1 қыркүйек күні Парламент Палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында көтерілген өзекті мәселелерге орай түрлі сала өкілдері өз ойларын ортаға салды.
Азат ПЕРУАШЕВ,
ҚР Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы:
– Президент Қ. Тоқаевтың Жолдауын өз мәтінінен де терең мағыналы деп санаймын. Біріншіден, қысқа ғана тезистердің астарында ауқымды мәселелер жатыр. Екіншіден, аталған мәселелердің өзі әрі қарай дамытуды қажет ететіні сөзсіз. Мәселен, ауыл әкімдерін сайлау туралы тезистің логикалық жалғасы ретінде миллион тұрғыны бар Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент секілді мегаполистер әкімдерінің де халық тарапынан сайлануын айтар едік. Бұл демократияландырудың нақты белгісі және келешегінен үміт күттіретін қадам.
Сондай-ақ, Президенттің шағын және орта бизнестің қаржы айналымын толтыру бағдармаласын ұзарту туралы тапсырмасы – қиын жағдайда тұрған бизнес өкілдері үшін өмірлік маңызы бар мәселе. Біз наурыздан бастап Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне (ҚНРДА) несиені кейінге қалдыру және оны қайта қаржыландырудың қолжетімсіздігі жөнінде бірқатар үндеу жолдап, екінші деңгейдегі банктермен жұмысты нақтылай түсуді талап еттік. Мұның бәрі орындалмады. Ал, Мемлекет басшысы Жолдауда осыны нақты айқындап берді.
Сонымен бірге, «Жер шетелдіктерге сатылмайды» дегені де өте дұрыс!
Еске салсақ, «Ақ жол» партиясы 2016 жылы жұмыс істеген Жер комиссиясына «қазақ жерінің сатылмауы ғана емес, көршілес мемлекеттердің азаматтары мен компанияларына (ол мемлекеттер белгілі) жалға да берілмеуін» ресми түрде ұсынған болатын. Ол ұсынысты комиссия белгісіз себептермен хаттамаға да қоспады. Біз бұл мәселені қайтадан көтеруге мәжбүрміз.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес, оның ішінде шетелдік банктерде есепшоты бар шенеуніктермен күрес жүргізу туралы тапсырмасы өте қажетті әрі маңызды. Осы тапсырманы үкімет мүшелерінің, әкімдердің және ұлттық компаниялар басшылығының оффшорлық шоттары бойынша банктік құпияны жою арқылы толықтыру қажет. Батыс елдері бұны жасап үлгерді және «Ақ жол» партиясы көптеген жылдар бойы бұл мәселені көтергенімен, Бас прокуратура әрдайым қарсылық көрсетіп келді.
Жолдауда көтерілген басқа да өзекті мәселелер тез шешімін табады деп сенеміз және «Ақ жол» партиясы олардың жүзеге асуына қолдау білдіруге дайын.
Әлімжан ЖАРЫЛҚАҒАНОВ,
«ҚР Ішкі істер органдарының Медиа орталығы» ЖШС-нің бас директоры:
– Ел болашағына нақты бағдар көрсетіп берген маңызды құжаттың екі тұсына ерекше тоқталғым келеді.
Оның алғашқысы – «халық үніне құлақ асатын» әділетті мемлекет құру тұжырымдамасы. Президент азаматтардың заңды мүддесін қорғау жолында әділеттіліктің бірінші орында тұратынын тағы да еске салып өтті. Жолдауда халықтың мұң-мұқтажы, сұрақтары мен мәселелерін шешуде заң үстемдігі берік ұстанбаса, елдің ешбір саласы алға қарай жылжымайтыны анық айтылды. Осы тұрғыдан келгенде құқық қорғау органдары мен сот жүйесіне артылар жауапкершіліктің арта түсетіні түсінікті.
Екіншісі – ұлттың сапасын арттыру туралы ойы. Биылғы Жолдауда «жаңарған ұлт» деген жақсы ұғым айтылды. Президент ерекше акцент қойып отырған «Ұлттың жаңа болмысы» дегеніміз не? Ол – сапалы білім, мықты экономика, денсаулық, заңның үстемдігі, адал еңбек.
Уақыттың талабы күн санап өзгеруде. Дүниежүзін дүрліктірген пандемия мен әлемдік экономиканың құлдырауы біздің де осал тұстарымызды көрсетіп берді. Әлем өзгерді, демек, бізге де ұлт ретінде, қоғам, халық тұрғысынан жаңа сапаға қадам басқанымыз дұрыс. Бұл – бүгінгі күннің талабы.
Ел дамуының бағыт-бағдарын айқындап берген Президенттің халыққа биылғы Жолдауы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» деп аталады. Осы атаудың астарында да талай мән жатыр. Зерделей қарасақ, маңызды құжат тек елге жол сілтемейді, заман мен уақыттың қатал сынына төтеп беруде нақты не істеу қажеттігін, сол жолдан қалай сүрінбей өту керектігін көрсетіп береді. Ал ол үшін құжатта тайға таңба басылғандай жазылған «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйесі мықты болуы керек.
Шерзод ПУЛАТОВ,
Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Нұр-Сұлтан қаласы Өзбек этномәдени орталығының төрағасы:
– Мемлекет басшысы жеті негізгі қағидаға негізделген жаңа экономикалық бағытты атап өтті. Олар: міндеттерді әділ бөлуге, жеке кәсіпкерлікке жетекші рөл берілуіне, адал бәсекелестік пен өнімділікті арттыруға, адами капиталды дамытуға, экономиканы көгалдандыруға, мемлекет тарапынан шешімдер қабылдауға және қоғам алдындағы жауапкершілігіне негізделген.
Ұнағаны, Президентіміз елімізде медиация институтының дамуына үлкен мән берді. Демек, бұл қоғамдағы дау-жанжалдарды, түсінбеушіліктерді шешу үшін үлкен мүмкіндік. Осы Жолдаудан кейін бұл бағыт тағы да дамиды және елімізге, халқымызға көп жағдай жасайтынына кәміл сенемін.
Бұның барлығы біздің күтіп тұрған жаңашылдықтар Мемлекет басшысы баршамыздың біртұтас Қазақстан халқы ретінде бірге өмірде ұстанатын және жүзеге асыратын ұстанымдарды нақты айқындап берді.
Қазақстан халқы Ассамблеясы және Ғылыми-сарапшылық Кеңесінің мүшелері жиналып онлайн форматта кездесіп, Президент Жолдауына тағы да бір рет қарап шығып, барлық бағыттарды бірауыздан қолдап, өз үлесін қосу туралы ниеттерін білдірді. Біз барлығымыз осындай бағыттарды жұмыс істейтін болсақ, міндетті түрде жақсылыққа жетеміз деп ойлаймын.
Мұратбек ЕРЖАҚЫПОВ,
Ақтөбе облысы әкімі баспасөз қызметінің бас маманы:
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында ел дамуының алдағы жалпыұлттық бағдары және оның негізгі басымдықтары анықталды.
Бұл жолдау алдыңғы жолдаулардан өзгерек. Ең алдымен, мемлекеттік басқару саласын реформалау мәселесіне көңіл бөлінген. Бұл, әсіресе, пандемия кезеңінде билік тарапынан кеткен кемшіліктерден анық байқалды.
Ендігі кезекте жолдауда көтерілген нақты басымдықтар азаматтарды алаңдатқан өзекті мәселелерді шешуі керек. Жолдау жүктеген міндеттерді ел тұрғындарының бірауыздан қолдап, қабылданған шешімдердің мәні мен маңызын терең түсінуі қажет деп білемін.
Қазіргі таңда қоғам биліктен түсінікті бағдарламалар және тиімді мемлекеттік бастамаларды талап етуде. Пайдалы әрі нақты іске асатын ұлттық жобалар ел дамуына зор серпін беретіні анық. Соның бірі – ішкі туризмді дамыту және сервис мәселесін қолға алу. Ендігі кезекте қаншама жылдар бойы сыртқа кеткен қаржыны елде қалдыру жайын пысықтау қажет.
Президент Жолдауында жаңа жағдайдағы экономикалық даму мәселесіне баса мән берілген. Соның ішінде заң шығарушы органдар мен мемлекеттік қызметшілер заман талабына сай, ұзақ мерзімді және ел тұрғындарына тиімді заң қабылдап, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін барынша қызмет етуі қажет.
Президент жолдауындағы ғылымды қолдау мәселесі де бәсекелестік, шағын және орта бизнесті дамыту, қазба байлыққа тәуелділікті төмендету, өндірістің жаңа көзін табу жолында ел ғалымдарына жаңаша ізденіс, соны серпін береді деп білемін.
Мемлекет басшысы аймақтарды дамыту мәселесіне де ерекше тоқталды. Соңғы жылдары халықтың сынына жиі ұшырап жүрген құқық қорғау және сот жүйесіндегі реформалар да одан әрі жалғасады. Президент жолдауында адам құқығы, тұрғындардан түскен арыз, талап-тілектерге уақытында жауап беру мәселесі зор маңызға ие болып отыр. Оны осы саладағы кемшіліктер мен олқылықтарды өзгертуге және түп-тамырымен жоюға арналған тың бастамаларынан анық байқаймыз.
Мемлекет басшысының әлеуметтік бағыттағы білім беру және денсаулық сақтау салаларын дамытуға арналған батыл бастамалары да ел көңілінен шықты деген сенімдемін. Ел басына түскен пандемия кезінде бұл бағыттар бойынша жұмыс тәсілін қайта жаңғырту қажеттігіне көз жеткіздік.
Білім, медицина, мемлекеттік бағдарламаларды цифрландыру және мемлекеттік қызметті алуды оңайлату да үлкен мәселе болып отыр. Бұл жолдауда қоғамда қызу талқыға түскен экологиялық білім және жан-жануарлар дүниесін қорғау мәселесі де назардан тыс қалмаған.
Осының бәрі Мемлекет басшысы көтерген «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының өзектілігін білдіреді. Бір сөзбен айтқанда, Президент Жолдауы нақты басымдықтарды негізге ала отырып, жан-жақты пысықталған, еліміздің дағдарыстан кейінгі даму бағытын және ұлттық басымдықтарды анықтап берген, халықтың сеніміне толық ие болған басты құжат деп айта аламын.
Дайындаған Руслан БЕГЕН