Бүгінде Қазақстан мен Ресейдің ақпарат құралдарынан «Джихадисты напали на военную базу», «джихадисты взорвали газопровод», «сирийские джихадисты убили мирных людей», «жиһадшылар қолынан бәленше адам қайтыс болды», «жиһадшылар мәлімдеме жасады» деген жарияланымдарды көзіміз жиі шалады.
Көзі қарақты оқырман «жиһадшы» дегенді естігенде оның «террорист», «лаңкес», «содыр» екендігін бірден түсінеді. Өйткені, ол санамызға сондай мағынада сіңіп үлгерген.
Террорлық актілерді жасайтын қылмыскерлерді «жиһадшы», «джихадист» деп атау үрдісі бізге Ресейден, ал Ресейге Еуропадан келгенін айта кетейік. Өйткені, әлемнің әр түкпірінде теракт ұйымдастырып, экстремистік әрекет жасап жүрген, негізінен мұсылман елдерінен шыққан содырлар өздерін «Алла жолында соғысушы жиһадшылармыз» деп атайды. Бұл сөздің түпкі мағынасына үңіле бермейтін еуропалықтар мен орыстар оны «террорист» сөзінің баламасы ретінде қолданып, айналымға енгізіп жіберді.
Өкінішке қарай, қазақ журналистері де батыстағы әріптестерінің ізін басып, баскесерлер мен «басмашылардың» бәрін «жиһадшы» деп жүр. Одан бөлек, мағынасы жақсы сөз болғанына қарамастан, «шахид» (шейіт), «моджахед» деген сөздер де қазіргі күні «террорист» ұғымының синонимдері қатарын толықтырып үлгерді.
Осыған орай, біз бұл шағын мақаламызда «жиһад» сөзінің мән-мағынасы жөнінде аз-кем сөз қозғауды жөн көрдік.
Қазақ тілінде «жиһадтың» мәнін толыққанды бере алатын бір сөз бар. Ол – «күрес» деген сөз.
«Күрес» дегенде біздің ойымызға не келеді? Еркін күрес, грек-рим күресі, қазақша күрес секілді спорт түрлерін былай қоя тұрайық.
Жалпы, біз негізінен тек жақсылыққа бағытталған, ізгі мақсатты көздеген іс-әрекеттерді ғана «күрес» деп атайды екенбіз. Айталық, адамның өз бойындағы кемшіліктерді жоюға бағытталған әрекеті – күрес. Өз отбасының, балаларының болашағы үшін жасайтын қам-қарекеті – күрес. Қоғамдағы проблемаларды жою, келеңсіздіктердің алдын алу үшін барын салып сіңірген еңбегі де – күрес. Отаны үшін, елі үшін жасаған қызметі де – күрес. Тіпті өмірдің өзі – күрес!
Мысалы, біз «Алаш қайраткерлері қазақ елінің болашағы үшін күресті» деп айтамыз. Бұл жердегі күрес – Отан үшін жасаған ізгі істерді, жасампаз жұмыстарды білдіріп тұр. Өйткені, алаштықтар қолына қару алып соғыспағаны белгілі.
Сондай-ақ, «күрес» сөзінің көп мағыналарының бірі – соғысу. Мәселен, «Кеңес әскерлері неміс фашистеріне қарсы күресті» дейміз. Мұнда нақты әскери іс-қимыл мағынасын білдіріп тұр.
Өмірдегі жақсы, сауапты, ізгі істердің бәрі «күрес» болса, жамандыққа бағытталған күнәні, қылмысты біз ешқашан олай атамаймыз.
Мысалы, ұрының банкті тонауы, жемқордың мемлекет қаржысын жымқыруы, алаяқтың адамдарды алдауы және террористердің бейбіт халықты бомбамен жарып жіберуі – күрес емес. Ол – қылмыс!
«Ұры банкті тонау жолында күресті» немесе «Террористер автобустағы адамдарды кепілдікке алу үшін күресіп жатыр» деп айтпайтынымыз белгілі.
Міне, «жиһад» сөзінің мәні де дәл осыған саяды. Адамның өз бойындағы мінімен күресуі – жиһад. Балаларының келешегі үшін күн-түн демей еңбектенуі – жиһад. Елі үшін маңдай терін төгуі – жиһад. Сондай-ақ, Отан қорғау жолында қолына қару алып соғысуы – жиһад және өмірдің өзі де – жиһад!
Ал, жаманшылыққа бастайтын істер ешқашан «жиһад» бола алмайтыны секілді, террористерді де «жиһадшы» деп атау мүлдем санаға қонбайтын нәрсе.
Өйткені, «жиһад» – ол «күрес» болса, сәйкесінше «жиһадшы» дегеніміз – күрескер. Біз Алаш қайраткерлерін «күрескер» деп жүрсек, енді қарапайым адамдардың қанын судай ағызып, ел ішіне іріткі салған лаңкестер де «күрескер» болып шыққаны ма?!
Сонда олар не үшін күресіп жатыр?
Белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы: «Жиһад ұғымының аясы өте ауқымды. Бүгінгі таңда теріс бағыттағы ақпарат салдарынан көптеген адамдар жиһадтты қару алып соғысу деп біржақты түсінеді. Әрине, мұндай түсінік жиһадтың мағынасын шектейді. Құранда «жиһад» сөзі 35 жерде келгенімен, төрт жерде ғана тікелей соғыс мағынасында айтылған», – дейді.
Ал пайғамбарымыздың хадисінде соғыстан қайтып келе жатқан сахабаларына «Біз кіші жиһадтан үлкен жиһадқа бет алып келеміз» деп айтқаны, оның мәнін сұраған сахабаларына: «Үлкен жиһад – өз нәпсіңмен күрес» дегенін баршамыз білеміз.
Бұдан біз «жиһадтың» теракт, лаңкестік шабуыл еместігі өз алдына, тіпті көбіне-көп «соғыс» мағынасын да бермейтіндігін ұғынамыз.
Ресейдің ақпарат құралдары Кавказдағы содырларға қатысты (олар шын мәнінде содыр болса) «моджахед» сөзін көп қолданады. Ал әйел террористерді «шахидка» деп жататынын байқаймыз. Бірақ, теракт жасаған ер адамдарды ешқашан «шахид» деп атағанын көрмеппіз.
Шын мәнінде, «моджахед» – «жиһадшы» деген сөздің арабшасы. Ал «шахид» – Алла жолында құрбан болған адамға қатысты айтылады. Қазақша оны «шейіт» дейміз.
Алла жолы – жоғарыда айтылғандай, жақсылыққа бағытталған жол. Ал террористердің ісі – ешқандай да жақсы жол емес. Бір адамды ренжітудің өзі – Алла қалаған іс болмаса, көп адамды бомбамен жарып жіберу қалайша Алла жолы болуы мүмкін?!
Жарайды, «жиһад», «моджахед» – көп адамға түсініксіз терминдер делік. Ал бірақ, орыс журналистерінің террористерді «исламисты» деуіне не жорық? Мысалы, будда дінін ұстанатындарды «буддисты» десе, оған ешкімнің таласы жоқ. Ендеше, ислам дінін ұстанатын «исламистер» қалайша «террорист» болып кетті?
«Жүре берсең, көре бересің» дегендей, енді өзіміздің қазақ журналистері де теракт жасаушыларды бас-көз демей «исламшылдар» деп жазатын болды. Бұл үлкен сауатсыздық!
Міне, осы айтылғандарға қарап отырып, біз ізгілікті білдіретін, түзу жолдағы адамға қатысты айтылатын «жиһадшы», «шахид», «исламист» секілді сөздердің мүлдем теріс мағынада қолданылып кеткендігін көреміз. Әрине, қазір көп адам бұлардың шын мағынасын біліп қалған да сияқты. Алайда, әлі де болса бұрынғы инерциямен кетіп барамыз.
Біз, қазақ журналистері, діни мәтіндерді жазғанда әр сөздің ара-жігін айырып, байыбына барып, қасиетті ұғымдарды теріс қолданған әріптестерімізге ескерту жасап отырғанымыз жөн секілді.
Ескендір ТАСБОЛАТ