Сұрақ: Бір хадисте жолдан адамдарға кедергі келтіретін затты алып тастау сауапты іс делінген. Ал біз көбіне жұма намазына кешігіп келгенде көлік қоятын орын таппай, адамдар, көліктер жүретін жерге қалдыра саламыз. Бұл күнә ма?
Жауап: Иә, мұсылман адамның жолдан басқа адамдарға зиян келтіретін немесе бөгет жасайтын затты алып тастауы – садақа. Себебі сен басқа адамның жүріп-тұруына жеңілдік жасап, оған жақсылық қылған боласың.
Ал енді адамдарға зиян келтіретін затты жерге тастау немесе қою – мұсылманға жараспас қылық. Адам өзінің оқыған намазын басқаларға міндетсінбеуі керек. Шариғатқа сәйкес оның оқыған намазы өзі үшін, яғни адам құлшылықты жеке басы үшін жасайды.
Әсіресе, көлікті басқаларға кедергі келтіретін жерге қойып кету әдеті жұма намазына асыққан уақытта жиі болады. Бұлай жасау үлкен қателік. Ол адам басқалардың жағдайын ойламай намаз оқуға кетеді. Есесіне қанша жолаушы немесе жәй көлік иелері оған қатты сөздер айтып, тіпті қарғыс айтуы да ғажап емес. Нәтижесінде қатты айтылған сөз мешітке немесе дінге яки болмаса барлық мұсылманға бағытталуы мүмкін.
Пайғамбардың (с.ғ.с.): «Шынайы мұсылман – өзгеге қолымен де, тілімен де зиян тигізбеген адам», – деп айтқан мәшһүр хадисі осыны аңғартса керек. Сондықтан мұсылман адам жұма күндері асықпай дәретін алып мешітке ерте бастан шығуы қажет.
Сондай-ақ, көлікті кептеліс немесе онсыз да тар жерге қойып кету әдеті – такси жүргізушілеріне тән дүние. Бұлай жасау әрекеті тек шариғат қағидатына емес, бәлкім адамгершілік қасиетіне теріс келмек. Сол үшін де адам көлігін басқаларға зиян тигізбейтін орынға қоюы лазым.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ