Сұқақ: Жомарт деп кімді айтамыз?
Жауап: Сананы тұрмыс билеген мына заманда материалдық жағдай көп рөл ойнайды. Қолдағы мүлікті немесе ақшаны жай ғана садақа етіп басқа біреуге беру оңай шаруа емес. Себебі адамның бойындағы нәпсі мал-мүлікті қатты жақсы көреді, одан ажырағысы келмейді.
Бірақ, ислам соған қарамастан барлық уақытта садақа беруді насихаттап келеді. Өйткені садақа берудің сыры көп: нәпсіні тәрбиелеу, Алланың әміріне бағыну, малды тазарту, бәле жаладан аман болу, адамдар арасында мейірім мен достықты күшейту және т.б. Сол үшін де садақа бере білу де бір ерлік.
Бірақ, садақа бергеннің барлығын жомарт деп айта алмайсыз. Дін исламда жомарттықтың өлшемі басқа. Бұған қатысты көптеген ғалымдар кітаптар жазып, тереңнен талдаған.
Мысалы, моральдың жомарттық пен ақкөңілдік категорияларына келген уақытта Ибн Синаның пікірінше кез келген адамды жомарт немесе ақкөңіл деп айтуға болмайды. Бәлкім көп адам осылай болып көрінеді немесе басқалар солай ойласын деп тырысады.
Алайда шынайы жомарт болу әркімнің қолынан келмейтін қасиет. Шынайы жомарт адам біреуге бір нәрсе берсе немесе жәрдем көрсетсе жаны рахат табады. Басқаша айтқанда, жомарт адам қайырымдылық жасаған уақытта ақшам кетіп қалды немесе ақшам азайып барады деп ойламайды, керісінше жақсылық жасау арқылы жанына рахат береді.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ