Сұрақ: Періштелерді жұмақ періштелері, тозақ періштелері деп бөліп айтып жатады. Осылай бөлген дұрыс па?
Жауап: Исламда періштелерге иман келтіру иманның алты шартының бірі болып табылады. Алла Тағаланың жер бетінде және көктерде әртүрлі міндеттер жүктеген періштелірі болғаны сияқты, жәннат пен тозақтағы істерді атқаруға міндеттеген періштелері де бар.
Жұмақ періштелері
Жәннат періштелері мүминдерге сәлем беріп, достасып, оларды иманға келіп, ізгі амал жасап сабыр еткені үшін құттықтайтыны айтылады. Құран Кәрімде жәннатта міндетті періштелер «жәннат сақшылары» түрінде баяндалады:
«Раббысына қарсы келуден сақтанғандар болса топ-тобымен жәннатқа барады. Сол жерге барып, есіктер ашылған кезде жәннат сақшылары мүминдерге “Қош келдіңдер, енді қауіп жоқ! Мәңгілік қалу үшін жәннатқа кіріңдер!” дейді»[1]
«Олар адн жәннатына Алланың ризашылығына лайық өмір сүрген ата бабалары, жұбайлары, балалары және немерелерімен бірге кіретін болады. Періштелер төрт жағынан жанына барып: “Амандық, бақыттарың мәңгі болсын, өйткені сендер дүниеде сабыр сақтап осы сыйлыққа лайық болдыңдар. Міне бұл бақыт қандай тамаша нәтеже!“– дейді.»[2]
Бізге риуаят етілген хадистерде жұмақтың қақпасында күтіп тұратын періштенің есімі «Хазин» деп аталатыны туралы айтылады. Жұмақтың қақпаларын күзететін періштеге де Рыдван деп айтылады.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.):«Қиямет күні мен жұмақтың есігіне барып, ашамын. Хазин «сен кімсің?» деп сұрайды. Мен: «Мұхаммедпін!» деп жауап беремін. Сол кезде Хазин « Сіздің алдыңызға дейін маған бұл есікті ешкімге ашпауға бұйырылған болатын» деп айтады» – деп бұйырады. (Муслим, Иман, 85).
Тозақ періштелері
Алланың разылығына қайшы амалдар жасағандарға Алла Тағаланың ашуын, азабын көрсететін періштелер тозақ періштелері деп аталады. Иманға келмегендер тозаққа барған кезде «тозақ сақшылары» оларды қарсы алып әртүрлі азап тартқызады.
Құран Кәрімде Мүддәсір сүресінде (74/30) кейбір ерекшеліктері көрсетіле отырып тозақ періштелері туралы келесідей мағынада баяндалады:
«Мен оны Сақарға саламын. Сен Сақардың не екендігін білесің бе? Ішіне тасталған барлық нәрсені жеп бітіретін тозақ оты, жеп бітіреді бірақ адамды өлтіріп азаптың жеңілдеуіне рұқсат бермейді. Тозақта 19 сақшы бар. Біз тозақтың сақшыларын ылғи періштелерден қойдық. Олардың санын кәпірлер үшін сынақ себепшісі қылдық. Мұны оларға кітап берілгендердің нақты сенуіне, сенгендердің имандарының күшеюіне дәнекер еттік… Алла Тағаланың қалауына бас иіп, бұйрықтарын орындайтын періштелердің санын өзінен басқа ешкім біле алмайды. Бұл, адамдарға бір ескерту.»[3]
Тозақта қызмет ететін періштелерді «зебани» деп атайды. «Ол кәпір өз жақтасын шақырсын, біз зебанилерді шақырамыз»[4] мағынасындағы аят осыны білдіреді.
Құран Кәрімде тозақ сақшылаының бірі ретінде «Мәлік» атты періште туралы айтылады.[5] Бір ғана аятта айтылған Мәлік тозақ сақшыларының басшысы ретінде түсіндіріледі. Бұл мәселеге қатысты аяттардың мағынасы төмендегідей:
«Күнаға батқандар тозақтың азабында тұрақты қалады, азаптары жеңілдетілмейді, сол жерде шарасыздыққа душар болады. Біз, осындай бір азап арқылы оларға зұлымдық жасамадық, негізі олар өздеріне обал қылды. Олар: ‘Эй, Мәлік! Өтінеміз Раббың ісімізді бітірсін, жанымызды алсын’ деп айғайлайды, Мәлік болса ‘Бұл азапты тартуға лайықсыңдар’ деп жауап береді.»[6]
Балғабек Мырзаев
[1]Зүмәр, 39/73.
[2]Рағыд, 13/23-24.
[3]Мүддәссир, 74/26-31.
[4]‘Аләқ, 96/17-18.
[5]Зухруф, 43/77.
[6]Зухруф, 43/74-77.