«Малға достың мұңы жоқ малдан басқа»
(Абай)
Ислам ғалымдары жүрек дертіне шалдыққан адамға дертінен айығуы үшін мынадай кеңес береді: «Емделу – сол дертке шипа болатын себептерге бет бұруы арқылы басталады. Мысалы, Алла Тағаладан алшақтататын сараңдық дертінің шипасы – мал-мүлікті қайырымдылық жолында жұмсау. Бірақ кейбір кезде бұл қайырымдылық, ысыраптың дәрежесіне дейін өтіп кетіп жатады. Сөйтіп сараңдық дертінен сауығамын деген адам, ысырапшылдық дертіне шалдығады.
Суықты кетіру үшін ыстықты қолданады. Ал енді ыстық өз өлшемінен асып кетсе, бұл да бір дерт. Негізінде ыстық пен суықтың ортасында теңдік болуы тиіс. Сол сияқты ысырап пен сараңдықтың арасында да теңдікті сақтау қажет. Егер теңдіктің не екенін білгің келсе, онда ұстануың тиіс мінезге назар салғайсың.
Бұл мінез өзінің қарама-қарсы мінезіне қарағанда сен үшін жақын әрі жеңіл болса, демек сен сақтануың лазым болған мінезге иесің. Мысалы, сен үшін мал-дүниені сарп қылғаннан гөрі, оны жинау рахат әрі жеңіл болса, онда сенің бойыңда сараңдық қасиеті басым. Саған мал-дүниені сарп етуге күш салу керек.
Егер малды керегінше сақтағаннан гөрі оны шектен тыс жарату қасиеті анағұрлым ләззатты әрі жеңіл болса, демек сенде ысырапшылдық басым. Саған малды қолда ұстап тұру мінезін үйренген жөн…» (Ихия-у улум әд-дин).
Бақытсыздық пен қайғы-қасіретке душар болған адамдар үшін бақытқа алып баратын жол белгісіз болып көрінеді. Себебі уайым-қайғы бұл адамның өмірінде көбейіп кетті. Тіпті, оның жүзіндегі барлық жылулықты сөндіріп, мінезін өзгертіп, бақытқа келетіндей мүмкіндік қалдырмады.
Жүрегі ауыр қайғыға толған, жаны қасірет пен бақытсыздық шынжырларымен байланған адамның жүзі әрдайым суық келеді. Оның үнемі қабағынан қар жауып, басқалардан оқшауланып жүргенін көресің. Басқалар жайында жаман ойлайды, ешкімге жақындамайды, насихатқа құлақ аспайды. Ондай адамға өзінен басқасының барлығы ұнамайды.
Әрине, адам бақыты үшін күресуі қажет. Жүректің рахаттануы және оның қуануы, одан уайым-қайғының кетуі – әрбір адамның талабына байланысты. Әрі сол арқылы жақсы өмір жасалады, қуаныш орнығады. Мұның діни, табиғи және амалдық себептері бар.
Адамдар арасында өзінің ыждаһады мен қылған еңбегіне байланысты өмірінде жақсы белестерге жетіп, тәуір өмір сүргендері де, жете алмай сол ескіше бақытсыз қалғандары да немесе орташа өмір сүргендері де кездеседі.
Біріншісі, сол себептердің ең ұлысы, ең негізгісі – Аллаға иман келтіріп, ізгі амал жасау. Алла Тағала былай дейді: «Ер немесе әйелден кім ізгі амал істесе, әлбетте оны жақсы тіршілікте жасатамыз. Әрі оларға істеген амалдарынан жақсырақ сыйлық береміз» (Нахыл сүресі: 97).
Алла Тағала бұл аятта иман келтіріп, ізгі амал істегеннің осы дүниеде жақсы өмір сүретініне және екі дүниеде де марапатының мол болатынына уәде берді.
Расында да дүниені, ақиретті, жүректерді түзейтін, жемісі ізгі амал болатын шынайы иман болмақ. Мұсылман адам осы иманы арқылы өмірдегі қайғы мен қасыретті жеңе білуді үйренеді.
Аллаға иман келтірген адам сүю мен қуануды, Аллаға шүкірлік етуді, бойындағы күш-қуатын ізгілік пен қайырымдылыққа жұмсау қажеттігін түсінеді. Егер адам осы ерекшеліктерді дұрыс түрде үйрене білсе, онда бұл қасиеттер оның бойына тұрақталып, берекелі өмірге құштарлық пайда болады.
Адам өз иманының арқасында жаман, зиянды нәрселерді, уайым-қайғыны қайтаруды, қарсы тұруға болатынына қарсы тұруды (қайтаруды), жеңілдетуге болатынын жеңілдетуді және бәріне көркем түрде сабыр етуді үйренеді. Сөйтіп адам бойында жаман нәрселермен күресуден тәжірибе жинақталып, Алла жолындағы сабырлықтан жамандықты кетіретін ұлы нәрселер туындайды. Жамандықтардың орнын қуаныш пен жақсы үміт, Алланың сауабы мен нығметі басады. Бұл жайында пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахих хадисінде былай деп айтады:
«Мүминнің ісі бір ғажайып. Оның істерінің барлығы жақсылық. Егер оған қуаныш (жақсылық) келсе, шүкіршілік етеді де, оған жақсылық болады. Егер бір қайғыға душар болса, сабыр етеді де, оған жақсылық болады. Бұл тек иман келтіргенге болады» (Мүслим).
Сонымен пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әрбір жамандық пен қуаныш келген кезде мүминнің олжасы, жасаған жақсылықтың сауабы және амалдарының жемісі ұлғая беретінін айтып отыр. Біздің сабырлық танытқан немесе шүкірлік еткен әрбір әрекетіміз үшін сауап жазылмақ. Бастысы сол басымызға келген уақытша сынаққа шыдай білу. Сонымен қатар өзіңіз жақсы көрмейтін амалды басқаларға жасаудан сақтану. Себебі ол да сіз сияқты адам, оның да жақсы өмір сүруге, жақсылық көруге құқығы бар.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ