Кейбір жастар намаз оқымайтындарды «жаһил» деп атайды. Сол дұрыс па?

    185

    Сұрақ: Кейбір жастар намаз оқымайтындарды «жаһил» деп атайды. Сол дұрыс па?

    Жауап: Бұл сұраққа жауап беру үшін мынадай сұраққа жауап іздеу керек болады: шынайы мұсылман кім? Егер біз осы сұрақтың жауабын тауып, оны дұрыс түсіне білсек, онда жоғарыдағы сұраққа да жауап тапқан боламыз. Сонымен Алла елшісінің (с.ғ.с.) шынайы мұсылманды сипаттап айтқан мынадай мәшһүр хадисы бар: «Нағыз мұсылман – өзге адамдар оның тілі мен қолынан зиян көрмеген адам». Енді сіз басқаларды намаз оқымайтындығы үшін немесе сізбен пікірлес болмағаны үшін «жаһил» деп  айтсаңыз, онда кешіріңіз. Сіздің бұл амалыңыз шынайы мұсылманның әрекетіне жатпайды. Сіз тақаппарлық танытып, өзіңізді басқалардан артық санап, оларды «жаһил» деумен мазақ етіп отырсыз. Өйткені «жәһил» сөзінің мағынасы (құдайды танымайтын қараңғы, надан адам). Ислам тарихында «жәһилия заманы» деп исламнан бұрынғы дәуірді айтады. Сондықтан да діни сауатсыз һәм рухани жұтаң адам ғана басқаларды «джәһил» (надан) деп кемсітеді. Шынайы рухани бай адам еш уақытта бұлай айтпайды. Керісінше басқаларға кішіпейіл әрі мейірімді болар еді. Өйткені пайғамбар да (с.ғ.с.) кішіпейіл, басқалармен мейірімді болған.

    Пайғамбар (с.ғ.с.) келесі хадисінде «Алла үшін адамдардың ең сүйіктісі адамдарға пайдалы болғаны» деп айтқан. Сіз басқаларды «жәһил» деп айтумен оларға пайда келтіресіз бе әлде зиян келтіресіз бе? Әрине, оларды мазақ ету, кемсіту арқылы зиян келтіресіз. Қоғамда, жамағат арасында «біздер» және «басқалар» деп жік туғызасыз. Мұсылман үмбетін топтарға бөлуге жол ашасыз.

    Басқаларға қатысты «жәһил» сөзін жиі айтып, оларды мазақ қылғаннан гөрі неге бір-бірімізді сыйлап, арамыздағы достық қарым-қатынасты күшейтпеске? Пайғамбар (с.ғ.с.) былай деген: «Иман келтірмейінше жәннәтқа кірмейсіндер және бір-бірлеріңді жақсы көрмейінше толық иман келтірмейсіңдер, бір-бірлеріңді жақсы көруге апарар жолды көрсетейін бе? Араларыңда сәлем жайыңдар» (Мүслим).

    Түйін:

    Әдетте басқаларға қатысты «жәһил» сөзін салафизм идеологиясының ықпалына түскен немесе сол идеологияны насихаттаушы азаматтар жиі айтады. Олар Әбу Ханифа мазһабын ұстанғандарға махаббат таныта қоймайды. Ондай жігіттер өзара отырған уақытта өздерінен басқалардың барлығын «жәһил» деп атайды. Егер сіздің танысыңыз, досыңыз немесе әріптесіңіз сөз саптауында осындай сөзді жиі қолданатын болса, онда іргеңізді одан аулақ ұстаңыз.

    Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

    Пікір жазу