Сұрақ: Жылан, шаян және т.б. зиянкестерді отқа тастап өлтіруге бола ма?
Жауап: Жалпы Алла Елшісі (с.ғ.с.) зиянкес жәндік-жануарлардың ішінен бесеуін өлтіруге болатындығын айтқан. Ол туралы Айша анамыз (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) былай деп айтқанын жеткізеді: «Тірі жәндік-жануардың зиян тигізетін бес түрі бар, сондықтан оларды Меккенің ішінде де, оның сыртында да жолықтырсаңдар өлтіріңдер. Олар – шаян, қарға, кезқұйрық, тышқан және қабаған ит» [Бұхари].
Дегенмен, зиянкес жәндік-жануарлар бұл бесеуімен шектелмейді. Жылан улы болғандықтан оны шаянның қатарына жатқызуға болады. Сондай-ақ, «болмысынан зиян беруші (жануарларды, жәндіктерді) шариғатымызда өлтіруге рұқсат беріледі» деген қағидаға сәйкес кез келген жан-жануар адамға зиян беретін болса, оларды өлтірудің оқасы жоқ. Сондықтан да жылан, шаян сынды т.б. зиянкес жан-жануарларды өлтіруге рұқсат етіледі.
Алайда, оларды азаптап, отпен күйдіріп өлтіруге тыйым салынған. Себебі, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Отпен тек оттың Раббысы ғана азаптайды» [Әбу Дәуіт, «Жиһад» кітабы, «Дұшпанды отпен өртеу мәкруһ» тарауы, №2675], – деген.
Тағы бір хадисте: «Алланың азабымен азаптамаңдар» [Бұхари, «Жиһад және жорық» кітабы, «Алланың азабымен азаптамайды» тарауы, №2854], – делінген.
Ендеше, дінімізде зиян беретін жәндіктер мен жануарлар адамға жайсыздық туғызып жатса, оларды оттан басқа кез келген тәсілмен, азаптамай өлтіруге рұқсат. Тіпті хадисте: «Кімде-кім улы кесіреткені бір ұрғанда өлтірсе, оған мынадай-мынадай жақсылық болады. Кімде-кім оны екінші ұрғанда өлтірсе, оған біріншіден азырақ мынадай-мынадай сауап болады…» [Мүсілім, «Амандық» кітабы, «Улы кесіреткені өлтіру мустаһаб» тарауы, №2237] делінген. Сол үшін қандай зиянкес болмасын оны қинамай, тез өлтірген жөн.
Өйткені, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өзінің бір сөзінде: «Ақиқатында, Алла Тағала әр нәрсеге мейірімділік көрсетуді жазған. Егер өлтіретін болсаңдар, жақсы тәсілмен өлтіріңдер (жауыздық жасамаңдар). Мал соятын болсаңдар да, жақсы тәсілмен бауыздаңдар…» [Мүсілім, «Аң аулау, малды бауыздау және жеуге болатын жануарлар» кітабы, «(Малды) жақсы тәсілмен бауыздау мен өлтіру және пышақты өткірлеу» тарауы, №1955], – деп бұйырған.
Оқиға желісімен әдемі келтірілген мысал. Жауабыңыз үшін рақмет.