2022 жылдың 18 маусым күні Маңғыстау облысы Дін істері басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Отпан» Ақпараттық-түсіндіру және оңалту орталығының ұйымдастыруымен “Жусан” арнайы гуманитарлық операциясы барысында елге оралған нәзік жандарға ақпараттық-насихаттау, Қазақстандық қоғамның құндылықтарын дәріптеу және қазіргі жағдайға толықтай бейімдеу мақсатында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Түсіндіру жұмысына Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Тыныштықов Асланбек шақыртылды.
Сәйкесінше спикер Шам өлкесі мен ислам әлеміне танылған, кейіннен Сириядағы содырлардың сойқандарының себебімен мешітте өлтірілген, шаhид-ғалым Шейх Мұхаммед Саид Рамадан әл – Бутидың өмірбаянын кіріспе лекцияда қысқаша таныстырды.
Сонымен қатар ол жазған құнды еңбектің алғашқы тұсаукесерін жиналғандарға түсіндірілді. Осылайша, “Салафизм мен радикализм ұғымдарының арасындағы байланыс” атты тақырыпты баяндай келе, таңдалған кітаптың мазмұнымен ұштастыра түйткілді мәселелердің түйіндерін тарқатылды.
Нәтижесінде, бесінші мектеп пен бидғат (діндегі жаңалық) жолдың қауіп – қатерлері жөнінде тыңдаушыларға жеткізілді. Сондай-ақ имам Тирмизидің жинағындағы 1326 реттік санымен келген хадисті көтерген тақырыпқа сай ашықтап берді.
Атап айтқанда, теріс топтық тобырлардың пайғамбар (с.а.с.) сөзін өздеріне қарай бұра тартып қолданатындықтарын және олардың көздеген түпкі ниеттері мен бұзық пиғылдарының қандай шекаралардан асатындығы туралы дәлелді дәйектермен бөлісті. Дәріс соңында Асланбек Тыныштықов жусандықтардың сұрақтарын жауапсыз қалдырмады. Олар өз кезегінде бүгінгі сабақтың жалғасын күтетіндіктерін мәлімдеді.