құранда: «(Уа, Мұхаммед!) Оларға: «Мен де сендер сияқты адам баласымын, маған: «Құдайларың – жалғыз Құдай», – деген уахи келді» («Фуссилат» сүресі, 6-аят) делініп, пайғамбарымыздың да (с.ғ.с.) өзге адам балалары тәрізді мейірімге, көмекке, ішіп-жеуге, киінуге және еңбек етіп, демалу сынды өмірдің заңдылықтарына тәуелді болғанын сөз ете отырып, өзгелерден тек айырмашылығы пайғамбар болып жіберілуі екендігін ескертеді.

    Екіншісі, Құранда: «Олар – қолдарындағы Тәурат пен Інжілде жазылған «үмми» пайғамбар…» («Әғраф» сүресі, 157-аят) делініп, бұрынғы пайғамбарлар үмметтерін үмми (оқу, жазу білмеген) болған соңғы пайғамбарға иман етулеріне шақырғаны айтылса, соңғы пайғамбар да бұрынғы пайғамбарларды растап, оларға иман ету керектігін үмметтеріне міндеттеген.

    Бұл екі аяттан пайғамбарлық – Алланың сүйікті құлдарына тарту еткен ерекше сыйы әрі қаласа үмми (оқу, жазу білмеген) адамның көкірегіне даналық салып, адамзатқа жол басшы ететіндігін көреміз.

    Пайғамбарлық лауазымға ешкім ақылдылығымен де, пысықтығымен де қол жеткізе алмайды.

    Сондай-ақ, Құранда пайғамбарлық міндетті адам баласына жүктеп, сол пайғамбарды діннің талаптарына лайық өмір сүрдіру арқылы үмметеріне үлгі еткен және әркімге шамасы келгенше дінді ұстануы міндеттелген.

    Сонымен қатар, бәзібіреудің «Дінді ұстану қиын, пайғамбар емеспін» деген сынды сылтаулермен ақталуы орынсыз екендігін де аталмыш аяттар негізінде көре аламыз.

    Қорыта айтар болсақ, Құран – Алланың кәләмі, жаратылыс заңдылығын қамтыған кітап. Бұл кітап пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) арқылы адамзатқа жетіп, түсіндірілген әрі іске асырылған. Бірін-бірінсіз елестету қиын немесе бірі-бірінсіз тұл!

    Адамзат бақыты үшін туылған Рахым пайғамбары (с.ғ.с.) аманатқа қиянат жасамауды ең ұлы мейірімділік деп ұққан.

    Құранның әрбір аятын өз қалпында жеткізіп, іс-әрекетімен үлгі болу жолында тауы құлап, тасы шағылатын. Өз жанын өзі жегідей жеп, тұрған жерінде байыз таппайтын.

    Осындай хәлін Құран баяндай отырып, былай басу айтады: «(Уа, Мұхаммед! Өзіңе уахи келгенде) оны бірден жаттап алайын деп, тіліңді асығыс қимылдатпа…» («Қиямет» сүресі, 16-17 аят) делінсе, басқа бір аятта: «(Уа, Мұхаммед!) Байқауымызша, сен егер олар бұл сөзге (яғни, Құранға) сенбесе, оларға уайымдап өз-өзіңді жегідей жеп тауысасың ба?!» («Каһф» сүресі, 6-аят) делінеді. Яғни, Ол (с.ғ.с.) – өзінен де өзгелердің қамын көп жейтін «Рахым» пайғамбары еді!

    Самет Оқанұлы,
    исламтанушы

    Пікір жазу