Күндердің күнінде Нұх (а.с.) пайғамбар көшеде келе жатып бір әйелдің есік алдында жылап отырғанын көреді. Пайғамбар (а.с.) қасына жақындап:
– Неге жылап отырсың? – деп сұрайды.
– Балам жастай өмірден өтіп кетті, соған жылап отырмын.
– Оның жасы нешеде еді?
– 300 жаста ғана болатын, – дейді күрсіне. Сонда Нұх (а.с.) пайғамбар:
– Егер 70 жыл ғана өмір сүретін қауымның арасында болғанда не істер едің? – дейді. Сұраққа таң қалған әйел:
– Соншалық аз жыл өмір сүретін қауым бола ма? – дейді.
– Болады.
– Сондай қысқа өмір сүре тұра олардың арасында Алла Тағалаға қарсы келетіндері бола ма?
– Басым бөлігі қарсы келеді.
– Сондай қысқа өмір сүре тұра олардың арасында дүниеге құныққандар бола ма?
– Әрине, олардың көбінде басты мақсат дүниеге қол жеткізу болады. Ақыретті ойлайтындар аз кездеседі.
– Сондай қысқа өмір сүре тұра олардың арасында болмашы нәрселерге ұрыс-керіс шығаратындар бола ма?
– Болмашы нәрсе үшін бір-бірін өлтіретіндер болады.
– Ех… Мен сол қауымнан болғанда барлық өмірімді құлшылыққа арнар едім, -деген екен әйел жылауын тоқтатып.
Жалғас АСХАТҰЛЫ,
дінтанушы