Хазіреті Османды айыптаған кім?

    327

    Мысырлық бір кісі Меккеге келіп, қажылық жасайды. Ол сонда отырған бір топ адамды көріп, қасындағы кісіден:

    – Олардың ішіндегі ғұламасы кім? – деп сұрайды. Оған:

    – Абдулла ибн Омар, – деп жауап береді. Ол Абдулла ибн Омардың қасына келіп:

    – О, Абдулла ибн Омар! Сізге қояр сауалым бар еді. Османның «Ухуд» соғысында қашып кеткенін білесіз бе? – деп дауыстап сұрайды.

    Абдулла ибн Омар:

    – Иә, – деді.

    – Ал оның «Бәдір» соғысына да қатыспай бой тасалағанын білесіз бе?

    Абдулла ибн Омар:

    – Иә, – деді.

    – Ал соның «Ридуан» ант беру рәсіміне қатыспағанын білесіз бе?

    Абдулла ибн Омар тағы:

    – Иә, – деді. Бұл жауаптарды естіген мысырлық:

    – Аллаһу акбар! – деп дауыстайды.

    Мысырлық адамның хазіреті Османды қаралағысы келіп тұрғанын аңғарған Абдулла ибн Омар жағдайды түсіндіру үшін:

    – Бері жақындаңыз. Османның «Ухуд» ұрысындағы жағдайына келсек, онда мен Османды Алланың кешіргеніне куәлік беремін. Ал, «Бәдір» соғысына қатыспаған себебі, ол ауыр сырқатқа шалдыққан әйелін (Алла елшісінің (с.ғ.с.) қызын) қамқорлыққа алған болатын. Османның ісі үшін пайғамбар (с.ғ.с.) оған алғыс білдіріп:

    «Расында саған Бәдір соғысына қатысып, өзінің үлесін қосқандардың сауабы беріледі», – деген.

    Ал енді «Ридуан» ант беру мәселесіне келсек, пайғамбар (с.ғ.с.) меккеліктер үшін одан гөрі сыйлырақ адам болғанда, оны жұмсамас еді де, ол бұл рәсімнен тыс қалмаған болар еді. Бірақ, Алланың елшісі (с.ғ.с.) оны елші етіп жіберді. «Ридуан» ант беру рәсімі ол сапарға аттанып кеткеннен кейін болды. Бірақ, Осман үшін пайғамбардың (с.ғ.с.) өзі дауыс берді. Ол сол қолын оң қолының үстіне қойып: «Бұл Осман үшін», – деп айтқан – деп түсіндіреді.

    Әңгімеден алатын пайдалы сабақ:

    Сахабаларды қаралауға, сөгуге болмайды. Хазіреті Осман ибн Аффан – ұлы сахаба. Мысырлық адам хазіреті Османды көпшілік алдында айыптап, қаралау үшін Абдулла ибн Омарға бірнеше сұрақ қойған еді, бірақ, ғалым бұған жол бермеді. Хазіреті Османның құрметті әрі сыйлы сахаба екенін түсіндірді.

    Оның толық аты-жөні – Осман ибн Аффан ибн Әбу әл-Ас ибн Умея ибн Әбду Шамс ибн Әбдіманап. Осман ибн Аффан пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Әбдіманаптан тарайтын аталас туысы. Оны сахабалар Әбу Әмір деп атайтын. Сондай-ақ,  ол мұсылмандар арасында, Зун-Нурайн (екі нұрдың иесі) деген атпен танымал еді. Себебі,оның алғашқы үйленген әйелі Руқия, ол қайтыс болғаннан кейін үйленген әйелі Умму Гүлсім анамыз да пайғамбардың (с.ғ.с.) қыздары болатын.

    Осман (р.а.) төрт халифаның бірі болған. Оның Исламға көрсеткен қызметін, маңызын айтып тауысу мүмкін емес. Сонын бір мысалы – хазіреті Осман (р.а.) Құран жинақтарын бір үлгіге сәйкес жазылып, таралудың негізін қалады.

    Екінші пайдалы сабақ:

    Ақиқатқа көз жеткізбей тұрып, асығыс шешім қабылдауға болмайды. Риуаяттағы мысырлық адам сияқты хазіреті Осман туралы дін дұшпандары таратқан өсекке иланып, оны жамандауды мақсат тұтты. Бірақ, Абдулла ибн Омар ол адамның жаман ниетін іске асыруына жол бермеді. Кез келген қоғамда бүлік шығарғысы келіп, мұсылмандар арасына іріткі салып, жамағаттарға бөлуді көздейтін, әсіресе, біздің қоғам сияқты полиэтносты және поликонфессионалды мемлекетте этносаралық тұрақтылық пен бейбітшілікті шайқатқысы келетін адамдар болады.

    Мысалы, әлеуметтік желілерде кейінгі уақытта мұсылмандардың сенімін аяқ асты етіп, намысқа тиетін дін жайында, Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) есімін (мамбет деп) мазақ етіп және оны педофилге теңеп бірнеше пост жазылды. Фейк (өтірік, жалған) атпен және суретпен шығып отырған бұл адамдардың мақсаты не? Қазақстанда өзін мұсылман баласы санайтын жетпіс пайыздан астам халыққа қарсы көздегені не? Сонша халықтың сенімін мазақ етіп жазғаннан не ұтады? Осы сияқты ниеті қара азаматтар қоғамда жоқ емес. ҚР Ата Заңында:

    «Заңды діни қызметке кедергі келтіруге, жеке тұлғалардың дінге көзқарасы себептері бойынша азаматтық құқықтарының бұзылуына немесе олардың діни сезімдерін қорлауға, қандай да бір дiндi ұстанушылар қастерлейтін заттарды, құрылыстар мен орындарды бүлдіруге жол берілмейді»  — делінген (ҚР«Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы заңының 3-бабының 5-тармағы).

    Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

    Пікір жазу