Ардақты Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) мына хадисі – мұсылман атаулының ойынан кетпейтін кемелдік кілті: «Шын мәнінде, Алла сендердің келбеттеріңе, байлықтарыңа қарамайды. Алла сендердің жүректеріңе, амалдарыңа қарайды» (Муслим жеткізген).
Расында, адамның шынайы болмысы – Жүрегінде, яғни ішкі дүниесінде. Біз көп жағдайда жасанды бейнемен – маскамен жүреміз. Өзімізді (нәпсімізді) көтеріп-мақтану үшін, қателессек – ақталу үшін, пайда тауып шаттану үшін, қысқасы жалған беделді сақтау үшін маска киіп жүреміз. Нәпсі деңгейінің бастапқы-төменгі сатыларында жүрген адамның бұл күйі – екіжүзділіктің бір көрінісі. Бұл кезде ішкі хәл мен сыртқы көріністің арасында кереғарлық бар болғандықтан, алдау жүзеге асады. Ең әуелі пенде өзін алдайды, өз өзіне әділетсіздік жасайды…
Тікелей алған күннің өзінде, сыртқы келбетімізді: 1) біз жаратпадық, 2) келбет жасқа қарай өзгереді, 3) сыртқы келбетті жасауға (бояға, ота жасатуға) болады. Байлық та: бір қарағанда адамның өз еңбегімен жасалған сияқты болғанымен, түп шындығында – Алланың нәсіп етуімен болатын дүние. Оның үстіне байлық – сүйікті құлға да, сүйікті емеске де беріле береді. Әрі дүние – бірде бар, бірде жоқ, құбылмалы. Сондықтан бұл дүниелер адамның шынайы бейнесін көрсете алмайды.
Жүрек – менің шындығым: қолдан жасай алмайтын шынайы сезімдерімнің орталығы; иманымның тұрағы. Өз қателігіңді-күнәңді оймен (ақылмен) ақтап алуға, қиыннан қиыстырып жауапкершіліктен құтылып кетуге болады. Ал Жүректен шыққан терең сезіміңмен күресе алмайсың, тек мойындайсың. Расы сол: адамды (суық) ақылы алдай алады, ал жүрек тек шындықты (ақиқатты) айтады (сездіреді)…
Ниет-дұғамыз да, харекет-амалымыз да жүректен шыққанда – шынайы, құнды, сауапты. Яғни қабыл болады. Ал нәпсі деңгейінен шыққанда – үстірті, жасанды, рия. Мысалы: «Ата-анаңа түһ деме» деген мағынадағы аятты-үкімді: «тек ауызбен айтпасам болды» немесе «денемнен, ишарамнан (мимикадан) көрінбесе болды» деп ойлау, солай істей отырып «шариғат үкімін орындадым» деп есептеу – өзіңді алдау, нәпсіге (шайтанға) алдану. Иә, егер сыртыңызбен солай істей-көріне отырып, ішіңізде (жүрегіңізде) реніш пен «түһтің» неше атасы айтылып жатса – алдау, алдану болмақ. Ал егер әке-шешеңіз сізге (нәпсіңізге) ұнамайтын бір нәрсе айтқанда-істегенде еш кінәләусіз, сынаусыз қабылдап, сол сөзден-істен ғибрат-сабақ ала алсаңыз, ішіңізде де жылт еткен жағымсыз сезім болмаса, яғни «түһ» деген сөз іште-Жүректе де айтылмаса, онда үкім орындалды, сауап алынды, өсу жүзеге асты! Тура осы секілді тілмен айтылған дұға Жүректе болмаса, ауызбен айтылған тілек бар жан-тәніңмен, ұмтылыс-харекетіңмен дәлелденбесе, онда ол дұға – шынайы дұға емес; ол дұғаға Алланың назары түспеді, қабыл болмады деген сөз…
Мұсылмандықтың нысанасы – тақуалық болса, тақуалықтың орыны – Жүрек. Бұл жайлы бір хадисте сүйікті Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) «Тақуалық мына жерде» деп, қолымен жүрек тұсын үш мәрте нұсқағандығы айтылады (Мүслим жеткізген). Мұнда да шынайы болмысымыз, жинаған қазынамыз – ішкі әлемде екендігі, ішкі дүниенің әдемілігінде, мінездің көркемдігінде, Жүректің тазалығында екендігі ескертілген. Ұлтқа ұстаз болу бағы бұйырған Абай хәкімнің 17-қара сөзінде: «Қайрат, ақыл, жүрек үшеуі өнерлерін айтысып, таласып келіп, ғылымға жүгініпті» деп бастап, соңында ғылымның: «Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтадым. Құдайшылық – сонда. Қалпыңды таза сақта, Құдай Тағала қалпыңа әрдайым қарайды, кітаптың айтқаны осы» деуі де – осы хадистерге берілген тамаша түсіндірменің бірі.
Ал хадистегі «амалдарыңа қарайды» деген сөзді: «ниетіңді амалыңмен дәлелде, сөзіңді іспен нақтыла, ұмтылысыңды харекетпен бекіт» дегені, «шынайлығың амалыңмен дәлелденеді» дегені деп түсінсек жөн. Шындығында, іштегі ниетті қайрат-жігеріңді жұмсап, жүзеге асыруға ұмтылмасаң, онда ол ой-ниет – не өзгенікі, не қадірін білмеген, құнын түсінбеген ой-ниет. Сондай-ақ, бұл сөзді шариғатымаздағы: «айтылмаған сөзге жауапкершілік жоқ, ойдың көбіне күнә жазылмайды, амалға айналғанда ғана сауап немесе күнә жазылады» деген қағидаға сәйкес айтылған толықтыру деп түсінсек те болатын секілді. Әрине Анығын Алла біледі!
Біздің ниетіміз, сөзіміз, ісіміз іштен-Жүректен шыққанда ғана – шынайы, құнды, сауапты! Біздің шынайы бағамыз – ішкі күй-ішкі хәлімізбен, Жүрекпен өлшенеді. Алла Тағала сол шынайы «жерге» қарайды, сол шынайылықты-ықыласты бағалайды, сол адалдықты жақсы көреді!
Алла Тағала баршамызға іші-тысымыздың бүтін болуын, Жүрегімізбен өмір сүруді, жүрек көзіміздің ашылуын нәсіп еткей!
Алғадай ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ