Жамбыл облыстық өкілдігінің ұйымдастыруымен «Һибатулла Тарази» мешітінде журналистер мерекесіне орай спорттық іс-шара өтті.
Додаға Тараз қаласындағы Бұқаралық ақпарат құралдарының тілшілері жиналды. Тілден бал тамызып, ақ пен қараны айнытпай жеткізетін, билік пен халық арасындағы байланыстырушы көпір болған журналистерге құрмет көрсетіліп, ақ дастархан жайылды. Облыстың бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев көпшілік алдында сөз сөйлеп, тілшілерді төл мерекесімен құттықтады.
Ер кісілер арасында журналистер мен облыстық және қалалық мешіт имамдарының қатысуымен кіші футболдан турнир ұйымдастырылса, қыздар арасында үстел теннисінен сайыс өтті.
Аяқдоп бәсекесіне 6 команда қатысып, арасынан тартысты ойын көрсеткен «ТаразПресс» 1-орынды жеңіп алды. Ал екінші орынды «77» арнасы місе тұтса, Тараз қаласының имамдарынан құралған команда 3-орын үшін өткен ойында «Тараз 24» арнасын жеңді.
Ал Әйел-қыздар секторының ұйытқы болуымен үстел теннисінен өткен сайысқа 8 баспасөз өкілі қатысты. Оқ бойы оза шауып, бірінші орынды «Тараз 24» телеарнасының SMM-маманы Клара Хасанова жеңіп алды. Ал екінші орынды «Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз хатшысы, asyldin.kz сайтының тілшісі Ақерке Бекқұлова иеленсе, үшінші орын «77» телеарнасының тілшісі Сара Шоқанқызына бұйырды. Сонымен қатар төртінші орынды «Һибатулла Тарази» медресе-колледжінің әдіскері Меруерт Құрманбаева, бесінші орынды «77» арнасының тілшісі Диана Орынбасар алды.
Айта кетейік, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы сыйлықтар табысталды. БАҚ қызметкерлеріне ақ дастархан жайылып, дін саласына қолдау білідіріп жүрген тілшілер облыс бас имамының алғыс хатымен марапатталды.