Сұрақ: «Жиһад» ұғымы қандай жағдайда «соғысу» мағынасында қолданылады?
Жауап: Біз алдыңғы жауабымызда «жиһад» сөзінің жалпы мағыналарына тоқталсақ, бұл жолы қандай жағдайда «соғыс» мағынасында қолданылатыны турасында қысқаша түсініктеме берелік.
Расында да «жиһад» сөзінің мағыналарының бірі шынайы «соғыс» мағынасын да қамтиды. Бірақ, бұл сөзді «соғыс» мағынасында түсіну үшін арнайы шарттар бар.
Мысалы, мұсылман мемлекеті сырттан төнуі мүмкін шабуыл қатерінен сақтанып, мемлекеттік деңгейде жарғы жасалып, соғысқа әзірлік деген мағынаны беруі қажет. Бірақ, бұл төтенше жағдайдың бір шарты бар, ол – жиһадты тек мемлекет басшысы жариялайды.
Жиһад бір мемлекет пен екінші мемлекет арасында болады. Оған ислам ғалымдары кеңесіп, ортадан пәтуа шығарады. Кейін бұл пәтуа барлық мұсылмандарға тарқатылады. Қазіргідей кез келген адам қалаған уақытында топ құрып, өз бетінше жиһад жасауы мүмкін емес. Сол сияқты бір топ бір мемлекетке қарсы жиһад жария ете алмайды. Мемлекетке қарсы соғысты тек мемлекет жасайды. Әйтпесе, әр адам өзі қалағандай бірнеше пікірлестің басын қосып, соғыс ашатын болса, дүние не болмақ? Ислам бұған қатаң тыйым салады.
Ислам тарихында пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ешбір қауымға яһуди, христан яки болмаса пұтқа табынушы деп шабуыл жасаған жоқ. Оларға: «Менің дінім өзіме, сендердің діндерің өздеріңе», – деп тең қарады («Кәфирун» сүресі).
Ал енді мұсылмандарды соғысқа жігерлендірген аяттарға келсек, бұлар негізінен соғысудан басқа шегінер жер жоқ, мәжбүрлі түрде басталған соғыстарға қатысты түсті. Құран мен сүннетке сәйкес мемлекеттер арасындағы қарым-қатынас бейбітшілік байланысқа негізделген.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ