Жолаушының ауыз бекіткені абзал ма, әлде ашқаны абзал ма? Өткенде бір жігіт «сапар кезінде ораза ұстау тақуалық емес. Сондықтан ораза ұстауға болмайды. Пайғамбарымыз «Сапарда ораза ұстау – жақсылық емес» деп айтқан» деді. Егер шамамыз жетсе ұстағанымыз дұрыс па, әлде ауызды ашу абзал ма? Бұған қатысты басқа дәлелдер бар ма?
Иә, мұндай хадис бар екені рас. Бірақ ислам құқығында пәтуа бір хадиске ғана негізделмейді. Қндайда бір мәселеге байланысты пәтуа берер кезде сол мәселеге қатысты айтылған өзге де Құран аяттары мен хадистер толық қарастырылып, содан кейін ғана мәселенің шешімі шығарылады.
Негізі «жолаушы кезде ораза ұстау абзал ма әлде ұстамаған артық па?» деген мәселеге қатысты келген хадистер әр түрлі болғандықтан фақиһ ғалымдардың оған қатысты пәтуалары да әр келкі келген. Ғалымсдардың шешімдерінен бұрын осы хадистерге қысқаша тоқтала кетейік. 1. Ауызды ашуға қатысты хадистер:
«Алла елшісі (с.а.с.) Меккені азат етуге бет алған сапарында, Қураул-Ғамим деген жерге барғанша ораза ұстады. Жанындағылар да тегіс ауыз бекіткен болатын. Пайғамбарымызға: «Оразадан жұрт қиналып кетті, бәрі не істерін білмей сізге қарауда», – деген кезде, бір ыдыспен су алдырып, екінті уақытында су ішті. Бұны жанындағыларға көрсетіп істеді. Оразаға жанындағылардың көбі шыдай алмағандықтан, өзі оразасын бұзып, әрі басқаларға да бұзуды бұйырды. Осыған қарамастан әлдекімдердің ауыздарын ашпағандығы айтылғанда, «Олар бағынбағандар», – деді» (Бұл хадис Мүслим, Нәсаи мен Тирмизидің кітаптарында риуаят етілген: Нәйлул-әутәр, 4-т., 266-б.).
Сахаба Әнас былай деген: «Бір сапар кезінде Алла елшісімен бірге едік. Арамыздағы кейбіреулер ораза ұстады, ал кейбіреулер ұстамады. Аптапты ыстық күнде бір жерге аялдадық. Үстінде киімдері барлар киімдерін көлеңке ретінде қолданды, ал киімі жоқтар қолдарымен көлегейленді. Бір кезде ораза ұстағандар талықсып құлады. Аузы берік еместер шатырларды құрып, жануарларды суғарды. Сол кезде Пайғамбарымыз: «Бүгін сауапты ауыз бекітпегендер алды» деді. (Бухари, Жихад: 71; Муслим, Сиям: 100)
Сахаба Жәбир былай дейді: «Пайғамбарымыз бір сапарда еді. Айналасына адамдар үймелеп қалған бір кісіні көрді. Олар оны көлңкелеуге тырысып жатты. Сонда Пайғамбарымыз: «Оған не болған?», – деп сұраған кезде ол жердегілер «Оның аузы берік», – деп жауап берді. Сол кезде Алла елшісі «Сапар кезінде ораза ұстау ізгілік емес», – деді (Бухари, Саум: 36, Муслим, Сиям: 92).
- Ауыз бекітуге болатындығына қатысты хадистер:
Айша анамыз былай дейді: «Хамза ибн Амр әл-Әслами Пайғамбарымыздан сапар кезінде ораза ұстау жайлы сұрады. Ол өзі көп ораза ұстайтын кісі еді. Пайғамбарымыз «Қаласаң ұста, қаласаң ұстамай-ақ қой» деп жауап берді (Бухари, Саум: 33; Муслим, Сиям: 103).
Әнас (р.а.) былай әңгімелейді: «Біз Алла елшісімен бірге сапарда едік. Кейбіреулеріміздің аузымыз берік, кейбіреулеріміздік ашық еді. Не ораза ұстаушылар ауыз бекітпегендерді, өз кезегінде аузы беріктер ораза ұстаушыларды айыптамады» (Бухари, Саум:37; Муслим, Сиям: 98)
Хамза Ибн Амр Пайғамбарымыздан өзінің жас әрі қуатты екендігін, рамазан айында ораза ұстау кейінге қарызға қалдырғаннан жеңілірек келетіндігін айта келе, мұндай жағдайда ұстаған абзал ма әлде ұстамағанның сауабы көп пе де сұрағанда Пайғамбарымыз: «Бұл – Алла тағаланың рұқсаты. Кімде-кім сол рұқсатты қоланса, жақсы іс жасағаны, ал кімде-кім ораза ұстағысы келсе, ол – күнә емес» деген (Нәсәи, Сиям, 57).
Имам Ахмад бірінші айтылған хадистерді және ораза кезінде ауыз ашуға рұқсат берген Құран аятын негізге ала отрып, ораза кезінде ораза ұстамау абзал саналғанымен, ораза ұстауға рұқсат екенін айтқан. Ал өзге үш мәзхаб имамының көзқарасында ораза ұстау, ұстамағаннан абзал.
Ханафи, шафиғи және мәлики мәзһабының имамдары бір-біріне сырт көзге қарағанда қайшы секілді көрінген хадистерді бірлестіре отырып, шешімдерін түйіндеген. Олар жоғарыда ауыз ашуға қатысты келген хадистердің сыртқы мағынасын емес, көзделген негізгі мағынасын негізге алған.
Мәселен, алғашқы хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.) дұшпанмен бетпе-бет келген кезде күштірек болулары үшін сахабаларына оразаларын бұзуды әмір еткен. Тіпті өзі бәріне үлгі ретінде көрсетіп тұрып аузын ашқан. Неге десеңіз, дұшпанмен шайқаста әлсіреп қалмау үшін, оразаны бұзу ұстаудан абзал.
Екінші «сапар кезінде ораза ұстаудың игілік емес» екендігін айтқан хадисті оның айтылу себебіне мән бере отырып, бұл хадисті Алла тағала ораза ұстамауға рұқсат бергеніне қарамастан, адамның сапар кезінде ораза ұстау арқылы өзін жол жүре алмайтандай деңгейде әлсіздікке душар етуінің құптарлық іс емес екенін білдіру үшін айтқан.
«Бұгін сауапты ауыз бекітпегендер алды» деген хадисте де сапардағы жағдай ауырлап, адамның әл-дәрмені қалмай, қалжыраған кезде ораза ұстамағандардың көбірек сауап алғандықтарын айтқан.
Негізінен ораза ұстамауға қатысты айтылған хадистердің себебптеріне үңілген кезде қиындық туындаған жағдайға қатысты айтылғандығын аңғару қиын емес. Сондықтан да үш мазһаб имамдары денсаулығы көтеретін, сапар аса қиындық туындаптайтын кісілерге ораза ұстаудың абзал екендігін айтқан.
Сондай-ақ Құранда:« Парыз ораза санаулы әрі белгілі күндерде ғана өтеледі. Араларыңнан әлдекім ауырып қалып немесе сапарда жүріп ораза ұстамаса, (қаза болған күндерін) басқа уақытта ұстасын!» («Бақара» сүресі, 184-аят.) деп ораза ұстамаудың рұқсат екендігін айта келе жолаушы қатты қиналмайтын немесе зиян шекпейтін жағдайда ораза ұстаудың абзалырақ екендігі осы аяттың жалғасында «Ораза ұстауларың сендер үшін жақсырақ» («Бақара» сүресі, 184-аят.) деп баяндаған.
Сонымен қатар жолаушының оразасын кейінге қазаға қалдырғанына қарағанда, рамазан айында жұртпен қатар ораза ұстауы жеңілірек әрі рамазан айының берекетінен құр қалмау үшін ораза ұстағаны абзал саналған.
Әрине сапар шегудің өзіндік қиындықтары мен ауыртпалығы бар екені рас. Сондықтан, жолаушыларға көп жағдайларда жеңілдік жасалған. Намаздарды қысқартып оқуға рұқсат берілсе, орындалуы қиындау саналған ораза құлшылығын ұстамауға да рұқсат берілген.
Мына мәселені де ескерген жөн. Бұрынғы кездері сапар өте қиын, машақатты іс саналатын. 90 км-дің өзін аптаптың ыстығында жүріп өту оңайға соқпайтын. Қазір сапарда оншалықты ауыр машаққат жоқ. Бірақ соған қарамастан кейбір адамдар сапарда қиналамын деп, ұстаған оразаларын ашып жіберсе, олар кәффарат емес, сол күннің қазасын ғана өтейді.
Алау Әділбаев