Ақтөбенің Байғанин ауданы Доңызтау жерінде орналасқан Жұмағали ишанның мешітінде археологиялық қазба жұмыстары аяқталды. Мұнда Құран кітабының қиындысы мен мыстан жасалған үзеңгі табылды.
Ақтөбедегі ежелгі тарихи орталықтың бірі — Доңызтау аймағы. Мұнда биыл археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Нәжижесінде Жұмағали ишан мешітінің іргетасы ашылып, конструкциялық ерекшеліктері анықталды. Қазба жұмыстары барысында Құран кітабының қиындылары мен мыстан жасалған үзеңгі табылды. ХХ ғасырдың бас кезінде салынған қазақ халық сәулет өнерінің ескерткішін сақтау мақсатында биыл консервация жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Фото: Тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығы
— Қазіргі картографиялық өлшеммен зерделейтін болсақ, Жұмағали ишан мешіті Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Дияр ауылынан 99 шақырым қашықтықта орналасқан. Тасқабақ кешені деп аталады. Мешітті халық арасында Жұмағали ишан ұстаған мешіт деп атайды. Профессор Серік Әжіғали да мешіттің салынуын Жұмағали ишанмен байланыстырады. Ишан жоғарғы білімді болған. ХХ ғасырдың басында ІІ Мемлекеттік Думада қазақтың рухани мәселелері жайлы сөз сөйлеген және ұлт мәселесі, халықтың мәдени сауатын арттыру туралы ой қозғаған. Жұмағали ишан мешіті төртбұрышты. Екі бөлмеден тұрады. Тарихқа сүйенсек, Жұмағали ишан 1860-1906 жылдары өмір сүрген көрнекті дін қайраткері. Мысыр еліндегі «Әл-Азһар» медресесінде діни білім алған. 1874 жылы қажылыққа барған Досжан ишанмен бірге елге қайтып, 1892 жылға дейін Досжан ишанның қазіргі Темір ауданы Шұбарқұдықтағы мешітінде имам болған. Кейін хазірет Досжан ишанның рұқсатын алып, ата қонысы Доңызтауға оралып, Тасқабақта мешіт салдырды. Осы мешітте дүниеден өткенше имамдық қызмет атқарып, балаларды оқытқан. Бұл мешіт Кеңес үкіметі орнаған алғашқы жылдары мектепке айналды. Кейін мал қора ретінде пайдаланылды. Доңызтау аймағынан құпия әскери база салынатын болып, аймақ жұртын көшірген соң Тасқабақтағы Жұмағали ишан мешіті күтімсіз қалған, — деді Тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығының директоры Фархад Досмұратов.
Оның айтуынша, Жұмағали Оразалыұлы кішкентайынан алғыр, зерек болған. Әкесі білім беріп, ой-танымын кеңейту үшін оны Мысырға жіберген. Ақылы білім алуына бар жағдайын жасап, малын баласына жұмсайды. Өкінішке қарай көп ұзамай ишанның әкесі қайтыс болып, Жұмағали жат елде қалады.
Фото: Тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығы
— Оған жаны ашыған ұстаздарының бірі «қаржы жетіспеушілігінен аса қабілетті бір түрік баласы оқуын үзіп алуы мүмкін» деп бай-бағландарға хабар береді. Мысыр маңындағы елді мекендердің бірінен арнайы келген бай араб Жұмағалимен тілдескен соң оның біліміне, парасатына көңілі толып, оқу ақысын төлеуге келіскен. Бірақ «медресені бітірген соң, менің қарамағыма келіп, оқытушылық қызмет атқарасың» деп талап қойыпты. Досжан хазірет Меккеге барған сапарларының бірінде осы Жұмағали туралы естіген екен. Бұл 1870-жылдардың шамасы болуы керек. Хазірет әдейілеп адам жіберіп, Жұмағалиды алдырады. Оның жайына әбден қанығып, «қаласаң сені елге қайтарудың қамын жасаймын» деп кеңеседі. Елін аңсап, уайымға батып жүрген Жұмағали үшін көктен тілегені, жерден табылғандай болды. Олар араб байымен тіл табысып, Жұмағалидың жол шығынын өтеп, елге бірге қайтыпты. Елге келгеннен кейін Жұмағали ишан Шилі мешітінде, қазіргі Досжан ишан мешітінде жастарға білім береді. Адалдығымен, сауаттылығымен, еңбекқорлығымен жұрт көзіне ілігеді. Досжан хазірет те Жұмағалиға шын сүйсініп, сұлу қызы Ұммагүлсімді беріп, күйеу бала етеді. Атасының қолында, Шилі мешітіне біраз еңбек сіңіріп, арада шашамен 10-15 жыл өткеннен кейін өз еліне, Ажым-Қаражондардың ортасына қайтады. Мұнда атасының үлгісімен зәулім мешіт салып, айналасына бау-бақша егіп, оқытушылық қызметін жалғастырады, — деді Фархад Досмұратов.
Айта кетейік, Жұмағали ишанға «панисламист, пантюркист» деп айып тағылып, абақтыға да қамалған. Ол 1906 жылы Петерборға бара жатқан жолда қайтыс болды.