Жуырда ғана жарыққа шығып, қазақ оқырмандарын қуанышқа бөлеп жатқан «Таң нығметі» кітабының тұсаукесері тағы да жақсылықты еселеуде. Естеріңізде болса, тұсаукесерді ұйымдастыру мен кітап саудасынан түскен қаржыдан Нұр-Мүбарак университетінің құрылысына көмек ретінде аударылу жайы хабарланған болатын.
Барлық есебі шығарылып, бүгін жаңа ғимарат құрылысы үшін «Білім-Қазына» қоғамдық қорына жарты миллион (505 000) теңге аударылды. Кітап авторы журналист әрі Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз хатшысы Айша Кеңесбай бұл игі бастама жайлы ойымен бөлісті:
– Білім мен ғылымды қолдау – дінімізде үздіксіз үш сауаптың басын қосқан игі амал. Сондықтан «Таң нығметі» кітабын шығарған кезде өзім білім алған, қызмет ететін Нұр-Мүбарак университетінің құрылысына қолдау жасау ниетім де болды. Бұл әрі әдеттегі амалымыз деуге де болады. Кітап тұсаукесерін қолға алған сәтте «Білім-Қазына» қорының өкілдері аталған игі істі жария түрде атқаруға қолқа салды. Себебі бұл бастама қоғамдағы қара халыққа ғана емес, көптеген табысты тұлғалар мен кәсіпкерлерге, осы салада танымал блогерлер үшін түрткі болады деген ойдамыз. Сондықтан шағын тұсаукесерден түскен қаржы тамшыдай болса да теңізге қосқан үлесіміз телегей жақсылық пен үздіксіз сауаптарға ұйытқы болады деген сенімдеміз! – деп жұртшылықты жақсылыққа жұмылуға үндеді.
Бұл бастамаға қолдау білдірген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төраға орынбасары, наиб мүфти Кенжеәлі қажы Мырзабаев, Алматы қаласының Бас имамы Төлеби Оспан, ардагер журналист Оңғар қажы Өмірбек және тұсаукесерге жиылған жамағат ақ батасын беріп, ақжолтай тіледі. Автор елімізді имандылыққа ұйытатын сауапты істі жалғастыру ниетін де жеткізді.
«Нұр-Мүбарак» университетінің баспасөз қызметі