Ғибратты әңгімелер

Оттан жаралған Ібілістің нұрдан жаратылған Періштелерге қатысы не?

Күндердің күнінде бір студент сабақ барысында маған мынадай сұрақ қойды:

— Ағай, осы Құранда Аллаһ Тағала Адам атаны жаратқанда періштелерге сәжде етуді бұйырды. Періштелер нұрдан жаратылған дес-ті. Ал, онда оттан жаратылған Ібілістің сәжде етуге қатысы не? Құдайдың бұйрығы тек періштелерге айтылып тұрған жоқ па?. Расымен де, бұл сұрақ мені біршама уақыт бойы ойландырып жүрді. Ібіліс төңірегінде Құранда көптеген аяттар бар әрі ғалымдардың түрлі қалдырған көзқарастарын оқыдым. Ендеше Аллаһ тарапынан айтылған аяттарға ой жүгірткен тұлғаға бір ғибрат  бар екенін ескеріп Ібіліске қатысты мәліметтерге қысқаша тоқтала кетелік.

«Хижр» сүресінде Жаратушы Аллаһ былай деген: «Раббың періштелерге: «Бейнеленген қара балшықтан кеуіп, сыңғырлағанынан Адам жаратамын» деді. Оның жаратылысын тамамдап, оған рух үрлеген (жан салған) сәтте, оған сәжде қылыңдар! Сонда періштелер тұтас сәжде қылды. Бірақ, Ібіліс сәжде қылушылармен бірге болудан бас тартты». Берілген аятқа зер салар болсақ ,жоғарыдағы студенттің сұрағы қайта еске түседі. Бұл жерде Аллаһтың бұйрығы жоғары, үстем дәрежелі сипатта деп қарастыру керек. Мәселен, егер елбасы белгілі бір қалаға  сапар шегуді жоспарлап, пәленше күні сағат пәленшеде келеді, дейтін болсақ онда сол уақытта президенттің көмекшілері, кеңесшілері және т.б. жауапты көптеген тұлғалар онымен бірге ілесіп келері сөзсіз. Сол сияқты егер бір мекеменің директоры өзінен жоғары лауазымды тұлғадан белгілі бір жиынға қатысуға бұйрық алатын болса онда директормен бірге оның орынбасары, көмекшілері де бірге жиынға қатысады. Демек, кез-келген тапсырма, бұйрық алдымен жоғары лауазымды адамдарға беріледі. Содан соң оны орындау басшының қарамағындағы адамдарға бірдей таратылады.

Сол секілді Аллаһ Тағала да періштелерге жалпылама түрде сәжде етуді бұйырған. Себебі, періштелер нұрдан жаралған бейкүнә әрі олар мінсіз бұйрықты орындаушы жаратылыс болып саналады. Бұл олардың оттан жаралған жын әлемінен жоғары тұратындығын көрсетеді. Сондықтан, сәжде ету бұйрығы алдымен періштелерге беріліп оған бойсұну сол уақыттағы барлық мақұлыққа тиісті болатын.

Сонымен қатар, Ібіліс бұйрыққа бойсұнудан бас тартқанын ескеретін болсақ, бас тарту белгілі бір тапсырманы орындау қажеттігі туындағанда ғана болады. Демек, бұл жерде сәжде ету бұйрығы Ібіліске де тікелей қатысты болғанын аңғару қиын емес. Әйтпегенде Ібіліске бас тартудың еш қажеті жоқ болатын.

Сондай-ақ, Ібіліс жын қатарынан болған, мұнда бұйрық тек періштелерді меңзеп тұр деп тұжырым жасаушылардың көкейіндегі күмәнді сейілту үшін Аллаһ Тағала «Кәһф» сүресінде: «Сол уақытта періштелерге: «Адамға сәжде қылыңдар» деген едік. Ібілістен басқа бүкіл періште сәжде қылды. Жыннан болған Ібіліс Раббының әмірінен бас тартты»-деп толықтай жауап берген. Бұған қоса «А’раф» сүресінде: «(Аллаһ Тағала Ібіліске): «Саған  Мен әмір еткенде сені сәжде етуден не тыйды?» деді», делінген.  Бұл аятта да бұйрықтың періштелерден бөлек жыннан болған Ібіліске де тікелей қатысы болғандығын аңғаруға болады. Сондықтан, Аллаһ Тағаланың Адам атаны жаратқан кездегі оған сәжде ету бұйрығы барлық періштелерге және Ібілістің өзіне тікелей қатысты болғанын жоғарыдағы аяттардан белгілі болды.

Жалғас АСХАТҰЛЫ,

дінтанушы

Толығырақ

Басқа жаңалықтар

Мынаны оқыдыңыз ба?

Close
Close