Сұрақ: Әйел адам екі қабат кезінде талақ алса не болады? Одан кейін басқа біреумен некеге тұруына бола ма?
Жауап: Адам баласының ұрпағы некелесу арқылы жалғасады. Ашуға ерік беріп ажырасу (талақ беру) – ақылды адамның ісі емес. Барынша отбасыны сақтап қалуға әрекет еткені дұрыс. Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадисінде: «Алла адал еткен істің ішіндегі ең ұнамсызы – ажырасу», тағы бір хадисінде: «Қандай да бір әйел ешқандай себепсіз еріне өзін талақ етуді сұрайтын болса, онда оған жәннаттың иісі харам болады», – деген. Орынсыз талақ беру, орынсыз талақты сұрау – шариғатта құпталмаған жағымсыз іс.
Ал аяғы ауыр әйелін бір, екі талақпен талақ еткен болса, әйелі босанбай тұрып қосыла алады. Жүкті әйелдің иддасы (мерзімі) босанғанға дейін. Күйеуі ойынан қайтса, некесін сақай алады. Абдулла ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Егер әлдебір ер адам өзінің жүкті әйелін бір талақпен немесе екі талақпен талақ еткен болса, әйелі босанбай тұрып, оны қайтаруына құқылы». Яғни, жүкті болса, босанғанға дейін неке бұзылмайды. Сол уақытта күйеуі қайта жараса алады. Күдіктен арылу үшін некесін жаңартып алғаны дұрыс.
Шариғат бойынша әйелін үш рет талақ еткен ер адам нақтылық енгізу үшін жергілікті қала, облыс мешіт орталықтарындағы пәтуа бөлімінің жетекшілеріне жүгінгені абзал.
Икрам АЙТАЕВ