«Жусан» операциясы аясында Сириядағы соғыс алаңынан елге оралған және «Русафа» операциясы нәтижесінде Ирактағы террорлық аймақтан қайтқан Қазақстан азаматтары бүгін немен айналысып жүр? Еліміздегі діни саясатты жүргізудің қыр-сыры және басты операциялар нәтижесі жөнінде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов Azattyq Rýhy тілшісіне жауап берді.
«Былтыр Президент тапсырмасымен еліміздің барлық өңірі бойынша дін басқармалары құрылды. Бұған дейін олардың дені ішкі саясат, қоғамдық даму басқармаларына қарайтын. Кей өңірлерде діни мәселелерге жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбей келгені рас. Сол себепті 2021-23 жылдарға арналған кешенді жоспар қолға алынды. Стратегиялық құжат болашақта дін саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асыруды көздейді. Оның ең басты мақсаты – зайырлылық ұғымын жете түсіндіру. Себебі, көп азаматтар «Қазақстан – зайырлы мемлекет» ұғымын дінге қайшылықпен шатастырады. Зайырлы дегеніміз – мемлекеттің ісіне діннің араласпауын, заңға ғана бағынушылықты білдіреді. Өз кезегінде діни бірлестіктер мемлекеттің функциялары мен міндеттерін өзіне алмайды. Бұл ретте мемлекет азаматтардың өзінің діни қажеттіліктерін қанағаттандыруы үшін барлық қажетті жағдайларды жасайды», – дейді Ержан Болатқанұлы.
«ЗАЙЫРЛЫҚ ҚАҒИДАТЫ ДІНДІ ТЕРІСКЕ ШЫҒАРУДЫ БІЛДІРМЕЙДІ»
Комитет төрағасының айтуынша, зайырлық – дін саласындағы мемлекеттік саясаттың негізін қалаушы қағидат. Комитет халық арасында осы қағиданы түсіндіру үшін кешенді жұмысты қолға алған.
«Зайырлық қағидаты дінді теріске шығаруды білдірмейді, азаматтардың құқықтарын бұзбайды. Әрбір азамат мұсылман, христиан, буддист, атеист немесе агностик болуға құқылы. Зайырлық – таңдау еркіндігінің міндетті шарты. Бұл қағидатты түсіндіру және ілгерілету еліміздің әрбір өңірінде жұмыс істейтін дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру топтары арқылы жасалады. Дін саласындағы сарапшылар кездесіп, азаматтардың мақсатты санаттарымен сөйлеседі, әлеуметтік желілерде тікелей дәрістер өткізеді. Бұдан басқа, біздің мамандар зайырлық деген не және ол не үшін қажет екендігі түсіндірілетін ақпараттық материалдарды, бейнероликтер мен инфографиканы жариялайды. Зайырлық ұғымы оқу орындарының білім беру бағдарламалары аясында оқушылар мен студенттерге де түсіндіріледі», – дейді комитет басшысы.
«ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕР – ДІНИ-РАДИКАЛДЫ АҚПАРАТ ТАРАТУ АЛАҢЫ»
Әлеуметтік желілерде дінаралық алауыздықты қоздыратын, сондай-ақ дінге сенушілердің сезімдерін қорлайтын фактілер – материалдар мен сайттар бар. Бұл мәселені шешу үшін комитет тарапынан контрнасихат жұмыстарын жүргізу қолға алынған.
«Пандемия салдарынан мешіттер, шіркеулер жабылып, азаматтардың көбі ақпаратты интернеттен алып жатыр. Негізгі жұмыстың бағытын интернетте тарап жатқан теріс ақпараттармен күрес – контрнасихат жұмыстарын жүргізуге бағыттап отырмыз. 2020 жылы теріс бағыттағы діни ақпараттарды әлеуметтік желілерде оқып, тыңдап отырған азаматтар саны 2019 жылмен салыстырғанда 44 пайызға қысқарды. Экстремистік, террористік сипаттағы 21 мыңнан астам материал бұғатталды», – дейді Ержан Болатқанұлы.
САННАН САПАҒА КӨШУ МӘСЕЛЕСІ ТҰР
Комитет басшысының айтуынша, Түркия, Египет сияқты мемлекеттерден діни білім алып келген, араб тілін, дін саласын жетік меңгерген мамандар бар. Біздің елімізде де теологтарды дайындау мәселесі қолға алынған.
«Алматыдағы Нұр-Мүбарак институтын қоса алғанда елімізде теолог мамандарды дайындайтын 6 ЖОО бар. Бұл ЖОО-да соңғы 4 жылда 1839 түлек оқып шықты. Одан өзге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында 9 медресе бар. Осы медреселерде соңғы 5 жылда 1672 түлек оқып, орта арнаулы білім алды. Өңірлер бойынша 229 ақпараттық топ – 2605 маман жалпылама және нүктелі-нысаналы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отыр.
Бір өкініштісі, жалақының аздығы. Мәселен, өңірлер бойынша ҚМУ-ларда жұмыс істейтін теологтар орта есеппен 65-70 мың теңге айлық алады. Жалақыны өсіру мәселесі өзекті болып тұр. Сонымен қатар, ең маңызды мәселе – кадр сапасы. Қазір теолог мамандар саны жеткілікті, енді саннан сапаға өту керек», – дейді Ержан Болатқанұлы.
Айта кетерлігі, мамандар біліктілігін арттыру үшін жыл сайын арнайы курстар мен тренингтер ұйымдастырылады.
«ЖУСАН» ЖӘНЕ «РУСАФА» ОПЕРАЦИЯЛАРЫМЕН ЕЛГЕ ОРАЛҒАН АДАМДАР ТОЛЫҚ ОҢАЛДЫ МА?
Ақпан айында бесінші рет ұйымдастырылған «Жусан» операциясымен Қазақстанға азаматтар Сирия жерінен қайтарылды. Олардың жай-күйі қандай?
«Қазір оңалту жұмыстары жүріп жатыр. Адамның діни сенімі мен нанымын дұрыс бағытқа бағдарлау үшін бірнеше кезеңнен тұратын күрделі этаптан өткізу қажет. «Жусан» операциясы арқылы елге қайтқан, төрт кезең бойынша әйелдердің 90 пайызы қазір оңалтудан толық өтті. «Ақниет» ұйымымен бірге психологиялық, реабилитациялық жұмыстар жүргізілді», – дейді ол.
2019 жылы «Жусан» операциясымен Сириядан 595 адам оралды. 2020 жылы ақпан айында «Жусан-5» операциясы нәтижесінде тағы 12 қазақстандық қайтарылды. Ал Ирактағы террорлық аймақтан «Русафа» операциясы барысында кәмелетке толмаған 14 бала елге оралған («Русафа» операциясы – балалардың анасы өмір бойына сотталған Ирактағы түрменің атымен аталып кеткен).
«Елге оралған азаматтардың дені БҚО (31 адам), Атырау (24 адам), Қарағанды (23 адам) қалаларына шоғырланды. Байқап отырғандарыңыздай, олардың көбі Қазақстанның батыс өңірлерінде. Сол себепті, батыста деструктивті, радикалды топтағы адамдар саны басым екені рас. Жалпы өсімді біз тоқтаттық, енді батыстағы аталған топтағы азаматтармен оңалту жүргізіліп, олардың санын азайту көзделіп отыр. Комитеттің мақсаты – теологиялық, психологиялық көмек көрсету», – дейді Ержан Болатқанұлы.
Комитет басшысы дерадикализациямен қатар мемлекеттік қызмет көрсету бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде айтты. Бұл бағыттағы 7 қызметтің 6-ы толық цифрландырылды. Бұл шаралар ашықтықтықты қамтамасыз етіп, жемқорлықтың алдын алуы үшін жасалған.
Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан