Биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылғанына 30 жыл толды. Осыған орай, ҚМДБ Орталық аппараты қызметкерлерінің ұсынысымен, Алматыда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бекітуімен 30 жылдық мерейтой аясында жүзеге асатын 30 игі іс-шараның жоспары бекітілген болатын, деп хабарлайды muftyat.kz.

Қарағанды облысындағы өкілдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, ғылыми-танымдық кітап шығарып, әл-Фарабидың 1150, Абайдың 175, Алтын Орданың 750 жылдығы қарсаңында халықаралық конференциялар өткізу, 30 жылдық мерейтой кезінде 30 жетім балаға, 30 отбасына қайырымдылық көмек көрсету, 30 елді мекемені ауыз су, жол-көпір мәселесін шешуге ықпал ету, тарихи көрмелер ұйымдастыру, ҚМДБ туралы деректі фильм түсіру т.б шаралар күн тәртібіне енгізілген.

Осы игі істердің бірі ораза айында Халық мешіті ұжымының ұйымдастыруымен Ш.Ералиев, Қызылжар, Түгіскен, М.Мұқажанов ауылдық округтерінің мешіттері мен Қанай Тілеуханұлы атындағы мешіттің жәрдемдесуімен Манадыр ауылының өткелі қайта қалпына келтірілді.

Елмен елдің арасын жалғайтын жолдағы өткелдер қалпына келтіріліп, ел игілігіне жарап тұр. Осы орайда, Қарағанды облысының өкіл имамы Бекқожа Өмірзақ Қазкенұлы арнайы келіп, игі істердің бас қасында жүрген кент әкімшілігінің қызметкерлеріне, қайырымдылық шарасынан қалыс қалмай көмек қолын созған мешіт имамдарына, жамағатына алғысын білдірді.

Пікір жазу