Сұрақ: Қазақтар зираттың қасынан өткенде бет сипап жатады. Сол кезде қандай дұға айтқан дұрыс?
Жауап: Зират – қайтыс болған адамды жерлейтін орын. Мұсылман әдебінде қабірлердің қасынан өткенде, қайтыс болған кісілерге Құран сүрелерін оқу және белгілі дұғалар оқып бағыштауға болады. Ислам сенімінде Алладан дұға тілеу, Құран аяттарын оқып сауабын бағыштау – марқұмға пайда беретін жақсы амалдардан. Имам Тахауи: «Тірілердің марқұмдар үшін жасаған дұғасы мен садақаларында дүниеден өткендер үшін пайда бар», – деген. Қабір басында «Фатиха», «Бақара» «Ясин», «Мүлік», «Ықылас», «Такасур» және білетін басқа да сүрелерінің аяттарын оқуына болады.
Қабірлердің қасынан өткенде мына дұғаны айтқан абзал: «Ассаламу алайкум! Аһләд-дияр минал муминина уал муслимин. Уа иннә инша Аллаһу ләхиқун. Әсәлуллаһа ланә уа лакумул ъафиа», мағынасы: «Уа, мүміндер мен мұсылмандар мекені, сендерге Алланың сәлемі болғай. Алла қаласа, сендердің арттарыңнан біз де барамыз. Өзімізге және сендерге Алладан амандық сұраймын».
Дәстүрге сай қазақша осындай мазмұндағы дұғаларды жасауына болады.
Икрам АЙТАЕВ