Жыл басынан бері Астанада бір айға толмаған 33 сәбидің жүрегіне ота жасалған. БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен брифингте «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» елордадағы филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров осылай мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Өткен жылмен салыстырғанда, биыл елордада ота жасау көрсеткіші 3,6 пайызға өсті. Тек жоғары технологиялық медициналық көмекті қолдана отырып, МӘМС арқылы 17,04 млрд теңге сомасына қосымша 6130 қызмет көрсетілді. Оның ішінде кардиология бойынша – 478 ота, кардиохирургиялық – 1206 ота, нейрохирургиялық ота – 612 адамға, ортопедиялық ота – 172 пациентке; несеп-жыныс жүйесі аурулары бойынша – 2039, ас қорыту аурулары бойынша 429 пациентке ота жасалған. Барлығы 303 438 пациентке ем жүргізілген» – деп атап өтті Нұрлыбек Қабдықапаров.
Мұнымен қатар, ол биыл Астанада бір айға толмаған 4 800 нәрестеге медициналық көмек көрсетілгенін атап өтті.
«0-28 күндік 4800 нәрестеге 2 млрд 125 мың теңге сомасына медициналық көмек көрсетілді. Оның ішінде 33 балаға 92 млн 598 мың теңге сомасына жоғары технологиялық медициналық көмек арқылы жүрекке ота жасалып, оңалтудың бірінші сатысынан өткен», – деп тоқталды Нұрлыбек Қабдықапаров.
Қоса кетсек, бұған дейін елорда тұрғындары бес жылда МӘМС жүйесіне 157,8 млрд теңге аударғанын хабарлап едік.