Мұсылмандар кімді өнеге тұтуы тиіс?

    187

    Сұрақ: Мұсылмандар кімді өнеге тұтуы тиіс?

    Жауап: Мұсылман баласы өзінің өмірінде, отбасында, қызметте, қоғамда Мұхаммед пайғамбарды (с.ғ.с.) өнеге тұтады. Құранда Алла Тағала былай деп хабар береді:

    «Сендер үшін Алланың елшісінде көркем өнегелер бар» (Ахзаб: 21).

    Бұл аятта пайғамбардың (с.ғ.с.) біз үшін өнеге екенін көрсетсе, төмендегі аятта ол кісінің мінез-құлқы көркем болғаны жайында айтады:

    «Шын мәнінде сен әлбетте, ұлы мінезге иесің» (Қалам: 4).

    Жаратушының Өзі пайғамбардың мінезін мақтап, растап отыр. Кез келген адамның өзіне өнеге тұтқан немесе симпатия танытатын адам бар. Алла Тағала пайғамбарды (с.ғ.с.) мұсылман баласына үлгі, өнеге етіп жайдан жай келтірген жоқ. Себебі, адамзат тура жол көрсететін пайғамбарға, мемлекет патшаға, ел биге, шәкірт ұстазға, бала тәрбиешіге мұқтаж.  

    Мұсылман үшін Құран қасиетті кітап, канон. Ал пайғамбардың (с.ғ.с.) мәнезі Құран болған. Имам Муслимның хадистер жинағында Айша анамыз:

    «Алла елшісінің мінезі – Құран еді», – деп айтқан.

    Құран көркем мінездің, қоғамдағы ахлақтың, адамдар арасындағы мейірім мен бірліктің қандай болуы керектігіне үлгі.

    Мұсылман адам пайғамбардың бойындағы көркем қасиеттерін көріп, өзінің қылықтарын Құранмен өлшеп, басқаларды жақсылыққа шақырып, ізгі әрі қайырымды амалдар жасап, әлсіздерге жәрдем беріп, қоғамның пайдалы бөлшегі болуға тырысады. Әсіресе, дінге қызығушылық танытып жүрген бүгінгі жастарымыз өздеріне кез келген бір псевдо шейхтерді, түрлі теріс діни ағымдардың лидерлерін, сүннетті мойындамайтын бәз-біреулерді үлгі етпей, есімі Құрнда айтылған Мұхаммед пайғамбарды (с.ғ.с.) өнеге қылса екен деп тілейміз. Алланың елшісі (с.ғ.с.) өзі хақында:

    «Мен көркем мінезді кемеліне жеткізу үшін жіберілдім», – деп айтқан (Ахмед, әл-Хаким және Байһақи).

    Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

    1 Пікір

    1. Пайғамбардың (с.ғ.с.) мінезі Құран болған. Ал адамдар әз пайғамбардан үлгі алу керек. Оның үстіне пайғамбар сүннетінен өнеге алған атақты ғұламалардың өмірі де біздерге үлгі болуы керек.

    Пікір жазу