Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) исламнан алдыңғы діни сенімде және әсіресе жәһилия араб қоғамында пайда болған ауруды «Алланың құдіретінен емес немесе Алладан басқа бір жаратылыстың негізінде пайда болмайды» деген сеніміне тиым салды. Сонымен қатар, ауруды емдеу әдісі немесе дәрі-дәрмек міндетті түрде сол ауруды емдейді деген ұстаным да қате пікір.

Ислам сенімінде ауру өздігінен пайда болмайтындай, емнің де өздігінен пайда болу құдіреті жоқ. Осыған байланысты пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Әр аурудың емі бар, ауруының дауасы сәйкес келгенде Алланың қалауымен жазылады»[1]. Бұған қоса пайғамбарымыз, сиқыр қолдану арқылы емделуге тиым салып, жануармен, шөптермен және минералды құралдармен емделуге шақырған.

Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.): «Уа Алланың Расулы! Ауырғанымызда емделейік пе?» деп сұрады. Ол да: «Емделіңдер. Алланың жіберген қаншама ауруы болса, барлығының емін қоса жаратқан»[2] деп бұйырды. Кейбір риуаяттарда пайғамбарымыз отпен емдеу тәсілдерінің бір бөлігіне тиым салып, хажамат жасату және әсел (бал) жеу сынды бірнеше емдеу тәсілдерін қолдануға шақырған.[3] Ыстығы көтерілгенде мұздай су басу сынды табиғи жолмен емделуге[4] және дұға және оқытылу сынды рухани жолдарды[5] қолданған.

Риуаяттарда Хз. Омар Шам қаласына жорыққа шыққанда, Тәбук маңына жақындап қалғанда Әбу Убайда бин Жарраһ және оның әскерлерімен кезікті. Олар Шам қаласында жұқпалы оба ауруының бар екенін айтты. 639 жылы осы аймақта шамамен 25-30000 адам қайтыс болды. Хз. Омар алдымен мұһажирлермен, кейін ансарлармен және Құрайш тайпасының алдыңғы қатарлы азаматтармен ақылдасқаннан кейін «Мен таңның атуымен Мәдинаға қайтамын. Сіздерде дайындалыңдар» деді. Бұны естіген Әбу Убайд: «Алланың тағдырынан қашып барасың ба?» деді. Хз. Омар: «Уа, Әбу Убайда, өкінішті! Мұны сенен басқасы айтқанда ғой! Иа, Алланың тағдырынан Алланың тағдырына қашып барамын». Бұны естіген Абдуррахман б. Ауф былай деді: Бұл тақырыпта менің білгенім бар. Пайғамбарымыз былай деп бұйырды: «Бір жерде жұқпалы оба ауруы болғанын естісеңдер, ол жерге бармаңдар. Бір жерде жұқпалы оба ауруы шығып, сізде сол жерде болсаңдар, оба ауруынан қашып басқа жерге кетпеңдер[6]. Бұл риуаят пайғамбарымыздың және сахабалардың оба ауруында карантин құралдарына қатысты ұстанымын білдіреді. Бұған қоса жұқпалы ауруларға қатысты, хазіреті пайғамбарымыз «Алапес ауруынан, арыстаннан қашардай қаш»[7] деп бұйырған.

Қазіргі таңда, вакцина жұқпалы ауруларға қарсы ең бірінші қолданылған тәсіл ретінде қарастырылған. Бұл тақырыпта ислам құқығындағы ұстанымын білдіру мақсатында, Ислам ынтымақтастық ұйымының Халықаралық ислам фиқһ академиясы 17 сәуір 2013 жылы мынадай мәліметтер жариялаған:

Нигерия, Пәкістан және Ауғанстан сияқты кейбір елдерді қоспағанда, Ислам елдерінің басым көпшілігінде полиомиелитке қарсы вакцина науқанын жүргізіліп, тиісті елдердің үкімет басшыларынан оларды қолдау сұралды.

Ата-аналарды балаларына вакцина салдыруға үгіттеу және емделуі мүмкін болмаған полиомиелиттің, (нәрестеде жұлынның қабынуы) Алланың қалауымен вакцина салдыру арқылы бұл аурудың алдын алуына талап етілді. Балалар ата-аналарына сеніп тапсырылған аманат болғанын және діни тұрғыдан қарағанымызда, өз міндеті болған денсаулығын қорғау қажеттілігін естеріне салады.

Бұған қоса, бұл вакциналарда шошқа етінен жасалған өнім болмағанын, Ислам елдерінің тиісті қызметкерлері тарапынан нақты түсіндірілгенін және сенімді сарапшылар тарапынан қыздардың болашақ өмірлерінде ешқандай бедеулікке әкелетін заттар жоқ деп мәлімдеді.

Әлемдегі барлық елдер, соның ішінде ислам елдері де, зияны нақты дәлелденбеген, жаңа туған нәрестелер мен балаларға вакцина салдыруды бір ауыздан мақұлдады.

Ата-аналарға вакцинадан күтілетін пайданы беру үшін, туғаннан бастап алты жасқа толғанға дейін жасалатын вакцина егу картасындағы кестеге сәйкес мұқият қадағалауды міндеттеді.

Бұл вакцина туберкулезге (ТБ) және бактериялық дифтерияға, сіреспеге, көк жөтелге, С гепатитіне және қызылшаға қарсы егіледі. Сондай-ақ вакцина, Алланың қалауымен және рақымымен оба және сал ауруы сияқты бұрынырақта жұқтырған індет пен жұқпалы ауруларды жоюға әсер етеді.

Халықаралық ислам фиқһ академиясы, мемлекет және мемлекет өкілдеріне олардың тапсырыстары қолжетімді екенін ескере отырып, адамдарға індеттің алдын-алу және олардың таралуын болдырмау үшін профилактикалық вакциналар алуға мәжбүр етуге мүмкіндік берді. Медициналық емге қатысты Халықаралық Ислам Фиқһ Академиясының 1412/1992 жылғы № 67 (5/7) 3-бабының, б-бөлімінде бұл тақырып: «Мемлекеттік қызметкерлер кейбір жағдайларда, мысалы, жұқпалы ауруларды профилактикалық вакциналармен емдеуді міндеттей алады» деп көрсеткен.

Халықаралық Ислам Фиқһ Академиясы бұл мәселені бірінші дәрежелі гуманитарлық мәселе деп санайтындықтан, әлемнің барлық елдеріне, сондай-ақ ислам елдері мен оның барлық ұйымдарына, бұл үмбет мәселесі болғандықтан, бұл мәселені бірінші орынға қоюды және бұған қатысты барлық тосқауылдарды жою арқылы бұл қиындықтарды жеңуді ұсынады.

Осы тұрғыда Халықаралық ислам фиқһ академиясының хатшылығы, жалған ақпараттар мен идеяларға негізделген пәк бүлдіршіндердің жиіркенішті ауруға ұшыраудан қорықпауды және кейбір адамдардың вакцина салдыруға қарсы болып тыйым салған пәтуаларды айыптайды.

Дін қызметкерлері және ұстаздары адамдарды әрдайым вакцина салдыру науқандарына қатысуға және бұл вакцина салдыру «харам» деген пәтуалармен күресуге кеңес береді.

Халықаралық ислам фиқһ академиясы, кейбір қылмыстық ұйымдар тарапынан полиомиелитке қарсы вакцина салған дәрігерлерді ұрлап, өліммен қорқытып, төлем ақы төлеуді сұрағандарды айыптайды. Бұл Ислам құқығында және басқада жергілікті заңдарда, жарғылармен және халықаралық заңдармен тыйым салынған. Халықаралық ислам фиқһ академиясы 2009 жылы полиомиелитке қарсы вакцина салудың қажеттілігі туралы егжей-тегжей түсіндіруді қолға алды. Бұл ақпарат, вакцина егу қажеттілігін көрсететін ережелер мен дәлелдерден тұрады. Осыған сәйкес;

Біріншіден,  адам өзінің денесін және өзінің жауапкершілігіндегі адамдардың денелерін қорғауға, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және оларға зиян тигізбеуге міндетті. Бұл жайында, Құран Кәрімде Алла: «Өз қолыңызбен өзіңізге қауіп төндірмеңіз[8]. Ислам құқығында ең маңызды қағидалардың бірі — дененің тұтастығын оны зұлымдыққа ұшырататын кез келген нәрседен қорғау. Бұл мәселеде зиян тигізбеу туралы жалпы қағида бар. Хазіреті пайғамбарымыз бір хадисте: «Зиян келтіру және зиянды зиян мен қайтару (дінде) жоқ»

Екіншіден, ислам діні ата-аналарға балаларын қорғау мен оларға қамқорлық жасауда үлкен жауапкершілікті жүктейді. Олардың ішіндегі ең маңыздысы – кәмелет жасына толмаған жасөспірімдердің денсаулығын сақтау. Осыған байланысты бір хадис бар: «Сіздер барлығыңыз басшысыңыз және барлығыңыз өздерің басқаратын нәрсеге жауап бересіздер. Мемлекет басшысы басқарушы және оларды басқару ісіне жауапты».

Тағы бір хадисте: «Қорғауы міндетті болғандардың салғырттық танытуы, күнәһар болуына жеткілікті»[9]  деп бұйырған.

Үшіншіден, Алла Тағала адамға өзінің берекесін еске түсіреді, өйткені ол адамды ең әдемі етіп жаратқан. Аятта: «Ант етейін, біз адамды ең көркем бейнеде жараттық»[10]. Алла Тағала Зәкария пайғамбардың салауатты ұрпақ үшін дұға еткенін, былайша мақтан етеді: «Сол жерде Зәкария Раббына дұға етті: «Раббым! Маған құзырыңнан маған салауатты перзент бағышта. Күмәнсіз сен тілектерді естушісің»[11] деді. Ислам діні адамды күшті әрі пайдалы нәрселердің жолын іздеуге шақырады. «Мықты мүмін, әлсіз мүміннен гөрі жақсы, жоғары және Аллаға сүйкімді»[12] деп бұйырған.

Төртіншіден, емделуді және дәрі-дәрмек қолдануды өсиет еткен көптеген хадистер бар. «Емделіңдер. Алла жіберген қаншама ауру болса, олардың барлығының емімен жаратқан. Бір аурудан басқасы, ол — қарттық»[13] деп бұйырған.

Бесіншіден, балалардың инсультке қарсы вакцинасы, аурудың алдын алу әдістерінің бірі. Қазіргі таңда, профилактикалық медицина деп аталады және ислам осы қағиданы құптайды.

Алтыншыдан, ислам әлемдегі барша адамдардың өмірін жеңілдететін барлық ғылыми зерттеулерді пайдалануға шақырады. Ғылым — осы дүниеде және ақыретте адамдардың жақсылығы мен бақытты болуын қарастыратын құрал. Ғылым жайында Құран Кәрімде: «Егер білмесеңдер, (білгендерден) ғалымдардан сұра»[14] — делінген. «(Мұхаммед!) Біз сені әлемдерге мейірімділік ретінде ғана жібердік».[15]

Жетіншіден, вакцинамен ауруларды жеңу, тәуекелге (сенімге) қайшы келмейді. Сондай-ақ, аштық, шөлдеу, ыстық және суық сынды мәселелерді олардың қарама-қайшылықтарымен жеңу фактісі де сенімге кедергі келтірмейді.

Шын мәнінде, тәуекел тек Алланың қойған айқын себептерді қабылдаумен ғана мүмкін. Тәуекелге барып, вакцина екпесінен бас тартып, бала өміріне зиян келтірер болса, үлкен күнәхар болады. Бүгінгі күні вакциналарға қатысты кейбір діни мәселелер көтерілді. Вакциналар түсік түсірген ұрықтың өлі ұрықтан жасалады деген пікір ел арасына тарап кетті. Бұның жалған ақпарат екеніне ғылыми зерттеушілер тарапынан мынадай жауап қайтарылды: Вакцина 1960 жылдан бастап зертханаларда зерттеліп келеді. Вакцина нәрестенің жаңа ұрығынан емес, жасуша дақылдары мен дайын жасуша клеткаларында жүргізіледі. Көптеген вакциналар ұрыққа жатпайтын «Хэла» жасушалық жолында шығарылады деп жауап берді.

Вакцинаға қатысты екінші бір шағым, шошқа етінің дірілдегінен (холодец) жасалған, яғни шошқа етінен алынған ашытқыны (трипсин деп аталатын ферментті) қолданады деген ақпарат. Онда дірілдек бар-жоқтығын білу үшін егілетін вакцина пакетінің құрамымен таныссаңыз жеткілікті. Екпені алмаған немесе қарсы болған жағдайларда, екпе алмаған адамның қандай ауруға ұшырайтынын нақты көрсетіп, жеке әрі қоғам үшін қауіпін түсіндіре білу керек. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған және біздің елімізде енгізілетін вакцинаның құрамында шошқа дірілдегі жоқ екендігі жарияланды.

Қорытындылай келе, нәрестелерге вакцина егу ислам негіздеріне қайшы емес және вакцина ем, әрі қорғану тәсілі. Бұған қоса, вакциналардың маңыздылығын халыққа түсінікті және ешқандай да бір күдіктің болмағанын түсіндіру керек. Бұл тұрғыда адал сертификатталған вакциналар шығаруды және иммунитеті сезімтал адамдар қабылдаған стандартта қамтамасыз етудің маңызы зор. Бұл мәселеде ең дұрыс шешім, сенімді әрі ұлттық кодымызға сай етіп өз мемлекетімізде вакциналарды өндіру. Вакцинаның құрамында діни тұрғыдан тиым салынған заттың болуына қарамастан, қолдануға рұқсат етіледі. Өйткені вакцина жұқпалы аурулармен күресуде қолданылады. Осы себептен де, тек бір адамды емес қоғамға төнген қауіптің алдын алу мақсатында басшылық вакцинаны міндетті етуге мүмкіндігі бар.

Әдетте ислам құқығында, жеке тұлғалардың пайдасына емес, әлеуметтік мүдделердің пайдасының артықшылығы жайында сөз қозғайды. Зиянды нәрседен бас тартып пайдалы нәрсеге бет алу, ең абзал болған амал. Ал, екеуі де зиянды болса, зияны аз болғанын таңдау абзал — деген ислам құқығында өзгермес құрал бар.

Түркия Республикасы Ыстамбұл қаласында 2019 жылы 28 желтоқсанда 560 қатысушысы мен «Вакцина симпозиумына» вакцина және вакцина екпесі мәселелері бірнеше сессияда қаралды. Нәтижесінде, вакцина егудің ислам құқығында ешқандай шектеулердің болмағанын және дүниеге келген әр нәрестеге егілуі міндетті екеніне тоқталды.  

Исатай Бердалиев,
Ислам құқық ғылымдарының докторы

[1] Муслим, «Сәләм», 67.

[2] Тирмизи, «Тыб», 2.

[3] Бұхари, «Тыб», 3.

[4] Бұхари, «Тыб», 28.

[5] Бұхари, «Тыб», 32-35, 37-40.

[6] Бұхари, «Тыб», 30; Муслим, «Сәләм», 100.

[7] Бұхари, «Тыб», 19.

[8] Бақара, 19.

[9]  Абу Давид, Закат, 45.

[10] Tin, 4.

[11] Ғимран, 38.

[12] Муслим, «Кадар», 34.

[13] Тирмизи «Тыб» 2, № 2023.

[14] Нахил, 43.

[15] Әнбия, 107.

Пікір жазу