Тiліміз – өткiр қылыш қойған қайрап,
Жұтады отыз тiсiң, нәпсiң шайнап.
Тамырың алпыс екi – жiп секiлдi
Бекiтiп дүниенi қойған байлап!
(Мәшһүр Жүсіп )
Алланың елшісі (с.ғ.с.) ұрыстан қайтып келе жатқан әскерге: «Кіші жиһадтан үлкен жиһадқа қош келдіңдер!» – деп айтады. Сонда сахабалар: «Уа, Алланың елшісі (с.ғ.с.)! Үлкен ұрыс дегеніміз қайсы?» – деп сұрайды. Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Нәпсімен күресу», – деп жауап береді (Әл-Баиһақи).
Әбу Хамид әл-Ғазалидің пікірінше, кім құмарын тежеуді және нәпсімен күресуді – Алла Тағалаға еру жолы екенін растаса, ол адам бұл растаудың себебі мен сырынан бейхабар болса да мүминдердің тобынан саналмақ. Егер құмарлықты арттыратын және ол сезімнің күшеюіне жәрдем беретін себептерден аман болса, ол адам ілім берілгендердің қатарынан болғаны. Алла тағала екі жағдайда да жақсы марапатты уәде етеді:
«Ал енді кім Раббының алдына тұрудан қорқып, нәпсісін қалаған нәрседен тежеген болса, негізінде оның барар жері жұмақ» (Назиғат 40-41).
«Алла жүректерін тақуалық үшін сынағандар. Оларға жарылқау әрі зор сыйлық бар» (Хужрат:3).
Алла тағала Дәуіт пайғамбарға: «Ей, Дәуд! Қауымынды құмарлықтан құл болудан азат ет. Себебі дүние құмарлығына белшесінен батқан жүрек менен алыстайды», – деп уахи қылған», – деген хабар бар.
Иса пайғамбар: «Көз көрмеген, ғайыпта уәде қылынған нәрсе үшін сондай иман келтіріп, құмарлықты тәрік қылған адам – неткен керемет жан!» – деген.
Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Ұлық және құдіретті Алла тағалаға итағат жолында нәпсіге қарсы күрескен адам – мужаһид», – деген (Термизи).
Суфиян әс-Саурии: «Өзіме нәпсіден асқан дұшпанды көрмедім», – деген.
Әбу Аббас Мусылий нәпсіге қатысты: «Әй нәпсі! Нығметке белінен батқан байлармен бірге болып не дүниеге тоймайсың, не ақырет үшін тақуалармен құлшылық қылмайсың? Мен сенімен бірге жәннат пен тозақ арасында тұрған тұтқын сияқтымын. Ей, нәпсі! Ұялмайсың ба?» – деп айтқан.
Әл-Хасан нәпсінің күштілігін суреттеп: «Нәпсіге тағылатын жүгенді, асау ат та қажет етпейді», – деген.
Яхия ибн Муғаз әр-Разии: «Нәпсіге қарсы жаттығу қылышымен күрес. Жаттығу төрт нәрсе арқылы іске асады: аз тағам, аз ұйқы және аз сөйлеу мен қиындықтарға сабыр ету. Тағамды аз жеу – құмарлықты өлтіреді; аз ұйқы – шексіз қалауды басады; аз сөйлеу – сау-саламаттыққа апарады, қиындықтарға төзу – мақсаттарға жеткізеді. Пенде үшін қиындыққа төзгеннен және жапа шеккенде мейірімді болғаннан артық нәрсе жоқ», – дейді.
Ғалым әрі қарай сөзін жалғастырып: «Егер нәпсіңде дүние құмарлығына құштарлық, күнә істерге жақындық болып және көп сөйлегенде шырын дәмін сезетің болсаң, онда тамақты аз жеу қылышын, таһажуд (түнгі намаз) бен аз ұйықтау қынабынан суыр. Кейін бейқамдылық пен аз сөйлеу қолдарындағы бұл қылышты алып, зұлым мен кекшілдіктің мойынын үзу үшін дүниеге жақын және күнә істерге қалау тудыратын құмарлықтың басын шап.
Сонда барып нәпсің дүние құштарлығы мен құмарлықтарынан аман болады. Нәпсі құмарлық зұлматтарынан тазарады, оның зардаптарынан құтылады. Нәтижеде ол таза әрі жарық, жеңіл және рухани нәпсіге айналады. Жазыққа шыққан шабандоз сияқты ізгі істерге, итағат жолдарына ұмтылады және бау-бақшада серуендеген періштеге ұқсайды.
Адамның үш дұшпаны бар: дүние, шайтан және нәпсі. Тақуалықпен дүниеден сақтанады; тақуалықпен шайтанға қарсы тұру арқылы қорғанады. Тақуалықпен құмарлықтарды тәрік ету арқылы нәпсіден сақ тұрады», – деп айтқан.
Әбу Сүлеймен болса: «Түнде таһажүт намазын оқушылар намаздарын оқыған уақытта, нәпсіқұмарлардан артық ләззат алады. Егер таһажүт намазы болмаса, мен бұл дүниеде қалуды қаламаған болар едім», – деген екен.
Әрине, біздің келтіріп отырған мысалдарымыз тақуалық жолының ірі ұстаздары. Кемелдік жолын таңдап, нәпсіні тізгіндеу мақсатында күндіз-түні аянбай тер төгіп, рухани мәртебеге жеткен тұлғалар. Жүрек дерті, нәпсімен күрес, жан-дүниені тәрбиелеу мәселелері қайсы заманда болсын өзектілігін жоғалтпайтыны анық.
Біздің оқырман осындай тұлғалардың кеңестеріне құлақ салып, құмарға берілу – түрлі жүрек дерттеріне жол ашатынын көңілге тоқып, сақтық шараларын қолға алса екен деп тілейміз.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ