Дін істері комитетінің бекіткен жұмыс жоспарына сәйкес, Дін мәселелері жөніндегі республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі ретінде Қазақстанның көптеген өңірлерінде іссапарда болдым.
Бірде Орал қаласынан Атырау қаласына жеңіл автокөлікпен жолға шығуға тура келді. Тиісті көлікпен жолға шығып кеттік. Жаңа оқу жылының басталғанына да көп уақыт өте қойған жоқ. Бұрын екі қаланың ортасында жеңіл көлікпен жүріп көрмеген бізге жол бойы кездескен нәрсенің барлығы қызық болды. Бір қызығы, жолдың бойында бір біріне тым жақын орналасқан зираттарға куә болдым.
Тілге тиек етер мәселе – зираттардың салынуы мен тазалығы. Кейбір қабір маңайындағы бос бөтелкелер мен күл-қоқыс жайлаған зиратты көргенде, «өлдің-өштің» деген осы болар дерсің!
Көзге ұрып тұрған осынау мәселелерге немқұрайлылық таныту, өлінің аруағын сыйламау, салғырттық танытып, босаған бөтелкені бейіт маңына лақтыра салу, мұның бәрі біздің осал тұсымыз екендігіне көзім жетті.
Кезінде қоғам қайраткері марқұм Шаухаманов Сейілбек ағамыз республикалық басылымдарға қабір салу мәселесіне қатысты жанайқайын жеткізген еді. Онда бір ауылдың төңірегінде бірнеше зират пайда болғанын, тірісінде бір ауылға сыйған ағайындар өлгесін бір зиратқа сыймайтын халке душар болғанын айтқан-ды. Осының өзі қазақ үшін ең қауіпті құбылыс – жершілдік, рушылдық, топшылдық, қаншылдық, жікшілдік секілді зиянды процестердің шығырына су құя түсуде деп ақиқатын айтқан еді.
Шынымен де, ешкімнің рұқсатынсыз әр ата әр төбені мекендеп өз бетімен жоспарсыз, рұқсатсыз иемденіп алғандай көрінді.
Тіпті, шариғат талабын сақтамай, қорымдарға әркім өзінің ойына келген құрылыстарын жүргізген. Оның ішінде күйген қыштан мәңгілік тұратындай зәулім зираттар, кесенелер, күмбездер соғып жатыр. Осының бәрін жолдың бойына өте жақындатып салған.
Сейілбек ағамның «Бірқатар зираттар тірілер тұратын ауылдан көптеу, көркемдеу, биіктеу болып бара жатыр» деген сөзі де еріксіз есіме түсті.
Дәл осылай кете берсе жолдың екі беті де қорымдарға айналып кетеріне ешкім кепіл бола алмас!
Ел арасындағы осындай мәселелерде келіспеушіліктердің бар екендігі айтпаса да түсінікті. Әсіресе, зираттар салуда және жерлеу рәсімдерін атқаруда көптеген пікірлер айтылып келеді. Бұл айтылған көріністер барлық өңірлерге тән.
Соңғы кездері елімізде жерлеу орындары мен рәсімдері бойынша тұрғындар арасында әртүрлі пікірлер қалыптасқан. Атап айтқанда, зираттардың орналасуы, тазалығы, қоршалуы, көгалдандырылуы секілді жағдайлар.
Оқи отырыңыз: Мұсылман зиратына қатысты қағидалар бекітілді.
Бүгінде тек мемлекет қарауындағы зираттар ғана қоршалып, көгалдандыру мәселелері бір жүйеге қойылған. Ал әр төбенің басына жоспарсыз салынған мазарлар мүлдем қоршалмаған. Бейіт салуға келген марқұмның туған-туыстары құрылыс заттарының қалдықтарын зират басына бей-берекет тастап кетіп жатады. Бұл ел арасында таралған негізсіз ырымды ұстануынан туындап отыр. Мұндай жағдайда сол құрылыс қалдықтарын алып кетпесе де, неге аяқасты етпей, ұқыптап жинап кетпеске!? «Басы ауырмастың жаны ауырмас» дегенге саятын секілді.
Сондықтан да, азаматтар алдағы уақытта Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес мәйіттерді жерлеу үшін арнайы бөлінетін, кемінде алты шаршы метр жер учаскесінен артық пайдаланбау керек. Бүгінде түрлі мазарлар салу арқылы алты шаршы метр жерден артық пайдаланған қорымдарды көреміз.
Бұл тұста кейбіреулердің бейітті мавзолей секілді еңселі етіп салатыны, мұның ислам дәстүріне жат екендігін естен шығармауымыз керек. Қалай болғанда да, мазар салуда заңнама талаптары мен шариғат шарттары сақталса деген ұсынысымыз бар.
Шындығында Аллаға құл, пайғамбарға үмбет, нағыз мұсылманша өмір сүру бәрінен абзал. Қазіргі таңда дініміздегі Алла Тағаланың әмірлерін орындаудың орнына, ақыретте пайдасы тимейтін ысырапшылдық әрекеттерге беттеген секілдіміз.
Тіпті, қарапайым адамдар арасында да жақын-туыстарының қабіріне мәрмәр қалап, тас бейнесін орнатып, суретін ілу дәстүрге айналып кетті. Біз олардың бейнесінен емес, еңбекке толы ғұмыры мен өнер жолын қастерлеуіміз абзал емес пе еді?! Бұл мәселеде Аллаға бойұсынған, иманы бар адамның тереңірек ойланғаны дұрыс.
«Тумақ болған жерде өлмектің де хақ екенін» еске салған халқымыз исламдық жерлеу рәсімінде қабір аяқасты немесе мал баспауы үшін саз кірпішпен кіндік деңгейіне дейін қаланып қоршалуы мүмкін. Төбесі ашық болуы қажет. «Қабірге мәйіттің аты-туылған күні, дүниеден өткен күні жазылса болды» дейді дін мамандары. Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с) «Қабірді сырлауға, қабірдің үстіне отырудан және оның үстіне құрылыс салудан тыйған» деген даналық өсиеті бар емес пе?!
«Ұлы жолдың бойында – үздіксіз кездесетін зираттар, өз ойымен, қиялымен, жоспарымен, арманымен, үмітімен өмірін өрнектеп келе жатқан жолаушының еңсесін бірден түсіріп, өлім елесі еріксіз ойға оралары сөзсіз. Егер осы жұмыс қазіргі қарқынмен кете берсе, 40-50 жылдан кейін мына ауыл, аудан, облыс тірілердікі ме, жоқ әлде өлілердікі ме деген заңды сұрақтың туындайды.
Осының бәрі ислам дінінің, мұсылманшылдықтың, дүниежүзілік өркениеттің, ешбір халықтың ешқандай шартына сәйкес емес. Тек пайдасыз, ретсіз, жөн-жосықсыз мақтаншақтық, дарақылық, даңғазалық, бәсеке, жарыс.
Мұны ешкім де басқаша бағалай алмас деп ойлаймын. Бұл саяси, экономикалық, рухани, әлеуметтік жағынан алғанда да өліге де, тіріге де, қоғамға да, халыққа да пайдасы жоқ берекесіз, беделсіз жұмыс», – деп Сейілбек Шаухаманов көзі тірісінде ақсақалдық өсиетін қалдырған еді.
Иә, бұл әрекеттер шынында да ысырапшылдық. Қабірлердің құрылысына қаншама қаражат кететініне ой жүгіртіп көрелік. Қазіргі таңда кейбір әсем етіп салынған зират ғимаратына кем дегенде миллион теңгеден басталып қаржы жұмсалып жатқаны анық. Осы құрылыстар өлі әруақтарға қажет емес.
Алла Тағала адамдарға байлықты сынақ үшін береді. Біреулерге байлық берілген болса, ол байлықта кедей-кепшіктер мен жетім-жесірлердің де үлесі бар екенін ұмытпау керек. Байлар Алланың «зекет беріңдер» деген бұйрығын орындамай, қайта Алла тыйым салған қабір үстіне құрылыс салуға және бос істерге қаржысын аямай шашатыны неліктен? Алла Тағала Құранда былай деген: «Біз ырыздық етіп берген несібені олар білместікпен (қажетсіз іс-әрекеттерге) жұмсайды. Аллаға серт, сендер өздерің ойлап тапқан нәрселерің үшін міндетті түрде жауапқа тартыласыңдар». («Нәhіл» сүресі, 56-аят).
Ендеше ақыретте жауапқа тартылмай тұрып, Алла Тағала берген мал-дәулетті қайырлы істерге жұмсап, сауабын әруақтарға бағыштаса нұр үстіне нұр болар еді.
Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ,
дінтанушы