Жақсылыққа шақырушы кісінің жұмсақтық мәселесінде пайғамбарлардан үлгі алуы керек. Әбу Умәмә (р.а.) риуаят етеді: «Бір күні бір жас жігіт пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп:
– Уа, Алланың Елшісі, маған зинақорлық жасауға рұқсат бересіз бе? – деді. Адамдар оған айқайлап ұрса бастады. Сонда пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
– Оны маған жақындатыңдар! – деді. Ол Пайғамбарымызға жақындап дәл алдына жайғасты. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған:
– Зинақорлықты анаң үшін қалайсың ба? – деді.
– Алла мені жолыңа құрбан етсін! Жоқ, қаламаймын!
– Адамдар да сен секілді. Аналары үшін оны қаламайды. Ал, қызың үшін қалайсың ба?
– Алла мені жолыңа құрбан етсін! Жоқ, қаламаймын!
– Адамдар да сен секілді. Қыздары үшін оны қаламайды. Әлде апа-қарындасыңа қалайсың ба? – деп тағы да сұраған екен.
Ибн Ауфтың риуаятында бұған тәте, нағашы апаларын да қосып сұрағаны айтылады. Әрбірінде әлгі жігіт «Алла мені жолыңа құрбан етсін! Жоқ» деп жауап береді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) болса «Адамдар да сен секілді, ешқайсысы қаламайды» деген.
Хадистің екі риуаятында да былай делінеді: «Соңында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қолын әлгі жігіттің көкірегіне қойып: «Уа, Алла Тағалам, мұның жүрегін тазарт, күнәсын кешір және әуретін сақта!» деп дұға жасады. Кейін ол жігіт үшін ең жағымсыз нәрсе – зинақорлық болды».
Зинақорлық – пендені иманынан айыратын, адамның адамгершілігіне сызат түсіріп, қоғамды іштей бұзып, арсыздықтың жайылуына себепкер болатын үлкен күнә. Сондықтан да адамзат тарихындағы кез келген қоғамда, барлық заманда зинақорлық арсыздық дем танылып, оны жасаушыларға ауыр жазалар белгіленген. «Мал сақтама, ар сақта», «Малым – жаным садағасы, жаным – арымның садағасы» деген қазақ халқы да зинақорлыққа, арсыздыққа баруды ауыр қылмыс деп білген.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, адамдар! Зинақорлықтан сақтаныңдар! Расында оның алты түрлі салдары бар, үшеуі осы дүниеде, ал үшеуі ақыретте. Дүниедегісі: адамның көркін кетіреді, кедейлікке тап қылады һәм ғұмырын қысқартады. Ал ақыреттегісі: Алланың қаһарына, есебінің жаман болуына һәм тозақтың отына душар етеді», – деген.
Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ