Құдай сүйген құл

    467

    Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

    «Алла Тағала бір пендені жақсы көрсе Жәбірейілге: Мен пәленшені жақсы көремін. Сен де жақсы көр,- дейді. Жәбірейіл де ол кісіні жақсы көріп, аспандағыларға (періштелерге) жар салып: Ақиқатында, Алла Тағала пәленшені жақсы көреді. Сендер де оны жақсы көріңдер,- дейді. Оны аспандағылар жақсы көреді. Осылайша, оған жер бетінде ықылас қойылады…[1]»,-делінген.

    Хадистерді талдаушы «Фатхул-Бари» кітабында: жер бетінде ықылас қойылады дегенді: жүректерде оған деген сүйіспеншілік, оған ықылас етуі және риза болуы көрініс табады»,-деп түсіндірілген.

    Құран Кәрімде: «Күдіксіз, иман келтіріп, ізгі іс жасағандарға Алла Тағала сүйіспеншілік береді [2]»,-делінген.

    Пенденің Раббысымен қарым-қатынасының жақсы екенінің нышаны – оны адамдардың жақсы көруі. Алла Тағала өзіне ықылас қойған пендеге мұсылмандардың жүрегінен орын береді. Мұсылмандар оны риясыз жақсы көреді.

    Алланың адамды жақсы көруінің белгісі жайлы имам Ғазали:

    «Пенденің Алла құзырында сүйіспеншілікке бөленгенін көрсететін іс – оның әрбір қимыл-әрекетін сыртқы мен ішкі, құпия және жария болсын Алла Тағаланың оңғаруы. Ол адамға жол көрсетуші, ісін басқарушы, мінез-құлығын көркем етуші, он екі мүшесін жақсылыққа бағыттаушы, сыртқы және ішкі жүріс-тұрысын дұрыс етуші әрі барлық уайым-қайғысын бір арнаға тоғыстырушы Алла Тағала болуы…[3]»,-дейді.

    Мұсылмандардың бір адамды жақсы көруі, оған ықылас қоюы, оған ризашылықтарын білдіруі – Раббысының сыйы. Оны ешбір адам мал-дүние немесе мансаппен сатып ала алмайды. Пенде Алла Тағаланың сүйіспеншілігіне бөленсе, Жаратушы адамдардың жүрегінде сол кісіге деген сүйіспеншілікті пайда етеді. Міне, сол кезде ол пенде мен адамдар арасында туыстық, достық немесе басқа да қарым-қатынас болмаса да, жұрт оны риясыз шын көңілден жақсы көреді.

    Әбу Салихұлы Суһайл былай дейді:

    Бірде Арафатта едік. Қажылық рәсімдерін жасап жанымыздан халифа Омар бин Абдулазиз өтті. Жиналғандар орындарынан тұрып, халифаны көздерімен шығарып салды. Мен әкеме: Әке! Халифа Омарды Алла жақсы көреді деп ойлаймын,-дедім. Әкем: Оны қайдан білдің?,-деп сұрағанда: Жұрттың жүрегіндегі Омарға деген сүйіспеншіліктен байқап тұрмын,-дедім.

    Руслан ҚАМБАР

    [1] Муслим

    [2] Мариям сүресі, 96-аят

    [3] Ихия улум әд-дин, 4/347

    Пікір жазу