Адамдар өтірікті әр түрлі себептерге байланысты айтады. Олардың ішінде пайда табу үшін де, өзін жоғары етіп көрсеткісі келіп те, күншілдіктің, жағымпаздықтың кесірінен де өтірік айтатындар бар. Алайда «Өтірік – өрге баспайды». Тіпті, басқаларға ұнау үшін де, олардың шашпауын көтеріп, күлкіге батыру үшін де өтірік айтатындар кездеседі. Мұның бәрі күнә. Ғұламалар өтірікті үлкен күнәлар қатарына қосады. Оның ішінде Алла тағала мен Пайғамбарымызға қатысты өтірік айту аса күпірлік. Қасиетті Құранның 167 жерінде өтірік айтудың күнә екендігі ескертілген. Басқа үлкен күнәларға мұншалықты көңіл бөлінбеген. Осының өзі-ақ өтіріктің қаншалықты ауыр екендігіне кепіл. Өтірік айту – мұнапықтық, екі жүзділіктің белгісі. Қасиетті Құранда: «Алланың аяттарына иман келтірмейтіндер ғана өтірік айтады. Әне солар өтірікшілер» делінген («Наһл» сүресі, 105-аят). Араб тілінде өтірікші адамды «кәззәп» дейді. Ислам білгірі ибн Хажар: «Өтірік – бір оқиға туралы біле тұрып, оны теріс түсіндіру» дейді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадис-шәріптерінде: «Өтірік айту – ризықты азайтады», «Дұрыс болыңдар, дұрыстық жақсылыққа, ал жақсылық жәннатқа жетелейді. Өтіріктен сақтаныңдар! Себебі ол бұзықтыққа апарады. Ал бұзықтық тозаққа түсіреді. Адам өтірікті әдетке айналдырса, Алланың алдында өтірікші болып жазылады», – деп баяндалған. Ислам шариғатында үш жағдайда өтірік айтуға рұқсат етілген. Бірінші, ерлі-зайыптылар арасын жарастыру үшін айтылған өтіріктің зияны жоқ. Екінші, соғыс тактикасы үшін өтірік айтуға рұқсат етілген. Үшінші, араздасып қалған екі бауырдың арасындағы түсініспеушілікті жойып, татуластыру үшін айтылса өтірікке жатпайды. Өйткені, бауырмашылдықтың жоғары тұратындығын қасиетті Құран мен хадистерде көп айтылған. Мәселен, Умму Кулсум бинт Ғуқба деген сахаби әйел былай дейді. – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) адамдар қолданатын өтіріктер ішінде үш нәрседен басқасына рұқсат бергенін көрмедім: «Соғыс жағдайында, араздасқан адамдардың арасын жарастыру үшін және ері әйеліне, әйелі еріне айтқан өтіріктері» (Муслим). Бұдан басқа жағдайларда адам баласы өзгелерден қаймықса да, сөзінің түбін ойлап, өтірік, өсек айтпауға тиісті. Алла баршамызды өтірік айту күнәсінен сақтасын! Екі дүниеде де шыншылдардан болуымызды нәсіп етсін!